Халық саны құрылыс қарқынын күшейтті
Бұл сәулет-құрылыс жоспары - елорданың 2030 жылға дейінгі дамуын бағдарлаған, жаңа қаланың тыныс-тіршілігіне қолайлы ортаны қалыптастыру және одан әрі тұрақты түрде өркендету мақсатында жасалған іргелі жоба. Осыдан 15 жыл бұрын Астананың сәулеттік тұжырымдамасын әзірлеуге тұңғыш рет халықаралық байқау жарияланды. Қала болашағының іргетасын қаларда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қалаға еуропалық келбет беру идеясы ескерілді. Әлемдік сәулет өнерінің нағыз мамандары қатысқан ашық конкурсқа жүздеген жобалар түсіп, сараптаудан өткізілді. Шешім қабылданбастан бұрын барлық жобалар Конгресс-холға қойылып, халықтың танысуына мүмкіндік жасалды. Сөйтіп, байқау нәтижесінде жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы үздік танылған еді. «ХХ ғасыр - механикалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр - өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс» деп тұжырымдаған Кисе Курокава алдымен қала салуда оның табиғатпен етене сабақтастығына мән берді. Одан кейін өзгеру мүмкіндіктері мен үшіншісі - абстрактілі символизм. Яғни, қала нысандары қабылдауға түсінікті геометриялық фигуралар пішінінде бой көтеру. Әйгілі сәулетшінің осындай үш тұғырлы пәлсапалық түсініктері Астананың бүгінгі келбетін жасауда.
Кез келген қаланың бас жоспары 20-25 жылға есептелетінін ескере отырып, Астананың сәулет сызбасы 2030 жылға дейін жоспарланды. Бұл мерзім алдағы өзгерістерге оңай ауысуға мүмкіндік береді. Алайда межеленген уақытқа дейін Астана қаласының Бас жоспарына бірнеше өзгертулер мен түзету жұмыстары жүргізілді. Оның басты себебі - халық санының болжамдық есептен асып кетуі. Өйткені құрылыс қарқыны адам санының өсіміне негізделетіні белгілі. Кисе Курокаваның есебі бойынша шаһар жұртының саны 2030 жылға дейін 800 мыңға, ал 2010 жылға қарай 490 мыңға жету керек еді. Бірақ 2002 жылы-ақ тұрғындар саны 500 мыңнан асып кетті. Ал қала күні қарсаңында Елорда халқының саны 1 миллионға жетті.
Қала қорғаны жасыл орманы
Табиғат пен қала үндестігіне аса мән берген жапон сәулетшісінің тұжырымы бойынша қала салу теориясының өзегі тіршіліктегі тепе-теңдіктің сақталуы мен қала дамуы барысында бүліну мен құлдырауды болдырмау мәселесі еді. Сөйтіп, Кисе Курокава қаланың экологиялық саулығын қамтамасыз етуде Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерін бойлай эко-дәліз қалыптастырумен бірге, Астананың айналасына орман өсірудің қажеттігін айтты. Орман шаһардың ажарына ажар қосып, жазда құрғақшылықтан, қыста аяз бен бораннан сақтайды. Бұл ойды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қуаттап, Бурабайдың орманды алқабына жалғасқанға дейін қала айналасына эко-орман отырғызуға тапсырма берді.
Жасыл аймақ құру идеясы тұрақты түрде жүзеге асуда. Бүгінде Есілдің бойын жағалай қонған ен тоғайдың алқабы 75,1 мың гектарды құрап отыр. «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Қасеновтің айтуынша, биыл 291,1 гектарға 353 мың 560 түп ағаш отырғызылады. Оның басым бөлігі - қылқан жапырақты ағаштар. Дәлірек айтсақ, 135 мың түп қарағай егілмек. Оған қоса, бұл орманда жеміс ағаштары да жайқалмақ. Қазір алма, алмұрт ағаштарын отырғызу қолға алынған. Жалпы Орталық Азияда теңдесі жоқ қолдан жасалған орман алқабында 11 миллионнан аса ағаш өсіріліп жатыр. Сондай-ақ, жасыл белдеуде қояндар пайда болып, құстар ұшып келіп жатыр. 2010 жылы орман ішінен ашылған Қырғауыл фермасы осы уақытқа дейін 6238 қырғауылдың қанатын қақтырды. Олардың 5883-і орманға әбден жерсінді.
Сонымен қатар, қаланың ішін көгалдандыруға да көп көңіл бөлінген. Құрылыс алаңдарын жасыл желекке айналдыру - ұдайы назарда. Бүгінде елордада 9 саябақ, 90 гүлзар жайқалып тұр. Биыл аумағы 147 590 шаршы метр гүлзар жасалмақ. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2014 жылдан бері жасыл алаң 15 пайызға ұлғайған.
Жүзеге асқан жобалар
Бас жоспардың негізінде бой көтерген нысандар қазіргі таңда Астананың ажарын айшықтап, мәртебесін көтерді. Бүгінде бас қаланың 2030 жылға дейінгі барлық жобасының 50%-ы орындалып, елорда құрылысына миллиондаған инвестиция тартылды. Осынау уақытта қала салуға Қазақстанның 71 қаласы мен 432 құрылыс компаниялары қатысты. Алып құрылыс алаңына айналған Астананы салуда отандық құрылыс материалдарын қолдану көзделді. Өзіміздің өндіріс, дәлірек айтсақ, 135 зауыт құрылыс материалдарын жеткізіп отырды.
Қазақстандық фирмаларға қоса, қала құрылысына түрік, корей, итальян, француз, швейцар компаниялары да сүбелі үлес қосты. Таңдай қақтырар тамаша ғимараттардың нобайын сызуға және құрылысын жүргізуге әлемдік сәулет шеберлері шақырылып, заманауи стандарттарға сай теориялар мен тәжірибелер пайдаланылды. Нәтижесінде дүние жүзіндегі теңдесі жоқ ең үлкен шатырға баланатын «Ханшатыр» сауда, ойын-сауық орталығы 300 миллион долларға салынды. Бұған қоса, жалпы қаражаты 50 миллион долларды құраған Бейбітшілік және келісім сарайы, 30 миллион долларға «Астана Арена» стадионы бой көтерді. Қазір бұл нысандар мәдени-тарихи мұраларға жатқызылып, мемлекеттің қарауына тапсырылған.
Жалпы Бас жоспардағы жүзеге асқан сәтті жобалар ретінде Бәйтерек монументі, Ақорда ғимараты, Назарбаев университеті қалашағы, Алау мұзайдыны, Қазмедиа орталығы, Шабыт шығармашылық сарайы, Оқушылар сарайы, «Атамекен» этно-мемориалды кешені, Сулы-жасыл бульвар, «Думан» ойын-сауық орталығы, Әзірет Сұлтан мешіті, «Хайвилл Астана» тұрғын үй кешені сияқты әсем нысандарды атауға болады.
Осы уақыт аралығында жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орташа және ірі нысандар беріліп отырды. Бас жоспар бойынша жаңа тұрғын үйлердің құрылысы көп қабатты және аз қабатты етіп, сатылай жүргізілмек. Мәселен, көп қабатты үйлер қаланың орталығынан орын тепсе, қаланың шетіне қарай биіктік бәсеңдей бермек. 2030 жылға дейін «Шұбар» және «Оңтүстік Шығыс» шағын аудандарында ескі үйлер мен коттедждер бұзылып, орнына жоспарланған көлемді биік тұрғын үйлер салу көзделген.
Ал аз қабатты тұрғын үйлер Ақмола облысының Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарында салынады. Бүгінде қала маңында барлығы 80 елдімекен бар. Онда шамамен 160 мың адам тұрады. Егер Астана агломерациясы сәтті жүзеге асырылса, 2035 жылға қарай қала маңын мекендеген халықтың саны 236 мың адамға жетпек. Қала маңайының бұлай көркеюі біріншіден, елорданы қажетті құрылыс заттармен қамтамасыз етуге, екіншіден, шаһарды қатты дауылдан, шаң-тозаңнан қорғауға, үшіншіден, азық-түлік белдеуі ретінде Астананың игілігіне жараса әрі қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршағанда тынығатын демалыс орындары да болмақ.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ