Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында мәлім етті.
«Оңтүстік өңірлердің энергиялық тапшылығын шешіп, электр энергиясына деген тәуелділіктен босату үшін Үкімет биылғы жылы 1 мың 300 мегаватт қуаты бар Балқаш ЖЭС-тің бірінші модулінің құрылысын қамтамасыз етеді. Жобаның құны 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайды», - деді Елбасы.
«Бұл - өте маңызды. Қарқынды дамып келе жатқан оңтүстік өңір энергияға тапшы. Сондықтан бұл тұрғыда біз ешкімге тәуелді болмауымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар көптеген мәселені шешетін болады», - деп тоқталды Президент.
Осы орайда Елбасы Балқаш ЖЭС-і бойынша барлық инвестициялық мәселелер шешілгені, енді оның құрылысы тұрғысындағы жұмысты жеделдету керектігін қадап айтты.