«Аталмыш нақтылаудың басты міндеті - жыл қорытындысы бойынша болжанатын қосымша түсімдерді және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы күтілетін бюджет қаражатының толық игерілмеуін, экономиканы қосымша ресурстармен қамтамасыз ететін және оң макроэкономикалық әсер беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолымен ұтымды пайдалану болып табылады», - деп түсіндірді ол.
Министрдің сөзінен 790,6 млрд. теңгені құрайтын республикалық бюджеттің тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе 0,2 % төмендейтіні, осылайша, игерілмеудің теріс салдары жоғарыда аталған шаралардың есебінен орны толатыны белгілі болды.
«Өз кезегінде, әкімдіктерге игерілмеу нәтижесінде азайтылатын шығыстардың 2014 жылы қалпына келтірілмейтінін түсіну қажет. Барынша жұмыла жұмыс істеу және көзделген қаражат шегінде қойылған міндеттерді шешу керек», - деген Е. Досаев, ағымдағы жылға арналған әлеуметтік экономикалық даму болжамына енгізіліп отырған негізгі өзгерістерге тоқталып өтті.
Болжам Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің 2012 жылғы Жалпы ішкі өнімнің көлемі бойынша есептік деректері ескеріле отырып түзетілгені алға тартылды. Мәселен, нақтылаудың нәтижесінде болжамды база номиналды мәнінде 128,5 млрд. теңгеге ұлғайтылған көрінеді.
Сондай-ақ, 2013 жылдың тоғыз айы ішінде экономика салаларының дамуында қалыптасқан үрдістерді ескере отырып жасалғаны да ескертілді. Мәселен, тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің кейбір салалары бойынша төмендеу жағына қарай түзету жүргізілгені, көмір мен лигнитті өндіру саласында 4,6 пайыздық тармаққа, қара металлургия саласында - 13,0 пайыздық тармаққа және мұнайды қайта өңдеу саласында - 3,7 пайыздық тармаққа өсу қарқыны төмендегені мәлім болды.
«Болжанып отырған астықтың жоғары шығымына орай ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде болжамды көлемдердің 111,6%-дан 112,2%-ға 0,6 пайыздық тармаққа артуы күтіліп отыр. Tауар нарықтарындағы әлемдік бағаның өзгеруіне байланысты, мұнайдың бір барреліне әлемдік бағаның болжамдық деңгейі 106,3 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Мәселен, алдын ала есептеулер бойынша соңғы 9 айда мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 108,7 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты және мұнайдың бағасы бір барреліне 100 АҚШ доллары деңгейінде сақталған жағдайда 2013 жылдың қорытындысы бойынша орташа жылдық баға бір барреліне 106,3 АҚШ доллары шегінде болады деп күтіледі», - деді министр.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі 2013 жылы Жалпы ішкі өнімнің номиналды көлемі 34 444,3 млрд. теңгені құрайтынын, бұл мамырдағы мақұлданған көрсеткішке қарағанда 153,3 млрд. теңгеге, оның ішінде базаның әсері есебінен 128,4 млрд. теңгеге, Жалпы ішкі өнім дефляторының 107,0%-дан 107,1%-ға дейін 24,9 млрд. теңгеге өсуі әсерінен жоғары болатынын нақтылап айтты.
Сондай-ақ, инфляция бойынша параметрлер бұрын жыл соңына болжанған 6-8% дәлізінде сақталатыны айтылды.
«Сыртқы сауда көрсеткіштерінің болжамы түзетілді. 2013 жылы экспорт көлемі 87 536,7 млн. АҚШ доллары шегінде болса, бірінші кезеңмен салыстырғанда экспорт 12 269,6 млн. АҚШ долларына қысқарады. Импорттың көлемі 2 661,4 млн. АҚШ долларына ұлғайып, 53 834,0 млн. АҚШ долларын құрайтын болады», - деп қосты Е. Досаев.
Сонымен қатар, министр Үкіметтік борышқа қызмет көрсету бойынша жүктемені төмендету мақсатында бюджет тапшылығын 80 млрд. теңгеге (870,6 млрд. теңгеден 790,6 млрд. теңгеге дейін) немесе Жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 %-ға дейін азайту ұсынылатынын атап өтті.
Жалпы шығыстарды азайту 165,8 млрд. теңгені құрайтын болады. Оның ішінде, мемлекеттің міндеттемелерін орындауға байланысты қалыптасқан үнемдеу есебінен 29 млрд. теңге, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде қалыптасқан үнемдеуден 19 млрд. теңге және күтілетін толық игерілмеу 117,8 млрд. теңге болады.
Осындай деректерді келтіріп өткен Е. Досаев қаражаттың бір бөлігі, нақтырақ айтсақ, жалпы сомасы 100,0 млрд. теңге мынадай жобаларға жұмсалатынын тізбектеп өтті.
- «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысына 30,0 млрд. теңге жұмсалады. Бұл Қазақстанның орталық өңірлерінен және Достық станциясында Қазақстанның батыс өңірлеріне және одан әрі Еуропаға жүк тасымалына тікелей жол ашу арқылы тасымалдау қашықтығын 1 200 км қысқартуға мүмкіндік береді;
- Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында экономика салаларын әртараптандыру мәселелерін шешу үшін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайта отырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 30,0 млрд. теңге бөлінеді;
- ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындыққа 20,0 млрд. теңге сомасында қаржы беріледі;
- «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Астана қаласының өкілетті мекемесінің «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның алдындағы міндеттерін орындау үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның алдындағы Астана қаласының апатты жағдайдағы тұрғын үйлерін бұзу жобасын іске асыруға берілген кредиттерді қайтаруға 20,0 млрд. теңге жұмсалатын болады.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасын ағымдағы жылдың 5 қарашасына дейін Парламентке енгізуді тапсырды.
«Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi-мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларына нақтыланған республикалық бюджет бойынша қаулы жобасына қол қоюды тапсырамын. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бiр тәулік iшiнде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлiгiне түзетiлген стратегиялық жоспарларды ұсынулары қажет. Сондай-ақ, Премьер-министр кеңсесiне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлiгiмен бiрлесе отырып, бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасын даярлап, ҚР Парламентi Мәжiлiсiне ағымдағы жылдың 5 қарашасына дейін енгiзудi тапсырамын»,- дедi Үкiмет басшысы.