деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құжатты қабылдаудағы басты мақсат - Ата заңымызда бекітілген жынысына қарай кемсітушілікке жол бермей, әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін жағдайлар қалыптастыру болып табылады. Осы бағытта құжатта адамдардың жынысына қарамастан әлеуметтік-еңбек қатынастары мен білім және ғылым саласында, мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі басқа да салаларда олардың теңдігіне кепілдік болатын шаралар қамтылып отыр», деді заң бойынша баяндама жасаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динар Нөкетаева.
Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа барынша ықпалдасып, кірігуді сыртқы саясат саласындағы басымдық ретінде белгілегені мәлім. Сонымен бірге, 2000 жылғы Мыңжылдық саммитінде әлемнің көптеген елдерінің көшбасшылары БҰҰ мыңжылдық декларациясын қабылдаған болатын. Онда әйелдер мен еркектердің теңдігіне қолдау көрсету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған. Өз кезегінде Қазақстан әйелдер мен еркектердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында белгілі бір жетістіктерге жетті. Мәселен, 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы Конвенциясына қосылды. Бұдан басқа, БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» конвенцияларын, азаматтық және саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы басқа да халықаралық пактілерді қабылдады. Қазақстан сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі барлығы 60-тан астам халықаралық шарттарға қосылған. Алайда, елімізде мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы гендерлік теңдік пен әріптестік ынтымақтастыққа жағдай жасайтын нормативтік құқықтық акті болмай отыр. Осыған байланысты аталған заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігі туындаған.