Ергенеқон дастаны, Неврузие тағамы – Түркияда Наурыз мейрамы қалай тойланады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркия Республикасы Он тоғызыншы мамыр университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Вильдан Онджул Наурыздың Түркиядағы маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркияда «Ергенеқон» дастаны тәуелсіз болу және көктем мерекесі деген ұғым береді. 21 наурыз – Ергенеқоннан шыққан күн ретінде тойланады. Осы дастан бойынша соғыстан жеңілген түріктер Ергенеқон аймағына қоныстанып, сол жерде 400 жыл өмір сүреді. Уақыт өте келе олар қонысқа сыймай кетеді, бірақ келген өткелді ұмытады. Сол себепті темір тауды ерітіп, жол жасауға мәжбүр болады. Таудың бөлігін еріту арқылы олар қақпаны ашып шығады», - деп түсіндірді ғалым елордада өткен «Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды: ізденіс, тұжырымдама, тәжірибе» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында.

Ғалымның айтуынша, Анадолыға көшкеннен кейін де селжұқтар Наурыз мейрамында ойын-сауық ұйымдастырды, арнайы тағамдар әзірледі, сыйлықтар алып, таратқан.

«Османлы кезінде де Наурыз өте жарқын тойланды. Сарайдың бас аспазшысы дайындаған «Неврузие» деп аталатын түрлі дәмдеуіштерден жасалған тағамның бүкіл сарайға, әсіресе Сұлтан мен оның отбасына ұсынылғаны туралы әртүрлі деректерде айтылған. Түркі республикаларында ресми мереке ретінде тойланған Наурыз 1995 жылы Түркия Республикасында да ресми мереке ретінде қабылданды. Бірақ бұл күні бізге демалыс бермейді. Бүкіл Түркия бойынша, яғни әр үйде тойланбайды. Кейбір қалалар мен ауылдық жерлерде арнайы алаңдарда, қаланың сыртында өткізіледі», - деді Вильдан Онджул.

Қазіргі уақытта Осман империясы кезінде жасалған «Неврузие» тағамы «Месир пастасы» атауымен Манисада жасалады.

«41 түрлі дәмдеуіштерден жасалған Месир пастасы үлкен қазандарда пісіріледі. Ол қаланың ең жоғарғы жерінде халыққа таратады. Месир пастасын көбірек жинау үшін адамдар кейде қолшатырды төңкеріп, оны Месир пастасымен толтырады. Үйлерде Наурыз мерекесіне арналған арнайы тағам жоқ. Бірақ қайнатылған және боялған жұмыртқалар көптеген өңірде кездеседі. Дастарханға жасыл пияз да қойылады. Жасыл түс қайта тууды, табиғаттың жандануын білдіреді. Наурыз күні үй-үйді аралаған балаларға боялған жұмыртқалар мен жаңғақтар беріледі», - деді түркиялық ғалым.

Сондай-ақ, Түркияның көптеген қаласында Наурыз мейрамында Ергенеқонды еске алу үшін темірді қыздырып, соғады.

«Ағры қаласында жастар түнде тілек айтып, есіктердің ар жағынан айтылған әңгімені тыңдап, тілектерінің орындалар-орындалмасын жорамалдауға тырысады. Мерсин, Силифке аймағындағы түрікмендер Наурызда ағаштарға жіп байлап, оны «Март жібі» деп атайды, тілек айтады. Наурыз күні жайлауға барады. Қала, ауылдарда, арнайы алаңдарда жастар ойын-сауық ұйымдастырады. Ас таратады, халық әндерін айтады, халай биін билейді. Бұл мерекенің тағы бір атауы – Йорук мерекесі. Йоруктер Наурыз мерекесінде қыс аяқталып, көктем басталады деп сенеді. Йорук әйелдері басына гүл тағып, көктемнің келуін тойлайды. Алаңдарда үлкен от жағылады, оттың үстінен секіріп өткен адамдардан қыстың ауыртпалығы кетіп, шаршағаны басылады деген сенім бар», - деді Вильдан Онджул.

Бұған дейін «ҚазАқпарат» ХАА Өзбекстанда Наурыз мерекесінде жасалатын жөн-жоралғылар туралы жазған еді.