Еліміздің ішкі жүк тасымалдау мәселесіне баса назар аудару қажет - Көліктік бақылау комитеті

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда Көліктік бақылау комитеті өзінің бірқатар міндеттерін кеден органдарына тапсырып, еліміздің ішкі жүк тасымалдау мәселесіне баса назар аударуды көздеп отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде өткен «Көліктік бақылау: бүгін және ертең» тақырыбындағы «дөңгелек үстелдің» жұмысы барысында Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметі бойынша, бүгінде елімізде бар 67 көліктік бақылау бекеттерінің 42-сі (60 пайызы) шекара аумағында орналасқан. «Бұл жерде шекараға қарағанда, ел ішіндегі көліктік қатынастарының 9 есе артық екендігін атап өту қажет. Осы және көліктік бақылау қызметкерлерінің аздығын ескере отырып, біз комитеттің бірқатар міндеттерін кеден органдарына тапсыруға шешім қабылдадық. Қазіргі кезде бұл мәселені қамтитын арнайы заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді», - дейді Ә.Барменқұлов.

Комитет төрағасы атап көрсеткендей, осыдан кейін еліміздегі 35 стационарлық бақылау бекеттерін 6 негізгі транзиттік жолдарға жұмылдыру жоспарланған. Оған қоса, арнайы жылжымалы тексеру қызметтерінің жұмысы ұйымдастырылмақ. Олар стационарлық бекеттерден тыс жерлерде көлік тоқтатып, тексеріс жүргізе алады. «Отандық көліктік бақылау құрылымын түбегейлі өзгерту арқалы біз 16 аумақтық инспекцияны 7 өңірлік бақылау инспекциясына қайта құруды жөн көрдік. Осымен біз еліміздің ішкі жүк тасымалдау мәселесіне баса назар аударуды көздеп отырмыз», - дейді Ә.Барменқұлов.