Елордада жұмысшы мамандықтар байқауында «Астана Тазалық» көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Тазалық» қызметкерлері қалалық жұмысшы мамандықтар байқауында топ жарды.
Астанада өткен кәсіби шеберлік конкурсының жеңімпаздары анықталды. Жарыс «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен «Үздік» жобасы аясында ұйымдастырылып, қала әкімдігі мен «Астана жастары» орталығының қолдауымен коммуналдық және техникалық салада еңбек етіп жүрген мамандардың басын қосты.
Биылғы байқаудың айрықша тұсы — «Астана Тазалық» ЖШС мамандарының жоғары көрсеткіші болды. Екі негізгі номинация бойынша жеңіс дәл осы қалалық коммуналдық кәсіпорын өкілдеріне бұйырды. Нұрдәулет Әбіш «Үздік механизатор — 2025», ал Сүндет Қойбағаров «Үздік жүк көлігі жүргізушісі — 2025» атағын жеңіп алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 35 жасқа дейінгі, арнайы техникада жұмыс істеуге толық рұқсаты бар, тәжірибесі мен кәсіби даярлығы дәлелденген 20 жас маман қатысқан. Сынақ кезеңдері мүмкіндігінше өндірістегі шынайы жағдайларға бейімделіп әзірленді. Алдымен қатысушылар міндетті дәрігерлік және техникалық тексерістен өтіп, кейін тар алаңда маневр жасау, артқа жүріп дәл тоқтау, шұғыл тежелу, эстакадаға көтерілу, жүкті тең ұстап жүргізу және қойылған кедергілерді айналып өту сияқты практикалық тапсырмаларды орындады. Ақтық кезеңде қатысушылар жол жүру ережелерін білу деңгейін теориялық тест арқылы дәлелдеді.
«Үздік механизатор — 2025» номинациясында қатысушылардың заманауи техниканы меңгеру деңгейі — оны баптау, қызмет көрсету және дәл басқару дағдылары бағаланды. Ал «Үздік жүк көлігі жүргізушісі — 2025» байқауында ауыр техникамен жұмыс істеудегі кәсіби шеберлік сыналды. Мұнда жүргізушінің ұқыптылығы, қауіпсіздік талаптарын сақтауы және әр маневрдің нақтылығы шешуші рөл атқарды.
«Астана Тазалық» қызметкерлерінің жеңісі — коммуналдық саладағы мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала тазалығы мен тәртібі үшін күн сайын жолға шығатын «тазалық сақшыларының» күрделі техниканы меңгеріп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
Бұдан бұрын Астанада жол жұмысшыларына арналған жаңа демалыс бөлмелері ашылғанын жазған едік.