Сессия жұмысына Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысты. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Г. Жүсіпова «2015-2017 жылдарға арналған Астана қаласының бюджетін нақтылау» мәселесі бойынша баяндама жасады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарлады.
Баяндамашының айтуынша, қаланың әлеуметік-экономикалық көрсеткіштері бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына оң ықпал еткен. 2015 жылдың қаңтар-мамыр аралығында қала бюджетіне 72,6 млрд теңге түскен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 13,8 млрд теңгеге артық. Осыған байланысты бюджетттің кіріс бөлігін 6,1 млрд. теңгеге ұлғайту ұсынылды.
Елорданың үш ауданының әкімдіктерін қосымша ассигнациялау қарастырылған. Атап айтқанда, қаржыландыру су тасқынына қарсы шараларға, абаттандыру мен көгалдандыруға және басқа да мақсаттарда пайдаланылады.
«2015-2017 жылдарға арналған Астана қаласының бюджетін нақтылау» шешімінің жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Елорда әкімінің орынбасары А. Лукиннің айтуынша, қалада апта сайын бюджет кірісінің мониторингі жасалып, барлық шығындар бақылауға алынады. Бүгінгі таңда бюджетті игеру 97% құрап отыр.
Мәслихаттың заң, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселесі жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Т. Оразақов жер учаскелерін мемлекеттің қажеттілігі үшін алуға байланысты жер учаскелерін немесе басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы 44 келісімшарт жобасын мақұлдауға ұсынды. Бұл жерлерде көппәтерлі тұрғын-үй кешені, медициналық колледж, мектеп, жылу магистралі, «Шұбар» қосымша станциясы салынатын болады.