Елімізде көмір өндіретін 30 кәсіпорында 32 мыңнан аса адам еңбек етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жыл сайын 31 тамызда Шахтерлер күні аталып өтеді, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, бүгінгі таңда да шахтерлер еліміздің дамуына шешуші үлес қосып келеді. Кенші еңбегі — нағыз ерлік. Жер қойнауынан пайдалы қазбаларды өндіру жоғары біліктілікті ғана емес, толықтай жанқиярлықты қажет етеді.
— Елімізде 30 көмір өндіретін кәсіпорында 32 мыңнан астам адам еңбек етіп, жыл сайын 100 миллион тоннадан астам көмір өндіреді. Соның арқасында сала еліміздегі электр энергиясының 70%-ын өндіруді қамтамасыз етіп, коксохимия өндірісін толық жүктейді, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында энергетикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, өнеркәсіп дамып, Қазақстанның экономикалық әлеуеті нығая түсуде, — деп атап өтті министр.
Ерлан Ақкенженов сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
— Қазақстандағы көмір өнеркәсібінің тарихы оның бастауында тұрған адамдардың есімдерімен тығыз байланысты. Дәл осы ардагерлер берік негіз қалап, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, еңбектің қауіпсіздік мәдениеті мен даңқты дәстүрлерін қалыптастырды. Барлық кеншілер мен көмір өнеркәсібі ардагерлерін нағыз ерлік, төзімділік пен жанқиярлық еңбектің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, құрметке бөлене берсін! — деді ол.
Осыдан бұрын Президент атынан шахтерлерге жоғары мемлекеттік наградалар тапсырылғанын жаздық.