Ең арзан нан Жамбыл облысында

ТАРАЗ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында нанға белгіленген арзан баға тұрақты түрде сақталуда, деп хабарлады облыстық ауыл шарушылығы басқармасында.

Аймақта азық-түлік тауарларын өндірушілер және сауда орындарымен меморандум жасау жалғасуда.

Қалыпқа салынған нан және бірінші сортты ұнның бағасын тұрақтандыру үшін Жамбыл облысының әкімдігі, Ауыл шарушылығы министрлігі, «ҚазАгро» Холдингі» АҚ және Қазақстан астық өңдеушілер одағымен «Жамбыл облысын азық-түлік бидайымен қамтамасыз ету туралы» меморандумға қол қойылды.

Меморандум шеңберінде 2012 жылдың тамыз айынан бастап, облыс наубайханаларына келісі 47 теңгеден 28 061 тонна ұн, халыққа келісі 50 теңгеден 6 810 тонна ұн, шаруашылық қожалықтарына келісі 15 теңгеден 10 272 тонна кебек өткізілді.

Бүгінгі күні 134 дүкен ең төменгі сауда үстемесімен жұмыс істейді.

Нәтижесінде бүгінгі күні Жамбыл облысындағы, соның ішінде Тараз қаласындағы нанның бағасы елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең төменгі болып табылады. Бір бөлке нан 40 теңге тұрады.

Жақын болашақта нан-тоқаш өнімдеріне бола айғай-шу шығаруға ешқандай негіздеме жоқ, деп белгіледі облыстық әкімдікте.