Елмен бірге есейіп келе жатқан жастарға 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияда үлкен үміт артылып отыр - А.Нұралы, БҚО

ОРАЛ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Келешегіне кемел үмітпен көз тіккен, өнегелі өткені бар, өр мінез ұлтымыздың ұлықты ұрпақтарына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыстың қыраулы күнінде болашағымызды бағдарлап, баянды болу жолындағы тағы бір міндеттерді жайып салды.

Осыған дейінгі жасалынған жұмыстарды тізбектей келе, біткен іске тоқмейілсімей, алдыңғы күннің жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс жасау керек екендігін баса айтты. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының кеңесшісі Ажар Нұралы мәлім етті.

-Еліміздің қарыштап дамуына үлкен септігін тигізіп, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, өзге елдермен иық тірестіруге негіз болған осыдан 15 жыл бұрын жарияланған «Қазақстан - 2030» стратегиясының жүйелі, жоспарлы түрде орындалғандығын, аздаған істер ғана орындалуды күтіп тұрғандығын басты назарға алып, ендігі топтамалы жоспарлы қадамды 2050 жылға дейінгі істермен жалғастыруды жөн көрген Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Әрине, бірқатар маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген бұл Жолдау, жаңа стратегия - болашақтың бағдаршамы іспеттес, деді А.Нұралы.

Бұл орайда біздің түйгеніміз 2030 стратегиялық бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтаған қазақ елі жаңа белестерді бағындыруға көшті деген ұғымға сай келіп отыр.

Елбасы таразылаған бұл Жолдауда, баршамызға мәлім болғандай,  қалыптасқан Қазақстан - мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы, ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері туралы айтылып, атқарылған істерге есеп берілсе, Қазақстан-2050  стратегиясы - жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты деп топшыланып, Тәуелсіздіктің 21 жылы ішінде әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алып, тамаша нәтижелерге жеткен еліміздің болашақ жоспары айқындалды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауымен, жаңа саяси бағытымен  бөлісе отырып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек ететін әрбір қазақстандықтарға тапсырма берді деп қабылдауымыз жөн болар. Бұл орайда «Нұр Отан» партиясының алдында да үлкен міндеттер тұрғаны мәлім. Осыған дейін партиямыздың сайлауалды тұғырнамасында берілген уәделерімізбен қатар, енді алдағы уақытта Елбасының жариялаған жаңа стратегиясымен де жұмыс жасамақшымыз. Сонымен, жаңа 2013 жылға Елбасымыз бекітіп берген жаңа саяси бағытпен қадам басамыз. Әрине, бұл жолда жастарымызға мүмкіндік жасалып, болашақ ұрпақ үшін ұтымды ойлар, тәжірибелі істердің жиынтығынан мақсаттар мен міндеттер топшыланды. Жастардың жан-жақты білім алып, кәсіп үйренулеріне толық жағдай жасалған. Елмен бірге есейіп келе жатқан жастарға 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияда үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан оттай ыстық Отанымыздың гүлдене түсуі үшін барлық күш-қайратымызды біздің партиямыз да жастармен бірге жұмсауға сақадай сай.

Жеті үлкен бөлімнен тұратын батпанды міндеттердің жаңа парадигмасы жасақталған бұл стратегияның әрбір бөлімінің маңызы зор. Әлемдегі алпауыт елдердің санатына қосылып, жай қосылып қана қоймай, ондағы өзіміздің лайықты орнымыздың биікте екендігін дәлелдеу нысандары да айқындалғанына көзіміз жетіп отыр. Елді алға қарай жетелейтін осы жеті бағыт бүгінге дейінгі жеткен жетістіктерді жалғастыруы шарт. Осы жылдарда жалпы ішкі өнімнің үлесі 7 есеге артты. Ел экономикасына 160 миллиард АҚШ доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды. Мемлекет басшысы оның Орталық Азиядағы ең үлкен инвестиция екендігіне ерекше мән берді. Әрине, бұл - елдегі татулық пен тұрақтылықтың арқасы.

Президенттің баршамыздың алдымызға қойып отырған міндеттері мені үлкен ойларға жетелейді. Ол - ең алдымен жариялылық пен мемлекет ретіндегі тұтастығымызды бекемдей түсудегі қадамдар. Өйткені, осы жылдан бастап селолық және ауыл әкімдері сайланатын болады. Сосын қала және аудан деңгейіндегі әкімді де сайлау тәртібімен анықтайтын боламыз.

«Иә, тұтастай алғанда, ел бірлігі мен халық тұтастығының маңыздылығынан басталып, елімізде өмір сүріп отырған әрбір халықтың бейбіт тұрмыс кешуі, олардың әл ауқатының жақсы деңгейде болуының маңызды екендігі, сонымен қатар туған еліміздің қасиетті тілінің жетімсіремей, өз елінде қадірін қашырмау әрбір ел азаматының міндеті екендігіне баса айқындылық танытқан Елбасымыз Жолдауда сонымен бірге ішкі, сыртқы саяси тұрақтылық, экономикалық даму, әлеуметтік жағдайдың тұрақты қалыпқа түсуі, жаңа бағыттармен, жасампаздық, жаңашылдықпен елімізді одан әрі өркендету сынды істерді игілікпен атқаруымызды тапсырды. Болашақтың іргесін бірге қалауда белсенділік танытып, айқын мақсатқа жетер жетістіктерімізді ортақ табыспен сәйкестендіру керектігін, яғни жұмыла жұмыс жасау әрбір қазақстандық үшін маңызды екендігін санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек. Себебі ата-бабамыз осы ортақ бірлігінің арқасында далиған дархан даламызды бүгінгі ұрпақ, яғни бізге мирас етті, енді оны келер ұрпаққа тапсыру - аманатымыз. Аманатқа қиянат жасап жүрмейік» деп түйіндеді ойын А.Нұралы.