«Енді Бартоғайдың тасығалы тұрғаны рас па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 18-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 18-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ташкенттегі «Көксарай» резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың кездесулерінің ресми рәсімі болып өтті. Кездесудің ресми рәсімінен кейін екі елдің басшылары шағын құрамда кездесу өткізді. Осы маңызды кездесу жайында егжей-тегжейлі жазған «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Тамыры бір, тарихы ортақ» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының одан әрі даму мәселесі талқыланған. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Қазақстанның осы ресми сапарын өзбек тарабы қазақ-өзбек ынтымақтастығын дамытудағы маңызды оқиға, біздің елдеріміздің арасындағы көпжоспарлы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудағы өзара тиімді мүделіліктің нақты белгісі ретінде қарастыратынын атап өткен. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Өзбекстан өңірдегі ірі мемлекет болып табылатынын атап, «Біздің халықтарымыздың тамыры бір, бізді бауырластық тарихы, көршілестігіміз байланыстырады. Біз Өзбекстан басшылығына ЕҚЫҰ-на біздің төрағалық етуімізді және Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуімізді қолдағаны үшін алғыс айтамыз», деген.

Мемлекет басшысының өзбек еліне жасаған 2 күндік ресми сапары хақында «Алаш айнасы» газеті де кеңінен жазған.

Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамасын қолдады. Бұл жайында «Казахстанская правда» газеті Н.Назарбаевтың көрші республикаға жасаған ресми сапарына арналған мақаласында жазады. Онда «Біз ҚР-ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, сонымен қатар республиканың Ұйым Саммитін өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймыз», деген И.Кәрімовтің сөзі келтірілген.

«Әлемде жанталаса қарулану тағы да басталды. Оған ресми дерктер куә. Мысалы, АҚШ-тың қорғанысқа жұмсап отырған биылғы шығыны 722,1 миллиард долларды құрайды (Жалпы ішкі өнімнің 4,9 пайызы. Әскер саны - 1 млн 300 мың адам). Бұл - әлемдегі 200-ге таяу мемлекеттің қорғаныс мақсатында жұмсайтын бюджетіне тең. Айтары жоқ, мол ақша. Бұдан экономикасы дамыған әлемнің өзге елдері де қалысар емес. Тағы да нақты дерекке назар аударалық. Қытай - 81,4 млрд (әскер саны 2 млн 250 мың), Ұлыбритания - 42,8 млрд, Франция - 45 млрд, Жапония - 44,3 млрд, Германия - 35 млрд, Италия - 28,1 млрд, Оңтүстік Корея - 28,1 млрд, Ресей және Үндістан - 21 млрд долларды осы салаға бөліп отыр», деп жазады «Айқын» газеті. Мақалаға өзек болған жайт басылымның бейсенбілік нөмірінде «ТМД-да қарулы қақтығыс болуы мүмкін бе?» деген тақырыппен жарияланды. Сондай-ақ ТМД елдерінің 2008-2010 жылдардағы қорғанысқа бөлген қаражатын білгіңіз келсе, мақалаға назар аударыңыз.

***

«Нұр Астана» газетінің бүгінгі санында «БҰҰ ұлықтаған наурыз бізде қалай тойланады?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Біздіңше, наурыз мерекесін тойлаудың соңғы жиырма жылда қалыптасқан дәстүрінен арылар кез жетті. Ол жетпіс жыл бодандық бұғауында болған халқымыздың санасынан ұмытыла бастаған мерекені еске түсіру тұрғысындағы қызметін атқарып болды. Енді оны шын мәніндегі халықаралық, елдік, халықтық мерекеге айналдыру керек», деп жазады басылым.

«Барбидың» орнын «Бибігүл» басады». «Нұр Астана» газетінде осы тақырыппен жарияланған мақалада елімізде экологиялық таза материалдардан әдемі қуыршақтар жасауға толық мүмкіндік бар екендігі жазылған. Бұл орайда суретші Сәкен Назарханұлының қолынан шыққан «қазақ арулары» бала денсаулығына зиянсыз әрі тәрбиелік мәні үлкен екендігі баяндалған.

***

Кеше ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордада салынып жатқан әртүрлі маңыздағы құрылыс нысандарын аралап, кеңес өткізді. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Құрылыс жайы қаралды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, кеңеске қатысушылар Астана Жаңа университеті аумағындағы жұмыспен танысқан. Ағымдағы жылдың шілдесінде алғашқы студенттерін қабылдай бастайды деп жоспарланып отырған университет ғимаратының құрылысы толық аяқталмағанымен, сабақтар алғашқы кезекте салынған тоғыз ғимаратта өтпек. Сондай-ақ олар 7-ші Қысқы Азия ойындары өткізілетін Республикалық велотректі, «100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы 350 жатын орынға арналған амбулаториялық-емханалық кешенді аралап көрген.

Көшпелі кеңес жайында «Вечерняя Астана» газеті де кеңінен тоқталған.

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінен Наурыз мерекесіне орай қаладағы көлік қозғалысының кестесі, меркелік жоралғылар мен концерттік бағдарламалар өтетін алаңдар жайында кеңінен жазылған.

Осы басылымның айқара бетінде Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Елдің солтүстік қақпасы бір қайырылуды қажет етіп тұр» деген тақырыппен берілген. Басылымның сан қилы сауалдарына тұшымды жауап берген депутат екеуара әңгіме барысында «Шын мәнінде біз Алаштың 90 жылдығын дүркіретіп атап өтуіміз керек болатын. Ол қызық үшін емес, бүгінгі ұрпаққа Алашты таныту үшін, Алаш қайраткерлерін таныту үшін, ел тарихын жаңғырту үшін керек болатын. Бірақ, өкінішке қарай, ол болмай қалды», деген пікірін білдірген.

***

«Алматы облысындағы Бартоғай суқоймасы маңының тұрғындары көктемгі тасқын қаупінен сақтанып, өзге өңірлерге көшудің қамын ойластырып жатыр. Біздің редакциямызға Шелек елді мекені тұрғындарының бірі хабарласып, ел ішінде дүрлігу күшейгенін айтты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Енді Бартоғайдың тасығалы тұрғаны рас па?» деген тақырыппен берілген мақаласында. Дегенмен Еңбекшіқазақ ауданы жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жоюды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Абай Махметов «Бартоғай суқоймасының жағдайы үнемі бақыланып отыр. Мұнда барлығы 320 млн текше метр су сыяды. Жуырда жиналған су 252 млн текше метрге жетіп еді. Алайда кеше 245 млн текше метрге дейін төмендеді. Суқоймадан Шелек өзеніне секундына 45 текше метр су құйылып жатыр. Үлкен Алматы каналы арқылы Түрген, Есік өзендеріне де 15 текше метрден су ағызып, Бартоғай деңгейін түсіріп отырмыз. Біз оның толып кетуіне жол бермейміз. Күн сайынғы бақылау нәтижелері аудан әкіміне баяндалуда», деп жауап беріпті.

«Еліміздегі қарт теңіз Каспийдің баға жетпес байлығының бірі итбалықтар жойылудың аз-ақ алдында тұрған сыңайлы. Осыдан жиырма жылдай бұрын ғана қойнауында 1 млн-ға жуық тюлень ойқастаған Қаспийде бүгінгі таңда 8 мыңға жуық қана итбалық қалған. Осылайша, құлқынының құлына айналғандардың кесірінен көзі мөлдіреген су жануарының жалпы саны 90 пайызға кеміп кеткен», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымдағы мақалаға өзек болған жайт төңірегінде кең мағлұмат алғыңыз келсе, «Каспийдің байлығы - итбалық құрудың аз-ақ алдында тұр» атты мақалаға назар салыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы: «Еліміздегі барлық стратегиялық нысандарды анықтап, мемлекет иелігіне қайтару дұрыс бола ма?». Осы сауалға жауап берген саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов: «Сол су қоймалардың жанындағы елді мекендерді паналап отырған адамдардың өміріне сол жекеменшік иелері жауап беретініне менің күмәнім бар. Жауап бәрібір мемлекеттен, Үкіметтен алынады. Осындай апаттардан жекеменшік иелері құтылады, Үкімет тұтылады. Қарапайым тілмен айтқанда, пайданы меншік иелері тапқанымен, шығынды бәрібір мемлекет өтейді. Маңызды нысандар жекеменшік иелерінің қолында болғанда, халыққа ешқандай пайда болмайды», десе экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов: «Стратегиялық нысандардың барлығын мемлекет иелігіне қайтарудың қажеті жоқ. Бізде науқаншылдық басым. Біресе жаппай жекешелендіреміз де, енді бірде түгелдей мемлекеттің меншігіне қайтару керек деп ұрандатамыз. Меніңше, бұл - дұрыс емес. Нарық заңдылығында меншік бәсекесі қатаң сақталып тұруы тиіс. Меншік бәсекесі сақталмаса, нарықтың заңдылығы да бұзылады. Сондықтан стратегиялық нысандардың түгелімен мемлекеттің меншігіне қайтару да дұрыс емес. Неліктен? Себебі мемлекеттің меншігінде болған әлеуметтік нысандарды барлығын кезінде жекешелендірдік. Ол кезде тіпті төмен бағаларға сатылып кеткені жасырын емес. Ал енді келіп мемлекет барлық нысанды қайтарып алам десе, жекеменшік иелері о бастағы тиын-тебенге сатпайтыны екібастан белгілі. Қомақты қаржы сұрайды. Сондықтан бұл да артық шығынды талап етеді», депті.

***

«Қазақстан үкіметі алдағы егін егу науқанына арнап дизель жанармайының бір литрінің бағасы 62 теңгеден аспауға тиіс екені туралы шешім шығарды. Бұл туралы бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеев мәлімдеме жасады», деп жазады «Экономика» газеті «Үкімет диқандарға жағдай жасауда» деген тақырыппен басылған мақаласында. Басылымның бүгінгі нөмірінен айтылған жайт төңірігенде егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Жедел индустрияландыру - «Қазақмыстың» қарқынды жобалары». «Экономика» газетінің жазуынша, «Қазақмыс» корпорациясы 2010 жылы Павлодар облысының өнеркәсібін дамытуға қомақты инвестициялық салымдар жасамақ. Әлемге танымал ірі өндіруші компания биыл Бозшакөл кен-байыту комбинатының құрылысын бастайды. Екінші бір елеулі жобасы - Екібастұз ГРЭС-1 стансысының өндірісін кеңейту болып табылады. «Қазақмыс» сондай-ақ облыстың құрал-жабдық шығарушы үш кәсіпорнына алдын-ала төлем жасау ретіне қаржылай көмек бермек. Бұл туралы аймаққа арнайы сапармен келген «Қазақмыс» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы В.Ким мәлімдеген.

«Экономика» газеті салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қызғыштай қорғап, ұлықтап жүрген этнограф Жағда Бабалықұлымен арадағы сұхбатты «Жер шарының қоңыр үйегiнде орналасқан халықпыз» деген тақырыппен жариялаған. Екеуара әңгіме барысында ол «қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары - тәңiрқұттар наурыз басталатын күнi тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерiлген күнге қол жайып, тiлек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңiрқұтының арт жағын ала қолында қобызы бар абызы отырады. Тәңiрқұты дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйшi бiр-бiрден күй тартады. Содан кейiн наурыз тойы басталатын болған. Бұндағы 9 және 365 сандарының астарында өзiндiк мән жатыр. Соған қарағанда, арғы ата-бабаларымыз наурызды аса ардақтап, аса бiр салтанат-даңқпен тойлаған ба деп ойлаймын», депті.