Еңбекпен қамту саласындағы мемлекеттік саясат жаңа үлгіде жүзеге асатын болады - Г. Әбдіхалықова

А. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, былтырғы 2009 жылдың 4-ші тоқсанындағы қорытындылар бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрапты. Есте болса, бұл көрсеткіш 2008 жылы - 6,6 пайыз болып, 2009 жылдың басында 6,9 пайызға дейін бірақ жеткен еді.

Пессимистік болжамдар 2009 жыл бойы бұндай үдерістің арта түсетінін жариялағанымен де, Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарының нәтижелі жүзеге асуы жағдайды қалыпты деңгейде орнықтырды. Бұл ретте «Үкіметтің ең сәтті бағдарламасы» деп айдар тағылып жүрген «Жол картасы» үлкен құлдыраудың алдын алды десе де болады. Ендігі мақсат тиімді жүргізілген Жол картасын, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыра отырып, бүкіл республикадағы еңбекпен қамтудың оңтайлы тетігін ұйымдастыру. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова дәл осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары туралы әңгіме өрбіткен болатын.

Министрдің сөзіне қарағанда, Жол картасын жалғастыра түсу шеңберінде 2010 жылы 3 мыңға тарта инвестициялық жобалар көзделсе, бұны қаржыландыру көлемі 82 млрд. теңгеге дейін барады екен. Жөндеу жұмыстары саласында да қосымша 130 мыңға тарта жұмыс орындарын ашу ойластырылуда. «Жалпы Жол картасының тапсырмаларын орындау бізді дағдарыс кезеңінде көп нәрсеге үйретті. Біз еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласында туындайтын тәуекелдерді басқаруға жаңаша қарауға мәжбүр болдық. Сонымен бірге, Дағдарыстан шығу мен экономикалық дамудың қарқынын арттыру шаралары, экономикалық белсенді халық санының болжалды динамикасы еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жаңартуды талап етеді. Осыған орай, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын ескере отырып, біз саланы тұтастай қамтитын мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірледік. Бұл тұжырымдама жақын арада талқылауға шығарылады. Соның негізінде ұзақмерзімді перспективада халықты еңбекпен қамтудың нәтижелі жаңа үлгісі жасалатын болады», - дейді министр.

Әрине, алдағы бесжылдық жоспар бойынша индустрияландыру бағдарламасын жүргізу үшін де үлкен жұмыс күші қажет етілетіні айқын. Ендеше, елімізді индустрияландыру саясаты мен жұмыспен қамту саясатының тұжырымдамасы бір-бірімен үйлесімді шығуы да шарт. Жаңа үлгідегі бірінші бағыт та осымен байланысты. Түптеп келгенде, азаматтарды оқыту мен қайта даярлықтан өткізу аясында ең алдымен болашақ перспективалар ескерілсе игі. Еңбекпен қамту тұжырымдамасының негізгі ұстанымы да осыған сай болуы тиіс. Дегенмен, алдағы уақытта талқылауға шығарылатын тұжырымдамада бірқатар мәселелер қарастырылған екен.

Оның ішінде біріншіден - Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында салалардың техникалық және қызмет көрсету бөлігі мамандарына деген сұраныстарға мониторинг жүргізу және ғылыми негізделген болжамдар жасау көзделеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, индустрияландыру картасы бойынша кең байтақ Қазақстанның қай түкпірінде қандай зауыт, қандай фабрикалар салынады, бұған қанша жұмыс күші, яки болашақта сол нысандарға қандай мамандар қажет?! Тұжырымдама соның негізіне сүйенуі тиіс. Жалпы, дағдарыстан кейінгі жағдайда ерекше әлеуметтік маңызды болатын еңбек рыногында сапалы мониторинг жүргізу халықты тиімді жұмыспен қамтуға, еңбек күшін икемді орналастырып, дұрыс пайдалануға септігін тигізеді. Екіншіден, халықтың экономикалық белсенді бөлігінің табиғи өсімін ескере отырып, жұртшылықтың еңбек балансын, сондай-ақ, еңбек ресурстарының ішкі резервтерін пайдалану және шетелдік жұмыс күштерін тарту мәселесі. Бұл ретте, 2012 жылдан бастап облыстық деңгейдегі еңбек ресурстарының балансы жасала бастаса, 2015 жылдан бастап жалпы ел аумағындағы жұмыстар жоспарланған. «Жалпы, зерттеулерге қарағанда жұмыссыздарды еңбекпен қамту, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың еңбек қарым-қатынастарын заңдастыру, еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамтудың өсуі есебінен қосымша 1 млн.-ға жуық жұмыс күшін алуға болады екен», дейді Еңбек министрі Г. Әбдіхалықова. Әрине, жұмыссыздықты түпкілікті жою еш мүмкін еместігі айқын, бірақ еңбекші-мигранттарды, шетелдік мамандарды тартуда алдымен жергілікті күштің қауқарына анық көз жеткізілсе игі. Оның үстіне, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нүкетаеваның есебі бойынша, бүгінгі күні өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықтың саны 3 млн.-ға жуықтайды екен. Олардың ішінде жасырын жұмысқа араласқаны, тіпті бір күндік еңбекке байланғаны да баршылық. Ендеше бұл санаттағыларды да еңбекке тарту мәселесі уақытылы шешімін тауып отырмаса - бұл да үлкен қауіп. Еңбекпен қамту саласын айтпағанның өзінде, осы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың алдағы уақытта зейнетақы жүйесіне үлкен залалды болуы да ғажап емес.

Үшіншіден, адами ресурстар сапасын арттыру. Яғни, кәсіпке баулу. Оның ішінде қайта мамандандыру ісіне жұмыс берушілердің атсалысуын экономикалық тұрғыдан ынталандыра отырып қызметкерлер дайындау. Министрлік деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні әлеуметтік серіктестіктерді тарта отырып біраз мәселелер нақтыланған. Ал жекелеген жағдайларда мамандарға кәсіптік-біліктілік талаптары қайта жаңартылған. Бұның барлығы кәсіптік стандарттарға негіз бола алады. Мамандарды, оның ішінде жұмыссыздарды қайта оқыту арқылы ішкі еңбек рыногын қорғаудың маңызы зор болатыны түсінікті.

Төртіншіден, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру, еңбекпен оңтайлы, өнімді және орнықты қамтуды қарастыру. Бұл ретте экономиканың түрлі салаларын жіті қадағалап, кадр қажеттілігін болжауды жолға қою қажет. Бесіншіден, еңбек нарығы мен жұмыспен қамту саласындағы икемді саясатты әлеуметтік қорғалудың жоғары деңгейімен (флексикьюрити саясаты) үйлестіру. Бұл жағдайда жаңа үлгі - әлеуметтік қорғалу тәуекеліне ұшыраған азаматтар мен жергілікті атқарушы органның арасындағы «өзара міндеттемелер» қағидаларына негізделеді. Әлеуметтік қолдау алу құқығы еңбекке қабілетті жұмссыздар мен басқа да нысаналы топтардың жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын бағдармаларға атсалысатын мүмкіндіктерімен қабысатын болады.

Жалпы, еңбекпен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты қамтитын мұндай тұжырымдама уақытылы әзірленген. Дегенмен, бұндай саясатты жетілдіре түсу үшін жалпы талқыға шығарудың артықшылықтары болары сөзсіз. Оның үстіне, еңбекпен қамту саласында халықты орналастыру, ішкі көші-қон үдерістерін тиімді пайдалану шарасы да қамтылып жүргізілсе игі. Мәселен, сенатор Ғани Қасымов мемлекеттік шекара маңын игеру, сол маңға ауылдар салып, халықты тарту мәселесін дүркін-дүркін көтеріп келеді. Жұртшылықтың ынтасын ашу арқылы жүзеге асатын бұндай қадам тек қауіпсіздік үшін ғана емес, жұмыспен қамту, оңтайлы орналастыру үшін де маңызды болмақ.