Астанада XIII «Poultry Hub Kazakhstan 2026» қазақстандық халықаралық құс өсірушілер форумы өтті. Қазақстан Құс өсірушілер одағы ұйымдастырған халықаралық салалық алаң дәстүрлі түрде отандық және шетелдік сарапшыларды, өндірушілерді, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, тәжірибе алмасу мен саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов құс шаруашылығы саласының тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Бүгінде бұл сала еліміздегі мал шаруашылығының негізгі бағыттарының біріне айналған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жылына 4,5 млрд дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы жұмыртқа бағытындағы 37 өнеркәсіптік құс фабрикасы және жалпы өндірістік қуаты 505 мың тонна болатын ет бағытындағы 32 құс фабрикасы жұмыс істейді. Отандық өндірушілер ішкі нарықтың тағамдық жұмыртқаға деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр, ал құс етімен қамту деңгейі 78 пайызға жетті.
Вице-министрдің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен бизнес қауымдастығының басты міндеттерінің бірі — 2030 жылға дейін құс еті бойынша импортты толық алмастыру. Осы мақсатқа жету үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы жылдары бірқатар ірі құс шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік қуаттары іске қосылып, кеңейтілді. Алдағы уақытта құс еті өндірісінің қуатын тағы 220 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр.
Ірі жобалардың қатарында Алматы облысындағы «Aitas» акционерлік қоғамы мен Жамбыл облысындағы «Алель Агро» акционерлік қоғамы өндірістерін салу және кеңейту жобалары бар. Бұл жобалардың жалпы өндірістік көлемі 170 мың тонна.
— Аталған жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтамасыз етуге және еліміздің экспорттық әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Мемлекет салаға қолдау көрсету шараларына ерекше көңіл бөлуде.
Құс фабрикаларын отандық асыл тұқымды материалмен қамтамасыз ету мақсатында бірінші және екінші деңгейлі репродукторларды құруға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері жаңартылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие беру жұмыс істейді.
2025 жылғы желтоқсаннан бастап құс шаруашылығы кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды.
Несие қаражаты жем-шөп пен жемдік қоспаларды, жанар-жағармай материалдарын сатып алуға, еңбекақы төлеуге, ветеринариялық препараттар мен жем дайындайтын және тарататын техника мен жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектерді алуға жұмсалуы мүмкін.
Бүгінгі таңда жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге 7 құс фабрикасы қаржыландырылды.
2026 жылы ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуға 28 млрд теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Бұдан бөлек, бір тәуліктік балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқаларды сатып алу шығындарын арзандатуға 1 млрд теңге бөлінді.
Өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыру мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы құс шаруашылықтарына белгіленген бағамен сатылатын көлемі 201 мың тонна жемдік астықтың резервтік қоры қалыптастырылды. Сонымен қатар отандық өндірушілерді маусымдық өндіріс өсімі кезеңінде қолдау үшін 2026 жылғы 21 сәуір мен 21 қазан аралығында Қазақстанға тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша шектеулер енгізілді.
Вице-министр экспорт нарықтарын кеңейту мәселесіне де тоқталды. Қазіргі уақытта қазақстандық құс шаруашылығы өнімдері Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Әзербайжанға, Моңғолияға және Катарға экспортталуда. Сала үшін маңызды қадамдардың бірі — Қытай Халық Республикасына құс етін экспорттау жөніндегі хаттамаға қол қойылуы болды. Қазіргі таңда қытайлық тараппен бірлесіп, ірі қазақстандық құс фабрикаларын ҚХР экспорттаушыларының тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Форум аясында еліміздің жетекші құс шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.
Айта кетелік елде құс етін нитратсыз 20 күнге дейін сақтайтын жаңа технология енгізілген еді.