Ерейментау ауданында өнеркәсіп өнімі 5 пайызға артты

КӨКШЕТАУ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 867 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 пайызға артық,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта өнеркәсіп саласында түскен пайданың 51 пайызы ірі және орта кәсіпорындар үлесіне тиесілі. Шағын өндірістік нысандардың үлесі 3,3 пайызды, қосалқы шаруашылықтар 37,3 пайызды, үй шаруашылықтары 8,6 пайызды құрайды. Осы уақытта өткен жылмен салыстырғанда тау-кен өндірісі сол деңгейде қалыптасса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі 24 миллион теңгеге, электр қуатын өндіру мен тасымалдау 6 миллион теңгеге артып отыр. Сондай-ақ  «МуСаИмпэкс», «Он-Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өнім көлемін 2 және 15 есеге арттырған. Инвестициялық жобаны іске асыру бағытында «Қызылту» серіктестігі тәжірибелік-өндірістік кенішті игеру ісін жүзеге асырып отыр. Жылдық қуаты бір миллион текше метр кен өндіретін кәсіпорында екі  миллиард теңге қаржы игеріліп, 30 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.