- Шаймерден Әбілмәжінұлы, бүгінде Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету және электр энергиясын өндіру ахуалын қалай бағалар едіңіз?
- Қазіргі кезде Қазақстанда дәстүрлі энергия ресурстары қолжетімді, яғни арзан көмірден өндірілетін қуат бар, сондай-ақ қолданыстағы қазандықтарды газға көшіру жүргізілуде. Сонымен қатар елде уранның ауқымды қоры бар екені белгілі. Бұл тұрғыда атом энергетикасын дамыту қисынды бағыт. Мұнымен қоса, бүгінде баламалы энергия көздерін іздестіруде белсенділік бар. Әрине, жаңаратын энергия көздерін дамытқан дұрыс, бірақ та оны жергілікті деңгейде жүзеге асыру қажет. Жеке ауылдар немесе кәсіпорындар деңгейінде баламалы энергетика тиімдірек болады.
Осы ретте жел және күт қуатынан алынған энергияны жинақтау мәселесін шешуіміз керек, тек осыдан кейін жаңаратын энергия көздерін еліміздің бірыңғай энергия жүйесіне тиімді түрде қалыптастыруға болады.
Әзірге біз дәстүрлі электр стансалары үшін арзан шикізатты пайдаланудамыз және осылардың энергиялық тиімділігін арттыру бағытанда жұмыс істеудің өзіндік мәні бар. Бұл бағытты дамытудағы негізгі проблема - ол жабдықтардың едәуір ескіруі. Нәтижесінде, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған электр стансаларында пайдалы әсер коэффициенті өте төмен болып отыр, сондай-ақ олардағы энергия тиімділік тиісті деңгей емес және шығарындылар көлемі де жоғары. Менің ойымша, еліміздің ауқымында барлық стансалардың стратегиялық аудитін жүргізу керек. Мемлекет осы саламен стратегиялық тұрғыда айналысуы тиіс. Нарықтың барлық қатысушылары үшін бірыңғай қадамдар мен ережелерді бекіту қажет.
Жабдықтарды сатып алу мен оларды күтіп ұстауға, жөндеуге және жетілдіруге бірыңғай жүйені қалыптастыру маңызды. Осы шараларды ескергенде ғана саланы тиімді дамыту айтарлықтай жеңіл болады. Бұл тұрғыда жылу энергетикалық нарыққа қажетті жабдықтарды немесе бөлшектерді өндіру бойынша мамандандырылған кәсіпорындарды құру мүмкін болады.
Жабдықтардың тозуы деңгейіне тоқталатын болсақ, бұл көрсеткіш орташа алғанда Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасындағы мәліметтерге сәйкес келеді, алайда географиялық тұрғыда әркелкілікпен ерекшеленеді. Мәселен, Астана мен Алматы оңтайлы мысалдар бар, яғни бұл қалаларда жылу энергетикасы жақсы дамып келеді. Ал кейбір өңірлерде жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Осы орайда Семей, Арқалық, Шахтинск, Өскемен қалаларында жағдай мәз емес. Кейбір жағдайларда модернизацияның өзі мүмкін болмайды, бұл ретте өзінің ресурсын асыра орындаған нысандарды қаңтарып қойып, олардың орнына бірыңғай мемлекеттік жүйе аясында жаңаларын салу орынды болар еді.
- Энергия мен жылу өндіру нарығындағы қазіргі заманғы технологияларға қандай талаптарды қойған жөн?
- Қазіргі кезде құрамдастырылған стансаларды салып, дамыту керек. Бұлар өз кезегінде жылу мен электр энергиясын көмірмен, кейіннен газбен де өндіруге қауқарлы. Шынымен де бұл жылу энергетикасының бүгіні мен ертеңі. Бұл стансалар дамуы үшін қандай да бір артықшылықтарды іске асырып, салықтық жеңілдіктерді құру керек. Бастысы - Қазақстанға жылу энергетикалық кешенді дамытудың біртұтас мемлекеттік бағдарламасы, жүйелік мемлекеттік қолдау қажет. Мәселен, елімізде жылумен қамтамасыз ету туралы заң жоқ. Осы ретте жүйелі түрде жан-жақты қадам әзірленбей, жергілікті жерлердегі органдарда өзекті проблемаға біршама жеңіл-желпі қатынас болады. Елдегі жылы энергетикалық жүйені қалайша дамыту мен басқару жөнінде түсінік жоқ, әзірге барлығы тым шашыраңқы және осыдан даму көрсеткіші тиісті деңгейде болмай тұр.
Мұнымен қоса, отын-энергетикалық кешені нысандарының көпшілігі жеке қолда болуынан да қиындық бар. Алайда, бұл тұрғыда тіршілікті қамтамасыз ету нысандары назарда болғандықтан, мемлекет жүйені құрып, үдерісті басқаруы тиіс.
- Жылу энергетикасы кешенін жаңғырту секілді ауқымды жобада қажетті жұмыстарды тек өз күшімен іске асыру қиынға түсетіні анық. Осы орайда шетелдік компаниялармен ынтымақтастық қажет болар. Сіздіңше, шетелдіктермен байланыстарды қай бағыттай дамыту керек болады?
- Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, бізде шикізаттық экономикаға негізделген және КСРО кезеңінде жабдықтарды өндіру басқа өңірлерде шоғырланған болатын. Отандық жылу мен электр стансаларының 80 пайыздан астамы кеңестік, ресейлік бөлшектермен, құралдармен жабдықталған. КСРО ыдыраған кезде энергиялық кәсіпорындар импортты жабдықтарды сатып ала бастады. Бұл ретте түрлі өндірушілерден жеткізілген жабдықтар пайдалау мен жөндеу барысында үлкен қиындықтар тудырды. Қазіргі кезде қолданыстағы қуаттарды құлдыратпай, дамыту маңызды. Ресейлік кәсіпорындарды біз өте жақсы білеміз. Сондықтан осы елдің кәсіпорындарымен ынтымақтастықты арттырған абзал. Бұл ретте мамандарды бірлесіп даярлаудың мүмкіндігі зор.
- Қазақстанда жылу энергетикалық саланы қамтамасыз ететін өндірістерді құрудың алғышарттары бар ма?
- Қазіргі кезде Қазақстанда энергетика қажеттіліктері үшін өзінің өндірістері жоқтың қасы. Бұл жағдайда не істеу керек? Біріншіден, жабдықтарды әкелу үшін кедендік және салықтық жеңілдіктерді құру қажет. Егер де қажет өндіріс болмаса, онда саланы дамыту бағытында жоғары баж салығымен кедергі жасаудың керегі қанша?
Жылу және электр энергетикасы үшін жабдықтарды әкелуге бекітілген қолданыстағы салықтық және кедендік жүйе елдегі жылу энергиясымен қамтамасыз ету саласын жаңғыртуды тежеп тұр. Бұл жайында мемлекетке тиісті қадамдар жасау керек. 10 қарашада бұл мәселе энергетика бойынша республикалық кеңесте талқыланады деген үміттемін. Басқа жағынан алып қарағанда, жабдықтарды, бөлшектерді өндіру аясында бірлескен кәсіпорындарды құру қажет. Оны құру үшін қазақстандық машина жасаушылардың, бұрынғы қорғаныс зауыттарының әлеуетін пайдаланған орынды болады. Сонымен қатар саланы дамыту үшін ойластырылған тарифтік саясат маңызды.
- Мамандар Қазақстанда энергия тапшылығы жоқ дегенді жиі айтуда. Бұл үрдіс қаншалықты ұзаққа созылады?
-Иә, Қазақстанда қазіргі кезде энергия тапшылығы жоқ деген сөздер жиі естілетіні рас, алайда бізде энергия қуатының қоры да жоқ. Атап айтқанда, жылу энергетикалық саласын дамытуға жүйелі қадамды әзірлеу - бұл стратегиялық маңызды міндет. 2030 жылға дейін көмірді белсенді пайдалануымыз қажет, осымен қатарлас газға және ядролық отынға көшуіміз керек. Сонымен бірге жергілікті деңгейде жаңаратын энергия көздерін дамытуға мән беруге тиіспіз. Ең бастысы - өндіруші стансаларды дамыту үшін жағдай жасайтын жүйені құру маңызды екенін қадап айтқым келеді.