Елордада Тон-ұқұқ, Теркін ескерткіштерінің ғылыми көшірмесінің орнатылуы мен «Күлтегін» деректі фильмінің көрсетіліміне арналған мерекелік шара өтеді

Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Наурыздың 20-сында елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көне түрктік Тон-ұқұқ (Тоныкөк), Теркін ескерткіштерінің ғылыми көшірмесі мен «Күлтегін» деректі фильмінің көрсетіліміне арналған мерекелік шара өтеді.

«Бұл, Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен соңғы 5 жыл бойы іске асырылып жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен Тон-ұқұқ, Теркін ескерткіштерінің ғылыми көшірмесін елордамызға алып келіп орналастыруға, «Күлтегін» деректі фильмінің беташарына арналған мәдени шара», делінген баспасөз хабарламасында.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей ұйымдастырумен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-ғалымдары арнайы тапсырыс алып, соңғы үш жыл бойы еңбектенудің нәтижесінде бұдан 1300 жыл бұрын бабаларымыз тасқа қашап қалдырған тарихымыз бен тіліміздің түпнұсқа жазба мұраларын ұлықтап, елорда төріне құрметпен орналастырылды. Сонымен қатар ерте орта ғасырда Еуразия төрінде билік құрып, бүкіл әлемге Көк түрк атауын паш еткен Көк түрк қағанатының бас қолбасшысы Күлтегіннің мемлекет тұғырын бекемдеуге қосқан үлесі, ішкі бұратартушыларды тыныштандырып, сыртқы жаулармен шайқасын суреттеген деректі фильмнің беташарына осы мәдени іс-шара арналып отыр.

«Мәдени шараның мақсаты: байырғы түрктердің қалдырған бұл ескерткіштерін, бүкіл түркі халықтарының, соның ішінде бүгінгі қазақ халқының көне тарихы мен мәдениетінің бірден бір түпнұсқа дереккөзі ретінде танып білу, ұлт рухына сіңіру; Еуразия аймағында мұндай асыл құндылықтарымызды жинап, зерттеп, ұлтымыздың, жас ұрпағымыздың алдына қойып, көзіне көрсету арқылы, олардың патриоттық сезімін ояту, ұлт сүйіспеншілігін күшейту; Қазақстанның тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани тек-тамырын жалпы түркілік өркениет аясында пайымдау және тарихи сабақтастық мәселесіне ден қою; бабалар рухын бойға сіңіре отырып, еліміздің келешегіне сеніммен қарап, ел бірлігін нығайту; Елбасы көтеріп отырған түрк халықтарының мәдени-рухани құндылықтарын жақындастырып, тегі бір, тамыры бір екеніне көз жеткізу; түркі халықтарының мәдениетін әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде зерделеу», деп нақтылай түскен баспасөз баянында.

Бұл шараның Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтуі тегін емес. Себебі аталған университетте Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтың ғалымдары түбі бір түркі халықтарының ең алғашқы жазба мұраларының бас кітабы «Орхон ескерткіштерінің толық атласының» І томын шығарып, әлемнің 82 еліне таратты. ІІ томы баспаға дайындық үстінде. Сондай-ақ «Біріккен түрк қағанаты» (2001), «Орхон мұралары» (2003), «Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007) еңбектерінен тыс 2001 жылдан бері 4 мәрте халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, әлем ғалымдарының жасаған баяндамалары жинақ болып жарық көрді. Дүниежүзіндегі 38 түрк халықтарының 3000 жыл бойы қолданған жазу мәдениетіне орай «Жазу тарихы» мұражайы Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылған болса, сол мәдени ошақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан. Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі, ІІ түрк қағанатын орнатушылардың бірі, әрі бірегейі Елтеріс Құтлұғ қағанның түпнұсқа бас мүсіні осы мұражайдың беделін көтеріп тұрған жәдігерліктер. Сонымен қатар түркология зертханасында Сібір, Моңғолия, Қытайдың Орталық және Шығыс Түркістан аймақтарынан, Орталық Азиядан жинақталған 30 сағаттық бейнеролик сақтаулы тұр. Бұдан тыс ежелгі және ерте орта ғасырда жасалған тарихи-мәдени мұралардың 10 000 дана фотосуреттері сақталған. Бұлар түрктанудың және байырғы мәдениетіміздің аса үлкен қоры.

Байырғы түрк құндылықтарын халық жадына сіңіруге университет ғалымдары аянбай еңбек ету үстінде. Ғалымдар радио, теледидар арқылы байырғы мұраларды насихаттаумен қатар театр сахнасы мен кино экранды да пайдалануда. Мәселен, «Наз» би ансамблімен бірігіп көк түрк тақырыбында «Тұйғындар» би спектаклін, «Қас» телестудиясымен бірігіп «Күлтегін» деректі фильмін өмірге әкелді. Болашақта Үкімет тарапынан қолдау болып жатса, байырғы түркілердің алпауыт елтұтқалары Тұй-ұқұқ, Білге қаған, Күллі-чор, Ел-етміш Білге Тұр-айын қаған және Орда-балық қаласы сияқты 6 деректі фильм түсіріп, халық игілігіне ұсынуға мүмкіншілігі бар.