«Президент мырзаның кеше атом энергетикасы туралы ашық айтқаны жақсы болды. Жақында ғана оңтүстік өңірлерде электр қуаты үзіліп, Өзбекстан мен Қырғыз елінде қиындық туындағанын білесіздер. Мұндай ақау келешекте қайталанады. Жылына екі рет, үш рет электр үзілуі мүмкін. Біздегі энергетика жүйесін Балқаштан жоғары және Балқаштан төменгі бөлік деп шартты түрде бөлуге болады. Жоғарғы бөлікте электр энергиясы өте көп болды. Кезінде көмірден қуат алып, оны төменгі бөлікке жіберіп отырдық. Солтүстік өзінің шекті шамасынан артық бере алмайды. Ал Оңтүстікте сұраныс артып отыр. Халық саны көбейіп жатыр, жаңа кәсіпорындар, ауыр өнеркәсіптер іске қосылып жатыр. Сондықтан бізге алдағы екі жылдың ішінде ашық әрі шынайы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек», - дейді сарапшы.
Оның пайымынша, кез келген бастаманың маңайында популистер жүреді.
«Энергетика саласында да сондай. Космомониторингті бес саусағындай білетін адам болуы мүмкін. Бірақ ол энергетиканы түсінбейді. Соған қарамастан, атом энергетикасы саласына пікір айтып, басын сұғып жүреді дегендей. Қазір бізде блогердің бәрі энергетик болып кеткен. Бұл дұрыс емес. Мұның алдында Энергетика министрлігін басқарған адамдар Президент айтқан сияқты мемлекеттің ұстанымын ашып айтпай, сырғытпа жауап беріп жүрді. Н.Ноғаев мәселе 2040 жылға қарай қаралады десе, М.Мырзағалиев мүлде айналып өтуге тырысты. Кешегі М.Мырзағалиев те, бүгінгі Б.Ақшолақов та мұнай саласының мамандары. Министрліктің басшылығына энергетика саласының маманын қоймаса, осылай жүре беретін түрі бар», - деді қоғамдық кеңес мүшесі.
Маман атом энергетикасының төңірегіндегі үрейлерден арылу үшін сауатты түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек деп есептейді.
«Самұрық-Қазына» қорының «Қазақстанның атом электр станциялары» ЖШС деген еншілес ұйымы бар. Солар қазір Ресеймен, Қытаймен және Франциямен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Халықтың есінде Чернобыль мен Фукусимадағы апаттардың зардабы қалған. Сол басты үрей болып отыр. Бұлар сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған реакторлар болғанын түсіндіру керек. Ең алғашқы буындар деуге болады. Ал Президенттің айтып отырғаны ең соңғы «3 » буынының реакторлары. Яғни, бұрынғыдай аспанға кетіп, жарылып жатпайды. Олардың астына «стакан» салынады. «Балқу түбегі» деген болады. Осының арқасында апат қаупі жоқ. Қазір атом станцияларының бағасы қымбаттап кеткен. Бір реактордың өзін 8 млрд доллар деп есептесек, оның жарты ақшасы қауіпсіздігіне кетеді. Мұндай атом энергетикасының тарихында бұрын болмаған. Сол үшін АЭС-тер қымбат. Өйткені қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр», - дейді Еркебұлан Қожмамбетов.
Сондай-ақ ол АЭС салу мәселесі Өзбекстанда да күн тәртібінен шыққанын еске салды.
«Қазір Балқаштың жанындағы Үлкен кентіне екі реактор салуды көздеп отыр. Ертең келіссөздердің түйіні қойылып, құрылыс басталса, халық наразы болуы мүмкін. Сол үшін министрліктер қазірден бастап халықпен жұмыс істеуі керек. Журналистерді Францияға, Ресейге, Қытайға апарып, атом энергетикасының қауіпсіздігі туралы оқыту курстарын ұйымдастыру керек. Олар өз түсінгендерін елге жеткізсе, халық та АЭС салу бастамасының орынды екенін түсінер еді.
Ал қазіргі жолмен кете берсек, жауапты мемлекеттік органдар не халыққа, не журналистерге дұрыс түсіндірмейді де, қайшылық пайда болады. Ал одан елдің энергетика жүйесі зардап шегеді.
Қазір Өзбекстан да АЭС салсақ деген бастаманы талқылап жатыр. Меніңше, олар әріден ойлап отыр. Олар қазір жылына 4-5 млрд текше метр газды электр энергиясын алу үшін жағып отыр. Газ деген – түбі бір сарқылатын қуат көзі. Қашан бітеді деп күтіп отырғанша, қазірден қам жасап жатыр. Іргесіндегі Қытайға газды экспорттап, содан түскен ақшаға АЭС салып, сарқылатын көзден әлдеқайда тұрақты көзге көшуге талпынып жатқан сияқты. Мен олардың талпынысынан осындай мақсат көріп отырмын», - дейді сарапшы.