Елордалық полицейлер «Есірткіге тосқауыл» жедел алдын алу шарасын өткізді

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазанның 12-18-і аралығында Астанада өткен «Есірткіге тосқауыл» жедел алдын алу шарасы барысында 5 қылмыс анықталып, 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 43 грамнан астам есірткі заты алынды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін өткен апталық брифинг барысында Астана қаласы Ішкі істер департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділда Ораздың мәлім еткеніндей, операцияға ІІД-нің жеке құрамының 160 полицейі жұмылдырды. Оның ішінде 40 қызметкер қаладан шығатын жолдардағы «Рубеж» бекеттерінде қадағалауда болды. Нәтижесінде 320 автокөлік тексеріліп, заңсыз есірткі тасымалдаудың 9 фактісі анықталды.

Бір апталық жедел алдын алу шарасы барысында есірткі бизнесіне қатысты 5 қылмыс анықталып, 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 43 грамнан астам есірткі заты алынды. Оның 9,82 грамы есірткінің ауыр түрі - героин.