Елімізде остеопаттардың қызметі қалай реттеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда остеопаттардың қызметі лицензиялана ма және мұндай мамандарға қандай талап қойылады? Бұл туралы Kazinform сауалына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділхан жауап берді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Комитет мәліметінше, Қазақстанда медициналық қызметпен тек кәсіптік медициналық білімі бар тұлғалар айналыса алады. Ал дәстүрлі медицина саласында қызмет көрсету үшін маманның медициналық білімі, клиникалық практикаға жіберуге арналған тиісті сертификаты және медициналық қызметке лицензиясы болуы қажет.

– Дәстүрлі медицина саласындағы қызмет лицензияланады. Оған гомеопатия, гирудотерапия, мануалды терапия, рефлексотерапия, фитотерапия және табиғи текті құралдармен емдеу бағыттары кіреді. Бұл қызмет ересектер мен балаларға амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек аясында көрсетілуі мүмкін, -деді ол.

Спикердің мәліметінше, осы бағыттарда жұмыс істейтін медицина қызметкерінің «Дәстүрлі терапия» және «Дәстүрлі медицина» мамандығы бойынша клиникалық практикаға жіберуге арналған сертификаты болуы тиіс. «Дәстүрлі терапия» мамандығына рефлексотерапия, мануалды терапия, су-джок терапиясы, гомеопатия, гирудотерапия және фитотерапия кіреді.

Ал остеопатияға қатысты талап өзгеше.

– Остеопатия медициналық қызмет болып саналмайды, осыған байланысты және жоғарыда айтылғандардың негізінде мамандарды сертификаттау және бұл қызметті лицензиялау жүзеге асырылмайды, – деді Жандос Әділхан.

Комитет халық емшілерінің қызметіне қатысты да түсініктеме берді. Медициналық білімі жоқ халық емшілерінің қызметі де лицензияланбайды және оларды клиникалық практикаға жіберу үшін сертификаттау жүргізілмейді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті өз құзыреті аясында тек медицина қызметкерлерінің қызметін бақылайды.

– Сонымен қатар тиісті маман сертификатынсыз медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынады. Сертификаты немесе лицензиясы жоқ адамның заңсыз медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 5 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 70 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Бұдан бөлек, спикер Денсаулық сақтау кодексінің 132-бабына сәйкес екі және одан да көп адамды тарта отырып, оның ішінде масс-медианы пайдалану арқылы емшілік сеанстарын өткізуге тыйым салынатынын да еске салып өтті.