«Бірден айту керек, қазақстандық әлеуметтің басым бөлігі латын қарпіне көшуді қолдады, бұл орайда қоғамда осы тақырыпта әлеуметтік үндес оптимизм бар. Атап айтқанда, қоғамның прогессивтік бөлігі аталған үдерісті жылдамдатуды талап етуде. Латынға көшу - ол уақыт талабы. Біз 21 ғасырда өмір сүреміз, әлемдегі халықтың 80 пайызы қандай да бір көлемде латынды пайдаланады. Бүгінде инженерлік қадамдар, барлық нақты ғылымдар, инновациялық технологиялар дәл осы латын жазуында жүргізіледі. Яғни ол жоғары технологиялардың әліпбиі болып отыр" дей келе саясаттанушы әліпбидің гуманитарлық қырларын да ұмытпауды еске салады.
Оның айтуынша, латын әліпбиі арқылы Қазақстанға жоғары технологиялар, инновациялар келеді, сондай-ақ инвестициялар ағыны еселеп артуы мүмкін. Өйткені басқа алфавит аясында туындайтын кедергі болмайды. "Латын әліпбиін енгізу экономиканың триггері бола алады, себебі жаңа мамандықтар мен кәсіптер, әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыттары пайда болады. Латын жазуына көшу кезінде қазақ тіліндегі жаңа терминдер мәселесіне қатысты оңтайлы шешімдер болады», - деді Саиров.
Саясаттанушы латын жазуын пайдалану жеңіл екенін айта келе, жаңа әліпбиге көшкеннен кейін әлемнің әрбір түпкірінде стандартты QWERT пернетақтасын пайдалана отырып, кез келген гаджетте қазақша жазуға болатынын атап өтті.
Е. Саировтың пайымынша, латын әліпбиінің арқасында қазақстандық жастарда Интернетте ақпарат алуда, сондай-ақ білім мен ғылым саласында кеңістікті кеңейтуде мүмүкіндіктері арта түседі. Бүгінде барша балалар гаджеттер мен смартфондар мүмкіндігімен латын жазуын емін-еркін пайдалануда. Сондықтан латын әліпбиін енгізу іс жүзінде қалыптасқан үдерісті рәсімдеу болып табылады.