Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты айқын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайы өтті. Бұл жолы халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында қанат жайған алқалы жиын Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын тұжырымдамалық идеяларға негізделді.

Құрылтайға қатысушылар 21-22 маусым күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде, Әзірет Сұлтан мешітінде және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында болып, «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қойды, «Этноауыл» кешенін аралап, Астана - Опера театрында «Қыз Жібек» операсын тамашалады.

Мерекелі құрылтай Тәуелсіздік сарайында салтанатты жағдайда ашылды. Оны қысқаша сөз сөйлеп ашқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақтар қатысып жатқанын, олардың 350-і әлемнің 39 елінен келген қандастарымыз болып табылатынын баяндады. Қатысушылардың 60 пайызын 35-ке дейінгі жастар құрайды. Бұлардың арасында алдыңғы төрт құрылтайға қатыспаған 8 елдің азаматтары да бар. Делегаттардың дені - ғылыми-шығармашылық, педагогика, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының өкілдері екен.

Келесі кезекте Елбасы Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды. Ол өзінің сөзін алыста жүрген қандастарымыздың ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпау үшін барын салатын қасиеттерін айта келіп, бұл үшін сол жастардың ата-аналарына ризашылығын білдірді. Тарихи отанынан жырақта жүрген бауырларымыз бір тамырын атамекенге жайып, туған елімен байланысты нығайтуға күш салады. Бұл құрылтай баламалы энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін ашып көрсететін ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында өтіп отыр.

- Біз әдейі осылай байланыстырдық. Себебі бұл - Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударып отырған үлкен шара, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. - Біз қандас бауырларымыз атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп Сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Бар болғаны 15 жылдың ішінде бой көтеріп, дүниені таңқалдырған елордамыз - Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық. Кеше жаңадан салынған театрда болдыңыздар, Қазақстанның марқайған, көркейген астанасын көрдіңіздер, әлі де аспай-саспай, елге келіп, аунап-қунап, біраз көріп қайтыңыздар.

- Алғашқы құрылтайдан бері, міне, 25 жыл уақыт өтті. Бәрі менің есімде. Адам бастан кешпеген қиындықтарды көрдік, - деді Президент сөзінде. - XX ғасырда қазақтың басынан кешпеген зұлматы жоқ. Бізге тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылы да оңай болған жоқ. Ресей патшалығы мен Кеңес Одағы аясында 150 жылдан артық уақыт бодан болдық. Түрлі зобалаңдарды бастан өткердік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикамыз тұралап, 2 миллион халық жұмыссыз босып қалды. Не жалақы, не зейнетақы төлей алмай, тақырға отырып қалған кездер болды. Дегенмен, күллі қазақтың жұмыла жұдырық болып бірігіп, ел болып жұмыс істеуінің арқасында келелі, үлкен табыстарға қол жеткіздік.

Жалпы орташа деңгейде өмір сүретін халықтардың көрсеткішіне қол жеткіздік. Сөйтіп, 40 пайыздық кедейшілікті 3 пайызға дейін төмендеттік. Тәуелсіздік жылдар ішінде экономикамызды 22 есе өсірдік. Елдің табысы да 20 есе артты. Бүгінгі қазақтың жағдайы, өмірі, тұрмысы еш­уақытта қазақ тарихында болған емес. Бұл - тарих тұрғысынан қас-қағым сәт деп айтуға болады, бірақ тұтас дәуірге татитын дәуір болды деп айтатынымыз осы. Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын. Бұл жолдан да біз өттік.

Келесі кезекте Н.Назарбаев елімізді нығайту жолында бес институттық реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылып жатқанын сөз етті. Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялап, оның бес басымдығын айқындап алдық. Конституция­ға реформалар жасап, саяси жаңғыртуды жүзеге асырып жатырмыз. Жаңа ұрпақты қалыптастыруға бағытталған алты бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Мұның біріншісі - қазақ тілін латын алфавитіне көшіру. Бұл - ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге бірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтас­тығын қалыптастыратын бірегей қадам. Үкімет шетте жүрген және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құруы керек және іскер қазақстандықтар осы қорға қолдау көрсету керек деді Елбасы.

Құрылтайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының Төрағасы болып қайта сайланды. Ал Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы Төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Мемлекет басшысы бұл қызметті 2004 жылдан бері атқарып келген Талғат Мамашовқа жемісті жұмысы үшін алғыс айтты.

Алқалы басқосудан кейін құрылтай қонақтары «ЭКСПО-2017» көрмесімен танысты.