«Еңбек даңқының» үш дəрежесіне ие болған адамға «Қазақстанның Еңбек ері» мəртебесі беріледі

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың наурызында ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Еңбек даңқы» төс белгісінің ІІІ дəрежесін алған азаматқа бірден «Қазақстанның Еңбек ері» мәртебесі беріледі. Бұл туралы ОКҚ брифингісінде Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мəлім етті.

«2013 жылдың қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Еңбек күні бекітілген болатын. Бұл мереке жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде тойланады. 2014 жылы Елбасының тапсырмасына орай, елімізде «Еңдек ардагері» медалі пайда болды. Бұл медаль өзінің еңбек жолында жоғарғы нəтижелерге қол жеткізген зейнет жасындағы адамдарға беріледі. 2014 жылдың 26 қыркүйегінде өңір-өңірден 300-ден астам жұмысшылардың қатысуымен Астанада «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» деген форум кезінде еңбек адамдары алғаш рет осы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған болатын. Ал биыл Мемлекет басшысының наурыз айындағы Жарлығына сəйкес, жаңа үш дəрежелі үш «Еңбек даңқы» төсбелгісі бекітілді. Айта кетерлігі, «Еңбек даңқы» төс белгісінің үш дəрежесіне ие болған азамат мəртебесі бойынша «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие азаматтармен теңеседі»,-деді вице-министр.

Б.Нұрымбетовтің айтуынша, бұл медаль тек қарапайым жұмысшыларға беріледі жəне осы жылы Тəуелсіздік күніне орай орден алғаш рет тапсырылады. «Осы марапат ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыруға жəне ұлттық экономиканың бəсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін өндірістегі нəтижелі жұмысы үшін тек қарапайым жұмысшылар мен еңбек адамдарына беріледі. «Еңбек даңқы» ордені алғаш рет алдымыздағы Тəуелсіздік күніне орай тапсыру жоспарланып отыр», - деп Б.Нұрымбетов.