Ерлер денсаулығы: қуықасты безі обырының алдын алуға бола ма

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ер азаматтардың басым бөлігі дәрігерге тек денсаулығы сыр берген кезде ғана жүгінеді. Алайда көптеген дертті ерте анықтау және уақытылы емдеу адамның өмір сүру сапасын жақсартып, өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.

Фото: Алматы әкімдігі

Қуықасты безі обыры бүгінде ер адамдар арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында ғана 2025 жылы бұл диагнозбен 76 адам есепке алынса, 2026 жылдың алғашқы бес айында 39 жаңа жағдай тіркелді. Мамандардың айтуынша, аурудың басты ерекшелігі — бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермеуінде. Сондықтан ерте диагностика мен скринингтің маңызы ерекше.

СҚО онкологиялық орталықтың онкохирургі Ербол Талқамбаевтың айтуынша, қуықасты безі обыры — қуықасты безі тіндерінде пайда болатын қатерлі ісік. Ауырған адамда қатерлі жасушалар көбейіп, уақыт өте келе ағзаның басқа мүшелеріне таралып, метастаз беруі мүмкін.

Қуықасты безі ер адамның ұрпақ өрбіту жүйесінің маңызды бөлігі. Ол ұрық сұйықтығының құрамына кіретін арнайы секрет бөледі. Безде пайда болған қатерлі өзгерістер ұзақ уақыт бойы білінбеуі мүмкін, сондықтан көптеген науқас дәрігерге ауру асқынған кезде ғана жүгінеді.

— Қуықасты безі обырының пайда болуына әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар. 45 жасқа дейінгі ер адамдар өте сирек ауырады. Алайда жас ұлғайған сайын аурудың даму қаупі де арта түседі. Сондай-ақ егер әкесі, ағасы немесе басқа жақын туысы қуықасты безі обырымен ауырған болса, онда бұл аурудың пайда болуы шамамен екі есе жоғарылайды. Дұрыс тамақтанбау да дертке әкелуі мүмкін. Жануарлардың майларын шамадан тыс тұтыну, майлы тағамдар мен жоғары калориялы өнімдерді жиі пайдалану қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады, — дейді Ербол Талқамбаев.

Маманның айтуынша, ауруды ерте кезеңде анықтаудың ең тиімді жолы- скринингтік тексеру. Скрининг барысында простата-спецификалық антигенді (ПСА) анықтау үшін қан алынады. 

— Простата-спецификалық антиген (ПСА) — қуықасты безі жасушалары өндіретін ерекше ақуыз. Оның қандағы деңгейінің жоғарылауы қуықасты безіндегі әртүрлі өзгерістерді көрсетуі мүмкін. ПСА деңгейінің жоғары болуы міндетті түрде қатерлі ісік бар дегенді білдірмейді. Ол простатит кезінде, қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясында да көтерілуі мүмкін, — дейді онкохирург.

Егер талдау нәтижелері күмән туғызса, науқас уролог дәрігердің кеңесіне жіберіледі. Қажет болған жағдайда қуықасты безінің биопсиясы тағайындалуы мүмкін.

— Зерттеу нәтижесі дәл болуы үшін қан аш қарынға тапсырылады. Соңғы тамақ қабылдағаннан кейін кемінде 8 сағат өтуі тиіс. Трансректальды ультрадыбыстық зерттеу, қуықасты безіне массаж жасау, цистоскопия немесе қуықты катетерлеуден кейін қан талдауын жасамас бұрын кемінде 7 күн күту қажет. Қуықасты безінің биопсиясынан кейін кемінде 1 ай өтуі тиіс. Сондай-ақ, қан тапсырмас бұрын 1-2 тәулік ішінде жыныстық қатынастан бас тартқан жөн, — дейді дәрігер.

Елімізде 2013 жылдан бастап қуықасты безі обырын ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Скринингтен 50, 54, 58, 62, 66 жастағы ер адамдар өтеді. Тексеруден тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханада өтуге болады. Скринингке азаматтың нақты туған күні емес, туған жылы негізге алынады.

— Қатерлі ісіктің алдын алуға көмектесетін қарапайым, бірақ тиімді шаралар бар. Ең алдымен дұрыс тамақтану. Жануар майларының мөлшерін азайтып, көкөністер мен жемістердің үлесін көбейту қажет. Майлы тағамдар мен тіскебасарларды, қою қаймақ пен кілегейді, майлы кондитерлік өнімдерді барынша азайтқан жөн. Керісінше, дәрумендерге басымдық беріп, А, С, D және Е дәрумендерін, кальций, селен, каротиноидтарды, фитоэстрогендерді, табиғи антиоксиданттарды рационға қосу керек. Күнделікті ең кемінде 400 грамм көкөніс пен жеміс жеу қажет, — дейді Ербол Талқамбаев.

Маманның айтуынша, спортпен айналысу артық салмақтың алдын алып, жалпы денсаулықты нығайтады және көптеген онкологиялық аурудың даму қаупін төмендетеді.

Бұған дейін жатыр мойны обырынан қалай сақтануға болатынын жазған едік.