Заңғар жазушының 90 жылдығына арналған шараны «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі ұйымдастырып отыр.
«Мерейтойлық конференция тақырыбы кездейсоқ емес. Бұл, бірінші кезекте, өмірінің соңына дейін өзінің халқына адал қызмет еткен атпал азаматқа деген зор құрмет деп қабылдаған жөн. Мұның сыртында бұл - Әз-ағаның отандық журналистиканың орнығуына және қарқынды дамуына қосқан үлесіне, ол кісінің мықты еңбекқорлығына, жоғары кәсіби біліктілігіне, өзінің мамандығына адалдығына берілген үлкен баға. Сондықтан, осынау асыл мұраны бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру басты міндет болып саналады», - дейді ұйымдастырушылар.
Осыған орай, шара барысында қазақ журналистикасының бүгінгі күнгі өзекті мәселелері талқыланып, оны шешудің оңтайлы жолдары туралы пікір алмасылды. Мерейтойлық конференцияға оқырмандар, ғалымдар, ұстаздар қатысты.
Жазушы-журналист, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов қазақ әдебиеті мен журналистикасында алар орны ерекше. Ол ұзақ жылдар бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етті.
Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы Жарма ауданының Ақбұзау ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орталау мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетінде, Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық институтында оқыды. Ұлы Отан соғысына қатысқан және сол тұста жазушы майдангердің өлеңдері, әскери әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып тұрды.
Әзілхан Нұршайықов шығармашылық жолын ақын және публицист ретінде бастаған. Өлеңдері мен очерк, публицистикалық мақалалары аудандық облыстық, республикалық баспасөзде және соғыс жылдарында майдан газеттерінде жарияланып тұрған. Тың игерушілер өміріне арналған алғашқы очерктер жинағы «Алыстағы ауданда» 1956 жылы жарық көрген. Оның осы тақырыпқа арналған очерктер мен әңгімелер жинақтары «Тың астығы» 1958 жылы, «Ертіс жағасында» 1959 жылы, «Жомарт өлке» 1967 жылы жарияланды. Жастардың өмірін, арманға толы ой-сезімдерін жан-жақты айшықтауға арналған лирикапық повестері «Махаббат жыры» (1964), «Әсем ( 1966), Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігін паш еткен «Махмет Қайырбаев» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), замандастарымызды интернационалдық рухта тәрбиелейтін «Тоғыз толғау»( 1977), «Невель түбінде» (1977), әдебиетіміздің белгілі қайраткерлерінің шығармашылық қабілетін сомдаған «Автопортрет» (1977), «Екі естелік» (1985) очерк, әңгіме, повесть жинақтары жарық көрді.
Қалың көпшілікке етене жақын «Махаббат, қызық мол жылдар» романы (1970) мен «Ақиқат пен аңыз» роман диалогы (1973) жазушы шығармашылығының шырқау биігі саналады. Өлмес туындының алғашқысында жастардың қайнаған жастық өмірі туралы баяндалған, бұл роман оқырманның, әсіресе жалынды жастардың ерекше сүйіп оқитын махаббат гимніне айналды. Ал екінші роман дилогиясы аты аңызға айналған ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған. Осы «Ақиқат пен аңыз» роман дилогиясы үшін Әзілхан Нұршайықовқа 1980 жылы Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Орыс тілінде «Песня любви» (1965, 1975, 1982); «Истина и легенда» (1980), «Истина и легенда» (1982) және «Дорогой памяти» (1985) кітаптары жарық көрген. Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясы украин ("Дніпро", 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып жарияланды. Бірқатар шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне тәржімаланған. Жазушының шығармалары негізінен Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің өмірін үлгі ету арқылы бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық, еңбекшілдік, адалдық тәрбиесін беруді басты мақсат тұтады.
Ә. Нұршайықов Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980), А.А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлық - күміс медалінің (1987) иегері. 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» (1957), «Халықтар достығы» (1984), 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» (1995) медалімен марапатталған.
Халыққа өлмес туындылар сыйлаған жазушының мол мұрасы халық жадында мәңгілік қалары сөзсіз.