Елордада бұқаралық спорт шаралары бел алып келеді

trong>Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астанада  қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ туризмді дамыту жолға қойылып келеді. Әсіресе, елордалықтардың белсенді демалысын ұйымдастыруға барынша көңіл бөліне бастады. Ағымдағы жылдың қаңтар мен наурыз аралығында елордада 102 осындай спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 120 мың қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Президенттік тест тапсырғандар мен еңбек ұжымдарында өткізілген жарыстарға былтыр 24 мың адам тартылса, биыл еселеніп, 48 пайызға көтерілді.

- Негізгі мақсатымыз, елордалық спортшылардың жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне жағдай туғызып, мүмкіндік жасау. Бұл орайда атқарылған шаралар мен атап өтуге тұрарлық табыстарымыз бар. Биыл республикалық ІІ Қысқы спорт спартакиадасында 2-орын алдық. Осыдан бес жыл бұрын өткен І Қысқы спорт спартакиадасында 8-орынды қанағат тұтқан едік. Бұл - біздің әлуетіміздің ширап келе жатқанының белгісі. Дегенмен, біз бұқаралық спорт шараларына барынша назар аударып отырмыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Астанаға әр жақтан келіп қоныстанып жатқан әртүрлі, әрқырлы таланттардың арасында дарынды спортшыларды танып, қатарымызға тарту. Екіншіден, жекелеген еңбек ұжымдарында, әсіресе, жасөспірімдер арасында дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға ниеттіміз. Үшіншіден, Елбасы атап көрсеткен «Астана халқының денсаулығы шымыр болуы керек» деген талабы тек дәрігерге қойылған міндеттеме емес. Денсаулықты шынықтыруға әр адамның өзінен бастап, қоғамда жан-жақты мүмкіндіктер жасауға тиіспіз. Міне, осындай шаралардың арқасында болашақта өрендер арасынан Астана қаласының майталман спортшылар өсіп қалыптасады,- деді Астана қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Айталап Қорғамбаев.

Елорда басшылығы қалалықтардың дене тәрбиесімен шұғылдануды, денені шынықтыруды айнымас әдетке айналдыруға, күнделікті қажет әрі пайдалы екенін мойындату үшін барынша қолайлы жағдай туғызып келеді. Ең бастысы салалық бірнеше спорт кешендерінің алды пайдалануға берілді. Күнде кешкі самалмен қыдырстап жүргендер Астана саябағы мен Есілдің жағалауына орнатылған тренажерлардың игілігін көріп жүр. Сондай-ақ, тегін жаттығу залдары жұмыс істейді. Қалада төрт түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында да жарыстар жиі өткізіледі. А. Қорғамбаевтың айтуынша, биыл бұқаралық ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастыру клубы құрылған. Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуді сол клуб атқарып келеді.

Бүгінде Астанада 462 спорттық құрылғылары, оның ішінде 156-ы спорт залдары, 14 жүзу бассейндері, 11 спорт кешендері, 3 стадион, 3 спорт сарайы, 45 қосылып салынған спорт залдары бар. Сонымен қатар, 137 спорт құрылғылары еңгізілді. Астана күніне орай 30 мың орындық бар жаңадан салынған жабық стадионы ашылған болатын. Әлі де республикалық велотрек және коньки тебу стадионы ашылатын болады.

- Дегенмен, халықтың өсу деңгейіне қарағанда, спортпен айналысамын деген жандарды спорттық құрылғылармен бар-жоғы 15-20 пайыз қамтамасыз ете аламыз. Алайда құрқол да емеспіз. Бірақ, бұқаралық спорт түрлерінің бәрі бірдей арнаулы орын немесе арнайы қондырғы, құрал-жабдықтарды қажет ете бермейді. Әлемге тарап келе жатқан урбанизация мәдениетіне сай, қала көшелерінде өтетін стритбол, паркур сияқты бұқаралық спорт ойындары және өзіміздің ұлттық асық ату ойыны бар. Веложарысқа да ынталылар өте көп. Кезінде ата-бабамыз «асық ойнаған - азар, доп ойнаған тозар...» деген тұрмыс-салттық мәтелді балаларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу үшін айтқан болар. Бүгінде доп ойнағандар өз елінің идеологиясына, әлемдік абыройына үлес қосып келеді. Бір жақсысы, кеңестің ықпалымен ұмытылып бара жатқан  асық ойыны жанданып, ынталылар арта түсті. Астана қаласының 11 жылдық мерекесінде «Алтын сақа» асық ойыныны өткізді. Оған ұлттық дейгейде мән беріліп, арнайы мамандар шақырылды,-деді басқарма бастығы.

Байырғы ұлттық ойын түрлерінің ішіндегі  кең тараған асық ойынының тарихы терең. Тамыры сонау көшпенділер мәдениетінің дәстүрлі танымында жатыр. Жастарды ептілікке, шапшаңдыққа, мергендікке, парасаттылыққа, ұстамдылыққа, төзімділікке баулиды.

Мереке үстінде жалпықалалық «Алтын сақа» асық ойындары турнирін ұйымдастырушылар асық ойыны туралы танымдық шолу әңгіме айтты. Әсілі, асық ойыны ежелгі, дәстүрлі ұлттық ойын түрлеріне жатады. Сондықтан, оның өлкелік ерекшеліктері сан алуан. Мысалы, Сыр өңіріне тән ойын түрлерін Арқа қазақтары басқаша дәріптейді. Сол сияқты шығыс пен батыстың өзіндік ойын ерекшеліктері бар. Осының бәрін зерттей отырып, жалпықазаққа ортақ асық ойын түрлеріне жатады-ау деген 2 ойын түрі таңдалып, қалалық біріншілік «Алшы» және «Бес табан» арнайы ереже  бойынша өтті. Ойынға жасы бар, жасамысы бар, көп адам қатысты. Қызық болғанда, қызып кеткен әжептәуір жігіт ағалары да галстугын желпілдетіп қатысты. Кейбір жас балаларға қарағанда, солар мерген шықты. Сақаны шиырғанда бірін бүк, бірін шік түсірді. Енді бірін алшысынан тұрғызды.  Қатысам деушілерге шек қойылмайды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар бар. Соңында, барлық қатысушылар «Алтын сақа» жүлдесі үшін сайысқа түсті.

Бұқаралық спорт жарысын ұйымдастырушылардың мақсаты - халықтың санын көбейту емес, халықтың сана-сезімін шыңдау. Бүгінде көпшілік «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді ұстанады. Ол жол спортқа бастайды. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын емханаларда «Еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтама» алуға кезекке тұратын. Ал кәзір ол әдеттен арылуға бейімділік танылуда. Денсаулықтың қадірін білгендер бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өтеді дегенде делебесі қозып, үйде отыра алмайтындар көбейді.

- Бұдан аз уақыт бұрын «спорт жарыстары өтеді, адам жинап әкеліңдер» деп міндеттеген кезден де өттік. Сонымен қатар, қала балалары қолы бос уақытта «ұрынарға қара таппай», тыныш тұрған жерді бүлдіріп, сындырып кететініне айғай көтеріп, «тәртібі қиын балалардың» қатарына қосып, тауын шағатын едік. Мұның бәрі баланың бойындағы тасып бара жатқан күшті қайда жіберерін білмегеннен екенін біліп тұрсақ та, «әдеп» деген әдетке тықпалап, өз әлімізше «тәрбиелейтін» едік. Олардан құтылсақ, кейінгілердің олардан асып түсетінін қайтерсің? Өзіміз де бала күнімізде солардың ен ортасында жүрдік. Енді бүгінде оларға заманға, қоғамға сай «ермек» таптық. Астананың он жылдық мерекесінде далада қаңқасы қалған, бұзылған ескі мәшинелерді жарыс өтетін орынға әкеліп қойып, екі қолы алдына сыймай жүрген балаларды шақырып, солардың сыртына бояумен сурет салғызып, жарыс өткіздік. Жеңімпаздары сыйлық алды.  «Тағы да қандай спорт жарысы өтеді?» - деп,  көздері ұшқын атып, өңдері бал-бұл жанып тұр.

Бұл - бұқаралық спорт шараларының пайдасы. Қала басшылығының осындай игі әрекеті «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген» бірталай тағдыр иелеріне де ықпал етіп жатқан көрінеді. Арақ пен темекінің, нашақорлықтың соңына түсіп, енді адам болсам, қайдан жол табам деген жандардың құлағына тиіпті. Басқармаға қоңырау шалады екен. А. Қорғамбаевтың айтуынша, «жеке қабылдауымызға келіңіз, сізге көмектесейік» десе, көзге түскенді қаламайтынын, бірақ, жан-тәнімен бұқаралық спорт шараларына қатысқысы келетінін айтады екен. Бұл, әрине, жасалып жатқан қыруар жұмыстың алғашқы жемісінің бір парасы.

Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бұқаралық спорт түрінен жарыстарға қатысушылардың қауіпсіздігін де естен шығармайды. Әрбір жарыс кезінде міндетті түрде жедел жәрдем дәрігерлері мен тәртіп сақшылары және өрт сөндіру қызметі мен төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің өкілдері сақадай-сай тұрады. Бұл да бұқара үшін еңбек етуге дайын жандардың өз ісіне ықыласын, жауапкершілігін танытады.

- Қаламызда қаншама талантты спортшылар жүр! Оларға жағдай жасаса, елорданың да, еліміздің де намысын қолдан бермеуге ерік-жігері де, күш-қайраты да, қажыры да, табандылығы да жетеді. Олар ортамызда жүр. Бұқаралық спорт түрлерінен жарыстарды жолға қойсақ, ең бірінші халықтың денсаулығы, екіншіден, спорт дарабоздары да шығады. Оларға тек сенім мен жағдай керек. Қалғанына өздері-ақ қол жеткізеді. Біздің міндетіміз - олардың ойындағысына қол жеткізу,-деді А. Қорғамбаев.

Басқармаға қарасты спорт саласында жұмыс атқаратын 22 мекеме бар, олардың ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған  спорт мектептері, спорт клубтары, Ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық-сауықтыру дене шынықтыру клубы, ОРДО, 2011 жылғы Азия ойындарын өткізу бойынша қалалық дирекция және мүгедектер-спортшыларға арналған «Қайсар» спорт клубы бұқаралық спорт шараларын өткізуге әрқашан дайын.