Еңбек көші-қоны талаптарын бұзатындардың 90 пайызы Өзбекстан азаматтары - Маңғыстау облысы

АҚТАУ. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Өзге облыстарға қарағанда Маңғыстауға еңбек мигранттары көп келеді.

Бұл туралы Ақтау қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы А. Аташева мәлім етті.

Оның айтуынша,  статистикалық мәліметтерге қарағанда, еңбек мигранттары Маңғыстау облысына көп келеді.  

Заң бойынша, елімізге туыстары мен таныстарының шақыруымен немесе жеке істері бойынша келген, сондай-ақ іскерлік мақсатпен, оқуға және турист ретінде келген шетелдіктер республика аумағында жұмысқа орналаспайды. Сондай-ақ ҚР заң актілерінде көзделген жағдайларды есепке алмағанда, визада көрсетілген келу мақсатымен байланысты емес өзге де қызметпен айналыса алмайды.

«Алайда, сотта қаралған істердің 90 пайызы жоғарыда аталған тәртіптердің бұзылуына қатысты. Олардың денін Өзбекстан Республикасының азаматтары құрайды. Олар келу мақсатын «жеке сапар» деп көрсеткенімен, мұнда келген соң жұмыс істеп, жеке кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға жалданып, еңбек қызметімен заңсыз айналысады. Сонымен қатар шетел азаматтарының ел аумағында ұзақ уақыт бойы заңсыз болу фактілері кездеседі. Бұл ішкі істер органдарының жергілікті жерлерде мұндай адамдарды дер кезінде анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесінің жолға қойылмағандығын айғақтайды»,- дейді судья А. Аташева.