Естеріңізге сала кетсек, байқау Алматы облысында биылғы жылдың 1 маусымында басталып, бір ай өткен болатын. Байқаудың мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дарынды шығармашыл балаларды анықтау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту болып табылады. Шараның ұйымдастырушылары - "Демеу" мүгедектер қоғамы мен журналист Сандуғаш Дүйсенова.
"Байқау жайында ақпараттар республиканың барлық өңіріне жіберілгенімен, өкінішке орай, шығармалар аз келіп түсті. Атап айтқанда, қазіргі уақытта 28 шығарма келді. Елімізде 54 мың мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқандығын ескерсек, 28 шығарма, ол өте аз көрсеткіш. Біз оған себеп, ақпараттардың барлығына жетпегендігі деп ойлаймыз. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалармен айналысатын барлық мемлекеттік мекемелерді, ҮЕҰ-ні, сонымен қатар, олардың ата-аналарын байқауға қатысуға шақырамыз", - деді жоба жетекшісі Сандуғаш Дүйсенова.
"Біз еліміздің түкпір-түкпірінде дарынды балалар бар екендігіне сенімдіміз. Бұл шара арқылы ондай жандардың қоғам үшін қажетті, керек екендіктерін және олардың ұмытылмағандығын айтқымыз келеді", - деп атап өтті Демеу" мүгедектер қоғамының президенті Ахат Ұзақбаев.
Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, байқау қараша айының соңына дейін жалғасатын болады және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жеңімпаздар анықталмақ.
Байқауға бұған дейін еш конкурсқа қатыспаған қазақ және орыс тіліндегі шығармалар қабылданады. Оған 7-25 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады.
"Шығармалардың мәтіні электрондық үлгіде болуы керек, егер мүмкіндік болмаса қолжазба шығармалар да қабылданады. Бір автор тек бір шығарманы ғана бере алады. Бірлескен авторлық шығармалар да қабылданады. Шығармаларды шығармашылық қоғам өкілдері мен педагог, журналистерден құралған қазылар алқасы қарайтын болады. Жеңімпаздар мақтау қағаздары мен арнайы дайындалған бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады", - деді байқаудың ұйымдастырушылары.
Ұйымдастырушылар бұнымен қатар, үздік шығармалардың кітап болып шығатындығын және келіп түскен шығармалардың ең үздігі "Ұлан" газетінің қараша айындағы нөміріне жарияланатындығын мәлім етті.
Шығармалар demey.kz@mail.ru электронды поштасы арқылы және Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Әуезов көшесі 3 үй, 5 пәтер (индекс 040521) мекен-жайы бойынша қабылданады. Анықтама үшін байланыс тел.: 8 728 36 3 23 18