Еліміздің Конвенцияға қатысуы Қазақстанда берілген теңізші төлқұжатын басқа мемлекеттердің аумағында тануға мүмкіндік береді

АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы №185 конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті.

Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясын іске асыру мақсатында әзірленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Осы Конвенция 2003 жылы қабылданған және үлесіне әлемдік флоттың 60,7 пайызына келетін 61 мемлекет ратификациялаған Теңізшілердің ұлттық жеке куәліктері туралы конвенцияның (1958 жылғы) орнына 2005 жылғы ақпанның 9-да күшіне енді.

Бүгінгі күні Конвенцияны 15-тен астам ел бекіткен. Оның ішінде Ресей мен Әзірбайжан ратификациялады.

Теңізшінің жеке куәлігі міндетті құжат болып табылады, онсыз экипаж мүшелері шет елдерге жүзетін теңіз кемелерінде жұмыс істей алмайды. №185 Конвенцияны басқа мемлекеттердің белсенді ратификациялауы аясында Казақстанда осы халықаралық құжатың болмауы Қазақстан Республикасының теңізші азаматтарының қазақстандық кемелерде немесе шетелдік компаниялардың кемелерінде жұмыс істеуін қиындатуы ықтимал немесе оған мүмкіндік бермейді.

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында ғана тікелей қолданыста болады. Соған орай Қазақстанда сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы құзыретті орган берген теңізші паспорттарын шетел мемлекеттерінің тануы мәселесі шешілмеген. Осыған байланысты еліміздің Конвенцияға қатысуы Қазақстанда берілген теңізші паспортын басқа мемлекеттердің аумағында тануға мүмкіндік береді.

Қазақстанда теңізші паспорты деп аталатын тиісті құжат Конвенцияда теңізшінің жеке куәлігі ретінде көрсетіледі. Бұдан басқа, теңізші паспортының үлгісін бекітуге Қазақстан Үкіметінің құқық өкілеттігін айқындайтын Заңға қарағанда, Конвенцияда құжаттың нысаны мен мазмұнына қойылатын тиісті талаптар тікелей бекітіледі.

 «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес Конвенция ратификациялауға жатады.

Конвенция ережелерін іске асыру (Ұлттық электрондық дерекқор, Үйлестіру орталығын құру, теңізшілердің жеке куәліктерін әзірлеуге және бақылауға арналған қажетті жабдықты сатып алу) үшін республикалық бюджеттен 120 млн. теңге сомасында қаржылай шығындар талап етіледі.

Бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді.