Осы апталықтың алғашқы күні өткен «Дүниежүзі Мұнай кеңесі жанындағы жастар комитетінің іс-тәжірибесі. Энергетика саласы үшін жас мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы алғашқы мәжілісі ел экономикасын қажетті мамандармен қамтамасыз ету, жас мамандарды даярлау ісіндегі біраз түйткілдер мен маңызды мәселелердің бетін ашты.
Сөз жоқ, елімізде жастарды қажетті мамандықтарға оқыту, экономика үшін зәру мамандар даярлауға айтарлықтай көңіл де, қаржы да бөлініп жатыр. Мысалы, аталған конференция жұмысын ашқан «Kazenergy» энергетика және мұнай-газ кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығының бас директоры Жанболат Сәрсенов өз сөзінде мемлекеттің жас мамандарды қолдауға арналған іс-шаралардың тиімділігіне тоқталып, «ҚазМұнайгаз», «ИнтерГаз-Орталық Азия», «Шеврон» және «Лукойл» компанияларының демеушілігімен қолға алынған білім беру бағдарламасының нәтижесін жария етті. Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын 253 студентке арнайы шәкіртақылар белгіленіп, жыл сайын тегін оқуға мүмкіндік беретін 25 грант бөлініп отырады. Сондай-ақ бүгінгі таңда кәсіби лицейлер мен колледждердің ішінен 20-дан астап оқуы үздік жас маман іріктеліп алынды. «Осымен біз кәсіби білім беру саласының барлық деңгейлерін қамтуды көздедік. Бұл жұмыста қаржылық көмекті демеушілер көрсетсе, біз құжаттамалық-әкімшілік негізді жасап беріп отырмыз. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі оқу-әдістемелік қызметті жүргізіп келеді»,-дейді Ж.Сәрсенов.
Бүгінгі таңда кәсіби білім беру саласына салынған қаржы екі есе қайтарылады екен. Осыған орай биыл елімізде қолға алынған «Жол картасы» мемлекеттік жобасы аясында кәсіби-техникалық білім беру саласына 10,8 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 100,9 мың қазақстандық азаматты қайта даярлау мен оқытудан өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде отандық мұнай-газ және энергетика саласына қажетті 24 мың маман 39 жоғары оқу орнында оқытылады. Олар «Мұнай және газ кен орындарын игеру», «Мұнай-газ құбырларын бұрғылау» және тағы басқа мамандықтар бойынша білім алуда. Жалпы, елімізде 700 мыңға жуық адам кәсіби-техникалық біліммен қамтылған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархат Қуанғановтың сөзіне қарағанда, бүгінде мұнай-газ және энергетика саласы бойынша маман даярлайтын жетекші оқу ордаларына Ақтөбедегі политехникалық колледжі, Атырау политехникалық колледжі және Батыс Қазақстан облысындағы №15 Ақсай кәсіби лицейі кіреді. Ал осы саладағы маман тапшылығын шешу мақсатында биыл Атырау қаласында кәсіби-техникалық мамандықтарды қайта даярлау және оқытуға арналған Аймақаралық орталық ашылады. Алдағы уақытта мұнай-газ және энергетикаға бағытталған сондай 4 орталықты ашу жоспарланып отыр.
«Бүгінгі таңда біз еліміздегі мұнай-газ және энергетика саласындағы кен орындарды игеріп жатқан компаниялардың келісім-шарттағы маман даярлауға байланысты міндеттерді орындауды бақылауға алу жұмысын заң жүзінде бекітуге ниетті болып отырмыз. Оның ішінде жас мамандарды даярлау үшін бөлінуге тиісті қаражат мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Бұл жұмыс бойынша біз нақты құжаттарды әзірлеп, заң жүзінде бекітуді көздейміз», - дейді министрліктің жауапты хатшысы.
Сондай-ақ еліміздегі мұнай-газ және энергетика мамандарын бүгінгі заманға сай етіп даярлау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі осы саладағы білім беру стандарттарын әзірлеуді жұмыс берушіге тапсырып отыр. Ф.Қуанғановтың айтуынша, жұмыс беруші компаниялар жас мамандарды даярлау бойынша халықаралық талаптарды негізге ала отырып, өз стандарттары бойынша нақты ұсыныстар жасай алады. Бұған мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінді. Басты мақсат - мұнай-газ және энергетика саласында мамандарды куәландырудың ұлттық жүйесін қалыптастыру. «Алдағы уақытта біз кейбір талаптарды таңдап, мұнай-газ саласы үшін енгізуді көздеп отырмыз. Салалық ұйымдар осыдан екі апта бұрын құрылған Кәсіби-техникалық кеңеске барлық ұсыныстарды жолдай алады. Кеңестің қарауынан өткен білім беру стандарттары белгілі бір саланың нақты негізі ретінде бекітіледі»,-дейді Ф.Қуанғанов.
Өкінішке қарай, ҚР Білім және ғылым министрлігі атқарып жатқан жұмысқа қарамастан, елімізде даярланып жатқан кәсіби-техникалық мамандар бүгінгі еңбек нарығының талаптарына сай келмейді.Конференция барысында осы мәселені атап өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов соңғы жылдары Қазақстанға шет елдерден тартылған жұмыс күшінің артып келе жатқандығына тоқталды. 2003 жылы елімізге келген шетелдік мамандардың саны 17 мың адам болса, 2008 жылы олардың саны 54 мыңға дейін өсті. Өзге жердің мамандары Қазақстанға әлемнің 100 елінен келеді екен. Олардың басым бөлігі - қытайлықтар мен түріктер. Биыл болса, Үкіметтің қаржы дағдарысын еңсеруге бағытталған іс-шараларының арқасында ғана шет елден тартылатын жұмыс күші 28 мың адамға дейін азайды. Ал министрліктің ҚР Үкіметіне жолдаған шетелдік жұмыс күшін тарту ережелеріне өзгерістерді енгізу туралы ұсыныстарына сәйкес шет елден тек инновациялық әлеуеті бар кәсіби жұмысшыларды ғана тарту көзделген. Қазірдің өзінде шетелден тартылатын 3-ші деңгейдегі жұмысшылардың үлес салмағы 60 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеп, кәсіби жұмысшыларды іріктеу мәселесі өз шешімін тапты.
«Бүгінде ел басшылығының дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында қолға алған іс-шараларының нәтижесінде отандық еңбек нарығы жан-жақты қорғалып келеді. Ең бастысы, шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі рұқсат қағаздарын алғанға дейін жұмыс беруші қажетті жұмысшыны, ең алдымен, ел ішінен іздеуі міндет. Бұл жаңа ережелерде көрсетілген. Ондай маман табылмаған жағдайда ғана жұмыс беруші компания шет елден өзіне қажетті жұмысшыны тарта алады»,-дейді вице-министр. Б.Нұрымбетов атап көрсеткендей, бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында белгіленген бірқатар стратегиялық жоспарлардың ішінде жаңа «Көші-қон туралы» заң бар. Бұл құжатты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеуде. «Осы орайда біз көші-қон және шетелдік жұмыс күшін тартуды адам капиталының негізгі көзі ретінде қарастырудамыз. Бұл Қазақстанның көші-қон саласындағы саясатын жетілдіруді көздейді. Сондықтан бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа редакциядағы «Көші-қон туралы» заңды әзірлеуде. Бұл құжат еліміздегі көші-қон саласындағы саясатты толығымен жаңартуға бағытталатын болады»,-дейді ол.
Конференция аясында «Kazenergy» энергетика және мұнай-газ кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат аясында тараптар мұнай-газ саласындағы жас мамандарды даярлау және басқа да мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істемек. Сондай-ақ халықаралық талаптарға сәйкес кәсіби мамандар мен жұмыстардың бірыңғай анықтамасын әзірлеу жоспарланып отыр.