Еліміздің әлемдік дағдарыстан қиналмай өтуіне әр партия да үлес қосуы тиіс

ОРАЛ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Еліміздің әлемдік дағдарыстан қиналмай өтуіне әр партия да үлес қосуы тиіс.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Астана қаласында сәуірдің 6-сында «Нұр Отан» ХДП мен «Ақ жол» партиясы арасында экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында меморандумға қол қойылған болатын. Сондықтан барлық мәселені бірлесіп шешудің маңызы зор. Оның үстіне Қазақстан алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге әзірленуде. Осыған орай көппартиялылық үрдісін дамыту да ? алда тұрған мақсат-міндеттің бірі. Ә.Бәйменовтің айтуынша, осы сапардың қорытындысына сәйкес партияның іс-шаралар жоспарына батысқазақстандықтар ұсынысы да енгізілетін болады. Кездесу барысында «ақжолдықтар» өз пікірлерін білдіріп, журналистер сауалдарына жауап қайтарды. Белгілі қайраткер, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жөнінде өз толғанысын жеткізді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «БАҚ туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға қатысты ұсыныс-пікірлер де айтылды.