деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Г. Исмаилованың қылқаламынан шыққан туындылар Қазақстанның бейнелеу өнерінің алтын қазынасынан орын алады. Ол актриса, әнші, балет бишілері, ақын, жазушы, суретшілердің портреттерін салып, көркем галереясын құраған адам. Яғни Г. Исмаилова белгілі мәдениет, қоғам қайраткерлерінің кескіндемелік келбеттерін бірінші болып салып, олардың бейнелерін еліміздің жылнамасында мәңгілікке қалдырды.
Сол коллекциялардың ішінен бүгінгі көрмеге М. Әуезовтің, М. Ғабдуллиннің, Жамбылдың, Күләш Байсеитованың портреттері қойылған. Сондай-ақ «Біржан-Сара», «Еңлік-Кебек», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» операларының эскиздері және тағы да басқа суреттері тұр.
Бүгін бұл шараға денсаулығына байланысты Гүлфайрус Исмаилованың өзі келіп қатыса алмады. Оның орнына баласы Вадим Сидоркин және жақын дос-жарандары, әріптестері келді.
«Гүлфайрус өзінің көрмесіне келе алмаса да, ол осында бар. Барлық кезеңдерде, болашақ буындардың есінде ол кісінің есімі қала бермек», деді Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков.
Г. Исмаилова 1929 жылы желтоқсанның 15-інде Алматы қаласында туған. И. Репин атындағы Ленинградтың Көркемсурет, мүсін және сәулет институтында театр-декорация бөлімін тәмамдаған. Қылқалам өнерінің хас шеберіне айналған Г. Исмаилова Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас суретшісі болды. Ол 30-дан астам театр спектакльдерін безендірді. Солардың ішінде М. Төлебаевтің «Біржан-Сара», Е. Рахмадиевтің «Алпамыс», ДЖ. Вердидің «Аида» опералары бар. Сонымен қатар 5-ші Бүкілодақтық кинофестивальде «Қыз Жібек» киносының үздік көркем безендірілуі үшін дипломмен марапатталды. Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді.
Г. Исмаилова КСРО-ның «Құрмет белгісі», «Халықтар достастығы» ордендерімен және тәуелсіздік жылдары Қазақстанның «Құрмет», «Парасат», 1-ші дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталды.