«Елбасы Жолдауында еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын даярлауға байланысты нақты тапсырмалар берді. Бұл өте маңызды мәселе. Меніңше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін 2011 жылдағы маңызды мәселе болып табылады", - деді К.Мәсімов.
Премьер-Министр Елбасы Үкіметтің алдына қысқа мерзімде еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын әзірлеу міндетін жүктегенін айта келе, елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар бар екенін, алайда бұл адамдар көптеген әлеуметтік мәселелерден қалыс қалып отырғандығын, оларда зейнетақы қорына қаржы аударылмайтынын, сондай-ақ бұл азаматтарға қатысты бүгінде шешуді қажет ететін басқа да мәселелер бар екенін айтып өтті.
«Еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасы осы ұстанымды мәселелерді шешуі тиіс»,-деді Үкімет басшысы.
Үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламаны іске асыру басталғанына тоқталған ол, осы орайда жұмыспен қамтудың бағдарламасы аясында еліміз азаматтары тиісті біліктілік дайындықтарынан өтіп, индустриялдық-инновациялық бағдарламасына барынша қатысу мүмкіндіген қол жеткізуі қажет екенін атап өтті. «Осы ауқымды бағдарламада ұзақ мерзімді болашаққа және қоғамның тұрақты дамуы үшін бізге бірінші кезекте еліміздің халқын жұмыспен қамту керек. Әзіргі тиісті дайындығы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірінші кезекте осы дайындықтан өтуі тиіс»,-деді Үкімет басшысы.