Елордада «Нұр Отан» ХДП бастауыш партиялық ұйымдары арасында спартакиада басталды

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада «Нұр Отан» ХДП бастауыш партиялық ұйымдары арасында спартакиада басталды.

Жыл сайын өткізетін ауқымды іс-шараға айналған спартакиадаға биыл «Нұр Отан» ХДП-ның бастауыш партиялық ұйымдарының қызметкерлері қатысуда. Спорттық шара барысында футбол, волейбол, сонымен қатар жеңіл атлетикалық эстафетадан жарыстар өтеді.

Ерлер арасында өтетін фуболдан - 16, ал әйелдер арасында өтетін волейболдан - 11 команда бас жүлде үшін тартысады. «Жылдан жылға бәсекесі мол спорттық шараға атсалысуға ниет танытқан ұйымдардың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Мәселен, өткен жылғы спартакиадаға 100-ден астам қызметкер қатысса, ағымдағы жылы 106 бастауыш партиялық ұйымнан 500-ден астам қызметкер қатысуға бел шеше кірісіп отыр. Олардың қатарынан әртүрлі саланың, бизнестен бастап денсаулық сақтау мекемелеріне дейінгі ұйымдардың өкілдері бар», - деді «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Жеңімпаздар мен олардың жанкүйерлері «Үздік команда», «Үздік жанкүйер» және «Үздік атрибут» аталымдары бойынша марапатталады, жүлделі орындарды иеленген командалар «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық филиалының алғысхатымен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Оның атап өтуінше, партияның ішкі жұмыстарын жандандыруға арналған спорттық шара бастауыш партиялық ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтуға және дамытуға, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.