Ерлан Қошанов биыл Парламентте болған маңызды оқиғалар туралы айтты

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады.

- Бүгін біз 2025 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткіздік. Бұл жыл саяси жағынан да, заңнамалық тұрғыдан да оқиғаларға толы болды. Жыл басында ел дамуының стратегиялық бағытын айқындаған, ауқымды саяси реформалардың негізін қалаған маңызды құжат – Мемлекет басшысының тарихи Жолдауының үш жылдығы атап өтілді. Осы айтулы оқиғаға орай біз арнайы бір пленарлық отырыс өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша, еліміздің барлық азаматын ортақ мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру жолында топтасуға шақыратын қарар қабылданды. Сондай-ақ, жыл елдігіміз үшін маңызы зор мерейтойларға толы болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өттік. Ол – тәуелсіздік пен құқықтық тәртіптің іргетасына айналған негізгі заңымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттардың бастамашылығымен Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданды. Ол ізгіліктің символына айналды деуге болады. Еліміздегі 17 мыңға жуық сотталған адам осы рақымшылық талаптарына ілікті, - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Сонымен қатар ол өткен жыл Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігін еске алуға арналған ауқымды іс-шаралар болғанын еске салды. Бұл тарихи оқиға бейбіт күннің бағасын терең ұғындырып, сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың ерен ерлігі мен қайсарлығын тағы да жадымызда жаңғыртты.

- Сонымен бірге, жұртшылықпен тікелей диалог орнатқан бірегей алаң – Ұлттық Құрылтай жиындары жалғасын тапты. Осы орайда Президенттің Бурабайда сөйлеген сөзі бағдарламалық сипатқа ие болды. Ол елдің ішкі саясатын дамытудың стратегиялық бағдарын айқындап берді... 2025 жыл сыртқы саяси белсенділік артып, маңызды халықаралық бастамалар қарқын алған кезеңге айналды. Президент Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайта түсетін басқа да маңызды халықаралық іс-шараларға қатысты. Бұдан бөлек, жыл бойы Мемлекет басшысының стратегиялық маңызды сапарлары мен шетел басшыларының елімізге қарымта сапарлары болды. Президенттің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл Қазақстанның жаһандық диалогтың белсенді және сенімді қатысушысы ретіндегі рөлін тағы бір нақтылай түсті. Сонымен қатар, парламенттік дипломатия да қарқынды дамып жатыр, - деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов осы жыл Парламент Мәжілісі үшін де жемісті болғанын атап өтті. Депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдады. Биыл 100 заң қабылданды, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды.

- Сондай-ақ, еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтадық. Олардың әрқайсысы қоғамда қызу талқыланды. Жекелеген нормалар Парламент қабырғасында, сарапшылар қоғамдастығында жан-жақты пікірталас тудырды, тіпті сын да айтылды. Осы істің нәтижесі ретінде елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне қызмет ететін шешімдер қабылданып, Парламенттің ашық әрі тиімді жұмыс істегенін атап өтуге болады. Негізгі кодекстер бойынша жұмысты аяқтап, біз болашақтың іргесін қалайтын заңнамаға көштік. «Жасанды интеллект туралы» жаңа Заң қабылданды. Қазақстан Еуропалық Одақтан кейін осы салада жеке, арнайы заңы бар екінші юрисдикцияға айналды, - деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Ерлан Қошанов аудан әкімдері үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіту керек екенін айтты.