Оның айтуынша, реформаның басты мақсаты – қарыз алушыларға көрсетілетін көмекті неғұрлым қолжетімді әрі түсінікті ету, сондай-ақ олардың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупін барынша азайту.
- Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мен азаматтарды банкроттық мәселесі бойынша сүйемелдеу тетігінің барлығы қаржы омбудсманының базасында құрылатын Қарыздарды реттеу жөніндегі бірыңғай орталыққа біріктіріледі. Азамат үшін бұл – қарызды өтеудің қолайлы шартын таңдаудан бастап заңда көзделген өзге рәсімдерді қолдану мүмкіндік беретін орталық болады, – деді ол.
Агенттік қаржы омбудсманының жаңа жұмыс қағидаларын 27 шілдеде бекітті. Олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа жүйенің негізгі құралдарының бірі – «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін finkelisim.kz цифрлық платформасы. Ол бірнеше кредитор алдында мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қарызын бірыңғай рәсім арқылы реттеуге мүмкіндік береді.
Платформаны екі және одан да көп кепілсіз тұтынушылық несиесі бар, 90 күннен астам уақыт бойы төлем жасамаған адамдар пайдалана алады. Кредиттері бойынша жалпы берешек көлемі 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы тиіс. 2026 жылы бұл – 648 мыңнан 6,9 млн теңге аралығы. Өтініш берілгеннен кейін жүйе белгіленген талаптарға сәйкестікті автоматты түрде тексереді. Одан кейін банктер мен коллекторлар ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алуды уақытша тоқтатады. Әр несиені жеке қарамай, отбасының жалпы табысына қарай бірыңғай төлем кестесі жасалады.
Агенттіктің болжамына сәйкес, алғашқы кезеңде жаңа тетік шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушыны қамтиды.
- Платформаның басты әлеуметтік маңызы – әрбір несие жеке қаралмайды, керісінше қарыз алушының жалпы борыштық жүктемесі бағаланады. Бұл шын мәнінде жеңіл төлем шарттарын таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін ұзақ мерзімдер мен ай сайынғы төмен төлемдер қарастырылған, – деді Александр Терентьев.
Платформа келесі кезеңде жеке сот орындаушыларының жүйесімен, кейін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және жеке тұлғалардың банкроттығы тетіктерімен біріктіріледі. Соның нәтижесінде сотқа дейінгі реттеуден бастап ықтимал банкроттыққа дейінгі бүкіл процесс бірыңғай жүйенің құрамына енеді.
Жұмыстың жеке бағыты мүгедектігі бар адамдарға арналған. Бүгінде Қазақстанда 105 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың жалпы сомасы 262 млрд теңге болатын несиелік қарызы бар. Оның ішінде 26,3 мың адамның кредиті проблемалық саналады. Тек Алматының өзінде осы санаттағы шамамен 10 мың тұрғынның мерзімі өткен қарызы бар, оның жалпы көлемі - 8,6 млрд теңге.
Осы мәселені шешу үшін агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Әділет министрлігімен бірлесіп І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қарызын кешенді реттеу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосқан. Ол бойынша мүгедектігі бар азаматтың табыс деңгейі, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы мен өзге де өмірлік жағдайлар ескеріледі. Қарыз алушының жағдайына қарай қарызды қайта құрылымдау, төлемдерді кейінге қалдыру, несие мерзімін ұзарту немесе ай сайынғы төлемі 5–10 мың теңге болатын жеке өтеу кестесі ұсынылады.
Еске салайық, «Стоп-кредит» қызметін 6,3 млн адам пайдаланған.