- Спортты, соның ішінде жеңіл атлетиканы қалай таңдадыңыз?
- Мен параатлетпін. 2016 жылдың күзінен бастап кәсіби түрде спортпен шұғылданамын. Сол кезде Алматы қаласына оқуға түскен едім. Жеңіл атлетика факультеті болды. Бір ғана жеңіл атлетика емес, футбол, жүзу, үстел теннисі секілді спорт түрлерін де меңгердім. Оқуға түскен соң Алматыда қалып, 2024 жылы ғана Ақтөбеге оралдым. Өзім қазір атлетпін әрі жаттықтырушымын. Аз уақыт ішінде жастар, жасөспірімдер арасында чемпиондар тәрбиеледім. 2025 жылы жастар арасында өткен Азия пара ойындарына Аслан Асан барып, бесінші орынды иеленді. Бұрын пара атлеттер арасында туа бітті сал ауруы, арбада отыратындар мен көзі көрмейтін, нашар көретін адамдар ғана жарысқа қатыса алатын. Ал 2025 жылдан бастап интеллектті қосты. Онда ойлау қабілеті төмен балалар, аутистер де қатыса алады.
- Параспортшылар санаты қалай бөлінеді?
- Он екі мүшесі сау адамға талап бір. Ал пара спортта мүгедектігі бар адамның диагнозына қарай түрлі санатқа бөледі. Көз ауруларына қарай 11, 12 және 13 класс қарастырылады.11 класс санатына жататын спортшылардың көзі мүлде көрмейді. Оның жанында гид, яғни сенімді жолбасшы болады. 12 класқа жататын адамдар өзі де, көмекшімен бірге де жүгіре алады. Ал 13 класс спортшысы жарысқа өзі қатысады. Тірек-қозғалысы аппаратының бұзылуы дертіне шалдыққан адамдарда да дәл осылай бөлінеді. Әрқайсысы медициналық тексеруден өтіп, диагнозына қарай санат таңдалады. Мен 13 класс санатында жарысқа түсемін. Ал жаттықтырушы ретінде интеллект, көз және тірек-қозғалысы аппаратының бұзылуы санаттарының пара спортшыларын дайындаймын.
- Қанша баланы жаттықтырып жүрсіз?
- Кәсіби онға жуық спортшы бар. Олар Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүр. Қалада «Қуат» арнайы спорт кешені ашылған соң жеңіл атлетика үйірмесі қосылды. 13-15 жастан бастап жарысқа қатысатын балаларды алдымен фестиваль, түрлі турнирге апарамыз. Жасөспірім шақта жарыстарға барады. Кіші топта 36, ал ересектер тобында 20-дан астам бала жаттығады. 8-18 жас аралығында. Атлеттің аяқ алысы жақсы болса, жарысқа баратын топқа қосамыз.
- Ерекше баланы спортқа қалай бейімдеуге болады?
- Мұнда түрлі ерекше бала келеді. Олар топ ішінде жұмыс істей алмайды, айтқан сөзді ұқпайды. Кейбірі бір орында тұрмайды. Алғашқы күндері жан-жағын қарап, танысып, кейін ғана ортаға бейімделеді, денсаулығын шыңдайды. Әр бала чемпион болмаса да көпшілік ортасында өмір сүруді үйренеді. Тұйық бала ашылады. Ата-аналардың бір тобы қолы босамай, баласын үйде бағады. Ал енді бірі көпшілік арасына шығуға ұялады. Егер олар өзі қатарлы, өзімен тең баламен араласса ашыла түседі. Он баланың бірі кәсіби спортқа бет бұрса, оның өзі үлкен жетістік. Кәсіби пара спортшылар аптасына бес күн жаттығады. Ал зияткерлік даму ерекшелігі бар балалар аптасына бір-екі рет келеді. Жүктемені баланың денсаулығына қарай жаттықтырушы тағайындайды. Бір айта кетерлігі, бұл оңалту орталығы емес, спорт кешені. Мұнда бала спортшы болады.
- Бір баланың келіп, ортаға бейімделуіне қанша уақыт қажет?
- Бәрі де ерекше баланың медициналық диагнозына байланысты. Орта есеппен бір ай, бір жарым айда бейімделеді. Кейбіріне көп уақыт керек.
- Ерекше балалардың, мүгедектігі бар адамдардың спортпен алаңсыз шұғылдануына мүмкіндік бар ма? Кедергі кездесе ме?
- Ең бірінші кедергі – балалар үйде отыруы. Ата-аналардың шығаруға қиналады, шығармайды. Бұрын осы үрдіс жиі кездесетін. Ал қазір оларды қоғамға бейімдеу үшін өзгемен тең дәрежеде жалпы білім ордасында оқытады. Олар ортаға үйренісіп кетсе, жақсы. Келіп, жаттығып, жарысқа барса, ашылады.
- Ерекше балалар жаттықтырушыны қалай қабылдайды?
- Мені жаттықтырушы ретінде қабылдайды. Кейбірі айтқанды түсінбей жатады. Жаттығуды алғашында ата-аналар қарап, бақылап отырады. Ал үйреніскен соң дәлізде күтеді.
- Жоспарыңыз...
- Мен өзім де спортшымын, жүгіремін. Денсаулығым бар шақта ел ішінде де, шетелде де жарысқа барамын. Алдағы уақытта өзім тәрбиелеп жатқан балаларды әлемдік деңгейге шығарып, Азия, Әлем чемпионаттарына, Олимпиадаға әзірлегім келеді.
- Жеңіл атлетке қойылатын талап...
- Желаяқтар шымыр болуы тиіс. Өзім күн сайын жаттығу жасаймын. Күніне 1,5-2 сағатты жаттығуға арнаймын. Жүгіремін, жаттығу залында дайындаламын. Көбі келіп, жүгіре береді деп қате ойлайды. Тіпті қанша шақырым жүгіргенін сұрайды. Бұл қате түсінік. Бірнеше түрлі жаттығу бар. «Жеңіл атлетика – спорт патшайымы» деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрі де жүгіруден басталады. Өзіме ұнайды. Әрі жеңіл атлетикаға икемді болдым, жарысқа жиі қатыстым. Ақтөбеден өзге ірі мегаполистердің спортшылары мықты. Оларда жаттықтырушы білікті, спорт кешендері бар. Мұның бәрі жас спортшыға әсер етеді.
Қаржаубай Тинеев 2017 жылы Қазақстан спартакиадасында 3-орын иеленді. Содан бастап әр жыл сайын ҚР чемпионатында, спартакиадада жүлдегі орындардан көрінді. 2023 жылы Азия пара ойындарында 400 метрге жүгізуден 5-орын иеленді. Қазақстанның абсолютті чемпионы. Былтыр, биыл Дубайда өткен Гран при орындарында 3-орыннан көрінді. Оның шәкірттері Нұрлы Қырымов, Аслан Асан жеңіл атлетикадан ҚР абсолютті чемпиондары.
Бұған дейін Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия-Тынық мұхиты чемпионатының алтын медаль иегері Даниил Щелоков туралы жазылды. Кәсіби маман осы бағытты таңдаған ізбасарларына бірнеше кеңес те берді. Спортшы жүгірмес бұрын алдымен техниканы меңгеруі тиіс. Жаттығуға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне сай бәсекелес табуы керек.