Еріктілер гуманитарлық орталыққа қона жатып жұмыс істеді – Әлішер Садық

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде ақтөбелік еріктілерге үндеу тастап, бірнеше бағытта жұмыс істеуге шақырған Әлішер Садық бұл шешімнің ең тиімді болғанын айтып берді. Бір кездері бейтаныс адамдар қазір жақынындай қимас жанға айналған. Он жыл ішінде Президенттің алғыс хатын алып, марапатталып, елдің ықыласына бөленіп жүрген метталлург әрі тәжірибелі волонтер Kazinform тілшісіне соңғы он күндегі қиын сәттер жайында айтып берді.

Фото Әлішер Садықтың жеке мұрағатынан

— Су тасқыны басталған кезде Ақтөбе іші абыр-сабыр болып кетті. Осы сәтте еріктілер қалай жұмылды? Жұмыс неден басталды? 

— Су тасқыны басталған кезде әр топ әр жақта күрес жұмысын жүргізді. Көмек көрсетті, жәрдем берді. Ал 29-сәуір күні Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланып, бәрі бір сәтте өзгерді. Сол кезде 10 жылдан астам тәжірибесі бар ерікті ретінде волонтерлар штабын құруды ұсындым. Астана ауданындағы «Анаға тағзым» орталығы мен қаланың ескі бөлігінде орналасқан Жастар ресурстық орталығында гуманитарлық көмек орны ашылды. Мұнда төсек-орын, азық-түлік, қажетті заттар жиналады деп шешім қабылданды. Ендігі кезек сол көмекті жеткізушілерге келді. Сөйтіп автоволонтерлар үшін бөлек чат ашылды. Біздің арамыздан біреуі шығып, соған жауапты болды. Айналдырған 4-5 сағаттың ішінде мыңға жуық адам жиналды.

Альфард клуб, Ларгус клуб, Лада клуб, Кобальт клуб секілді топ жетекшілері қосылып, эвакуацияланған адамдарды, тамақ, қажетті заттар тасуды өз міндетіне алды. Ер балалардың да қол көмегі қажет кез болды. Олар қапқа құм толтырды, жағаны бекіту жұмысын жүргізді. Сонымен бірге басқа өңірден келген жүкті түсіріп, сұрыптауға, тиеуге 4-6 сағатта 600 адам жиналып қалды. Ал қыздар үшін бөлек топ ашу да дұрыс шешім болды. Мұндағы қыздар саны 300-ге жуықтады. Олар эвакуациялық пункттерде жұмыс істеді, сонымен бірге гуманитарлық көмекті сұрыптады. Қыздар бел жазбай жұмыс істеп жүрген әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметі, еріктілерге екі мезгіл тамақ дайындады. Әрі қарай бәрі өз арнасымен еш кедергісіз жүрді. Ортақ чатқа жазамыз, лезде «мен барамын» деп кері байланысқа шығады.

Фото Әлішер Садықтың жеке мұрағатынан

Ал 30 наурыз күні «Жасыл ел» жастар жасағы басшының орынбасары Артур Әзиев екеуміз «Самосвал» тобына кіріп, ағаларымызға өтініш жасадық. Олар 14:00–ден 02:00–ге дейін тегін құм тасып берді. Мекенжайын бізге хабарлағандарға жәрдем бердік. Қала орталығындағы құм толы қапты іргелес жатқан Қурайлы ауылына да жеткіздік. Алғашқы сәттегі осы әдіс біздің нәтижелі жұмыс істеуімізге сеп болды. Күн-түн демей тасымалдап, көмектескендердің, 2-3 сағат қана ұйықтап, сабаққа, жұмысқа барған еріктілеріміздің әрқайсысы көз алдымда. Бәріне алғыс айтамын. 

— Соңғы кезде жан-жаққа шашырап, селсоқ жүрген еріктілер тобының қайта біріккенін, жұмыла жұмыс істегенін көруге болады. Қазір қандай іс атқарылып жатыр?

— Өңірде қайырымдылық, әлеуметтік, ағартушылық, тәрбие бағытында жұмыс істеп жүрген топ көп. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Кейбірі жұмысын жария етпейді. Ал биыл Жастар саясат мәселелері басқармасы қайта ашылды. Енді жұмыс қайта жүйеге түседі деп ойлаймын. Бұған дейін облыстық Ішкі саясат басқармасында бір бөлім ғана осы жұмысты атқарды. Онда волонтерлік саланы дамытуға қаржы да бөлінді. Бірақ іс, жұмыс мардымсыз еді. Түрлі шара, семинар, басқосу жиі, көп ұйымдастырылуы тиіс деп есептеймін бұл саланы дамыту үшін. Ақшасы, табысы жоқ еріктілер, жастар оны өткізе алмайды.

Ал мемлекеттік органның бұған күші де, қаржысы да жетеді. Алдағы уақытта бәрі өзгеріп, еріктілердің дамуына бар жағдай жасалады деп ойлаймын. Ал бұл жолы қиын жағдай бізді біріктірді. Төтенше жағдай кезінде 10 күннен астам уақыт бірге жүріп, бәріміз бір жерден табылдық. Қазір бір үйдің баласындай бір-бірімізді іздеп жүреміз. Тіпті бір күн хабарсыз қалса, «мені неге іздемей жатыр» деп ойлайды. Кейбір жігіттер түнімен жұмыс істеп, гуманитарлық көмек орталықтарына қонып та қалды. Иә, біздің еріктілер гуманитарлық орталыққа қона жатып көмек көрсетті. Бір-бірін мүлде танымайтын автоволонтерлардың да еңбегі ерен. Бейтаныс адамдардың бәрі қазір жақынымдай болып кетті. Жыл басында «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы «Қайырымды қала тұрғындары» деп ұран тастап едік.

Фото Әлішер Садықтың жеке мұрағатынан

Біз Ақтөбе қаласын қайырымды қала ретінде танытқымыз келеді. Ақтөбе дегенде қайырымды қала екенін біліп, көрсе деген арман, мақсат бар. Әр шараны «Қайырымды қала тұрғындарынан» деп жариялап отырамыз. Жұмыс басталып та кетті. Ақпан айында стоматологиялық клиникалар арасында қайырымдылық турнирі ұйымдастырылып, онда 620 мың теңге жиналды. Түркияға емге бара жатқан адамға беріп, жетпей тұрғанын толтырдық. Мұндай мәнді жұмыс жалғасады. 

— Алас-қапас шақта, табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылды еріктілер толық білді ме? Адамдар сіздерден көбіне қандай көмек күтті?

— Негізі еріктілер төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл даярлығынан өтпеді. Барлығы нұсқаумен жұмыс істеді. Ал ең қауіпті деген жерде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүрді. Олар су ортасында жүрсе, біз жағада көмек көрсеттік. Күтіп алу, эвакуациялық пунктке апарумен айналысты бәрі. Негізі төтенше жағдай кезіндегі әрекеттің өз жолы болуы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл жұмыс бірізге түсуі тиіс. Негізі тасқын басталғанда адамдар құтқару қызметін сұрады. 29-наурызда «судың ортасында қалып қойдым, қайық бар ма» деген шақыру түсті. Ал 30 наурызда құм керек, жүк көлігі керек, қапшық керек деген сұрады. Ал одан кейін төсек-орын, киім-кешек қажет болды. Жұмыс кезең-кезеңімен атқарылды. 

— Ерікті болу, үнемі елге қамқор болу үлкен күшпен қатар уақытты талап етеді. Өзің қай жылдан бастап волонтерлар қатарына қосылдың және бұл сенің өміріңді қалай өзгертті?

— Ерікті болып жүргеніме 10 жыл толды. 20 жасқа толар-толмастан бастадым. Бұл салаға уақыт таба білу керек. Сізге ешкім қаржы бөлмейді, ешкім ұйымдастырып бермейді. Барлығына өзің жүріп, жүгіресің. Қаржы табу, жинау жолын іздеп, табу өзіңнің ғана міндетің. Сенің бастамаңды өзгелер қолдап, демеу үшін де бар күшіңді саласың ғой. Кей шараға 12 сағатымызды арнаймыз бір күнде. Түсінген адамға, шынайы қабылдаған адамға үлкен еңбек бұл. Көп нәрсені өзгертті.

Жетілдік, өстік, жан-жақты қабілетімізді ашты. Көшбасшылық, ораторлық қырымыз көрінді. Адамдармен қарым-қатынас жасау, жауапкершілікті мойныңа алуды үйретті. Қазір құрметтейді, сыйлайды, елдің баласы деп төрге шығарады. Мұның барлығы уақыттың, төккен тердің бекер емес екенін білдіреді.