Мемлекет мерекесі кезінде ел ішіндегі туристердің саны 765 миллионды құрады - «Халық газеті»
Қытай Мәдениет және туризм министрлігінің деректер орталығының есептеулеріне сәйкес, 2024 жылы мемлекет мерекесінің жеті күндік демалысында ел бойынша ішкі саяхат көлемі 765 миллионға жеткен. Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» басылымы жазды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл салыстыру өлшемдері бойынша сәйкес мезгілмен алғанда 5,9% артқан. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2% өсті. Жалпы ішкі туристік іссапар шығындары 700,817 миллиард юаньды құрап, салыстыруға болатын өлшемдер бойынша сәйкес мезгілмен салыстырғанда 6,3% және 2019 жылдың сәйкес кезеңімен алғанда 7,9% ұлғайған.
Сондай-ақ «Халық газеті» басылымында «Қытай Конфуцийдің туғанына 2 575 жыл толуын тойлады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Қытайдың шығысындағы Шаньдун өлкесінде ежелгі қытай философы және ұстазы Конфуцийдің туған күніне арналған салтанатты шаралар басталды.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, арнайы ашылу салтанатынан кейін Конфуций ғибадатханасында музыка мен би қойылымдары мен Конфуций классикасы оқулары өткен.
«Конфуцийге құрмет көрсету рәсімінің өзі Қытайдың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Конфуций біздің эрамызға дейінгі 551 жылы Шаньдун өлкесінің Цюйфу қаласында дүниеге келген. Ол жер қазір ежелгі қытай даналығын құрметтеушілердің зиярат ету орны. Конфуций ілімі конфуцийшілдік деген атаумен белгілі», - деп жазады «Халық газеті».
Сонымен қатар осы аптада «Халық газетінде» «Шыңжаңдағы сынақ ретінде ашылған Алтай-Қом тасжолы «майлы бояу дәлізіне» ұқсайды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген.
Қытайлық басылымның атап өтуінше, жақында отандық саяхатшылардың назарын аударған Шыңжаң Алтай-Қом тасжолы сынақ жұмыстарына ашылған. Автомагистральдің жалпы ұзындығы 209,45 шақырым. Ол Шыңжаңның Алтай аймағы, Алтай қаласы, Ласты қалашығынан басталып, Буыршын ауданының Канас саяхат орнындағы Қом ауылынан аяқталады.
«Маршрут бойында таулы, орман, шабындық, көл, өзен, сулы-батпақты жерлер, аңғар, тас-қорым, ежелгі мұздық қирандылары және т.б. сияқты көптеген табиғи ландшафт бар, ол «майлы бояу дәлізі» сияқты», - деп жазады қытайлық басылым.
Кейінгі 7 жылда Өзбекстанға электромобиль импорты 10 есеге өсті – «ӨзА»
Кейінгі жеті жылда Өзбекстанда электромобиль импорты 10 есе артты. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Өзбекстан шет елдерден жалпы құны 166,8 миллион доллар болатын 12 913 электромобиль импорттаған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 2 371 көлікке көп, - деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» басылымы.
Атап айтқанда, ең көп электромобиль импорттаған елдер Қытай( 12 840), Қазақстан( 22), Гонконг(15), Германия(12), БАӘ(10), АҚШ(9) қатарлы елдер.
«ӨзА»-ның дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында 10 мемлекеттен 217,1 миллион долларлық 7 391 электромобиль әкелінген. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 084 электромобильге немесе шамамен 6 есеге өскенін көрсетеді.
2022 жылы 69,8 миллион долларлық 180 электромобиль импортталған. 2021 жылмен салыстырғанда 1371 электромобильге артқан.
Ғылым және тілдің көпірі: Түркологияда жаңа кітаптар - TRT
Қазақстанда Халықаралық Түркі академиясы жариялаған ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті. Іс-шарада түрколог Бекир Чобанзаденің таңдап алынған ғылыми еңбектерінен тұратын «Тілтұтқа» кітабы қазақ тілінде таныстырылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен шараға ғылыми зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдар қатысты. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Іс-шарада Қырым татарларының көрнекті өкілі және түрколог Бекир Чобанзаденің таңдамалы ғылыми еңбектерінен тұратын «Тілтұтқа» кітабы Түркі академиясының бастамасымен қазақ тіліне аударылып, таныстырылды.
Кітапта автордың жылдар бойы жүргізген зерттеулерінен құралған еңбектер жинақталған.
«TRT»-ның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, іс-шарада Түркі академиясының «Түркі тілдерінің терминология сөздіктері» жобасы аясында жарияланған экономика, тіл білімі және әскери саладағы термин сөздіктері де көпшілік назарына ұсынылды.
Көптеген елдің білікті мамандары бірлесіп істеген бұл жоба ғылыми терминологияны біріктіру және түркі елдерінің ғылыми қауымдастықтарының жақындасуы бағытында маңызды бір қадам болды.
Сонымен қатар іс-шарада Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың монографиясы да таныстырылған.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Түрік фильмдері апталығы Алматыда ерекше ықыласқа бөленді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Түркия Республикасының Алматы Бас консулдығы мен Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм министрлігінің қолдауымен «Жергілікті Түсінік Қауымдастығы» ұйымдастырған «9-шы Түрік Фильмдері Апталығы – Алматы» іс-шарасы Қазақстанның Алматы қаласында көптеген көрермен жинады.
Іс-шараның ашылу гала-концерті «Esentai Mall KinoPark 11 IMAX» кинотеатрында басты рөлдерін Онур Туна мен Пелин Ақыл Алтан сомдаған «Соңғы кешкі ас» фильмімен өткізілді. Кешке фильмнің продюсері Ахмет Селим Тунчермен бірге «Түннің қайырмасы» фильмінің басты рөл актері Дуйгу Мерджан, түркиялық депутаттар, продюсерлер мен режиссерлер қатысты.
Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм министрлігі Кино басқармасының директоры Бирол Гүвен де іс-шарада болып, түрік киносының Қазақстандағы мәдени бейнесіне назар аударды.
Түрік фильмдерінің көрсетіліміне қатысқан алматылықтар режиссер және актерлермен сұхбаттасу мүмкіндігін алды.
Шыңжаңдық Ербол Зықанұлы Ганьсу өлкесінде лауазымды жаңа қызметке тағайындалды - CNR
Ганьсу провинциясындағы Жаңие қалалық веб-сайтының «Көшбасшылық терезесі» айдары жақында жаңартылып, Ербол Зықанұлының Жаңие қалалық партия комитеті хатшысының орынбасары, қалалық партия комитетінің хатшысы және қала әкіміне кандидат болып тағайындалған. Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» жазды.
Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, Ербол Зықанұлы 1973 жылы мамырда туған, жоғары білімді, бұған дейін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі партия жетекшілік тобы хатшысының орынбасары және Қазыналық бақылау меңгермесінің директоры қызметін атқарған.
Ерболи Зықанұлы бір кездері Шыңжаңның Буыршын уезі хатшысының орынбасары және төрағасы, Алтай өлкелік әкімшілік кеңсесі комиссарының орынбасары және Алтай префектуралық комитетінің мүшесі болып қызмет істеген. Енді провинциялар аралық міндеттерін атқарады.
Иранның Бабол медицина ғылымдары университетінің 10 ұстазы әлемдегі ең ықпалды ғалымдардың қатарында - Parstoday
Иранның Бабол медицина ғылымдары университетінің 10 ұстазы ESI (Global Scientometric Index) бойынша жоғары дәрежелі ұстаздардың тізімінде.
Ғылыми дәйексөздер мен сілтемелер бойынша әлем ғалымдарының 1 пайызының қатарына кіретін Иранның Мазандаран облысының университеттерінің 37 зерттеушісінің 10 зерттеушісі Бабол медицина ғылымдары университетінің мүшесі. Бұл туралы Parstoday ақпарат агенттігі жазды.
Атап айтқанда, Карим Эльха Хаджиан, Мехбобе Фарамарзи, Али Бижани, Хади Парсиан, Реза Гади, Арефе Бабазаде, Симин Муоди, Али Ростами, Сохайл Эбрахимпур және Марьям Ғасеми осы университеттің 10 ұстазы әлемнің жоғары сілтеме жасалған ұстаздардың 1 пайызының тізімінде.
Айта кетейік, Бабол медицина ғылымдары университетінде 368 оқытушы және 10 факультет және ғылыми-зерттеу институты бар, оның ішінде Рамсар медицина факультеті, фармация, стоматология, фельдшерлік іс, мейірбике ісі және акушерия, ирандық ем факультеті, автономды кампус қатарлылар бар.
Қазір бұл университетте 4300-ден астам ирандық студент білім алуда.