Ұлы Отан соғысында ерекше ротаның командирі болған капитан К.Жәңгіровтің өмір жолы туралы оның немересі Марғұлан Нұғманов былайша әңгімелеп берді.
Кенжеғали Жәңгіров бұдан тура 100 жыл бұрын, 1912 жылы 15 наурызда Қаратөбе ауданының Ақкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылы қазақ мектебінің 7 сыныбын бітіргеннен кейін Кенжеғали ауылдағы өндірістік және қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол «Аққозы» шаруашылығында техник хатшы, Қаратөбе байланыс бөлімшесінде қызметші болып жасады. 1936 жылдың басынан 1942 жылға дейін Жымпиты ауданының мәдениет бөлімінде еңбек етті. Осында жүріп Ұлы Отан соғысына аттанды.
Кенжеғали Жәңгіров майдан далаларында нағыз қаһармандық ерліктің үлгілерін көрсетті. Әскери өмірдің алғашқы күндерін Тула, Курск бағытында бастады. 1942 жылдың сәуірінен 1943 жылдың желтоқсанына дейін 1285-атқыштар полкінің құрамында взвод командирі болып алғашқы ұрысқа қатынасып, кейіннен әскери білімін жетілдіріп, кіші командир атағына ие болды. 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап соғыс аяқталғанша ерекше атқыштар ротасының командирі болып, Орталық майданда, одан кейін Брянск майданында жауынгерлерді ерлік пен жеңіс жолына бастады. Ол ерекше ротаға командир болып, талай қиын тапсырмаларды тапқырлықпен орындай білді.
...Бұл 1944 жылдың 20 қаңтарында болған еді. Кеңес Қарулы Күштері бүкіл жауды өз жеріне карай мықтап тықсырып бара жатқан кез болатын. Біздің әскерлер Нарва өзеніне қарай тақап қалған. Арғы жағында дұшпанның мықты бекінісі. Сүйем жер аттасаң - қатерге аяқ басқаның. 1343-атқыштар полкіне Нарва өзенінен өтуге бұйрық берілді. Оның ішінде К.Жәңгіров басқаратын рота өзеннен бірінші болып өтуі тиіс. Бұрын да талай қиын тапсырмаларды орындап, шайқаста шыныққан, оның үстіне дұшпанның айла-тәсілін әбден біліп алған жауынгерлер тіпті жүрексінер емес. Рота солдаттары қару-жарақты сайлап, өтетін шебін белгілеп алды.
Қарсыластар да тек жатқан жоқ. Кеңес әскерлеріне бөгет жасау үшін өзеннің мұзын ойып тастаған. Дегенмен біздің жауынгерлер қапысын тауып, өзеннен аман-есен өтіп алып, дұшпанға тарпа бас салады. Кеңес солдаттарының тегеурінді екпініне төтеп бере алмаған дұшпан әскерлерінің артына қайырылып қарауға да шамасы келмеді. Сол күнгі шайқаста рота олжасыз болмады. 17 жауды жер жастандырып, 8-ін қолға түсірді. Оның ішінде бір унтер офицері бар. Келесі күні ротаның олжасы одан да қомақты болды. Немістің 50 қарақшысын атып түсіріп, бір ұшқышы тұтқынға алынды.
Нарва түбіндегі шайқаста тапсырманы ойдағыдай орындап, фашистердің құрамасын жоюда тактикалық жеңіске ие болғаны үшін рота командирі К.Жәңгіровті қолбасшыға лайық Александр Невский орденімен марапаттады.
Капитан К.Жәңгіровтің майдан даласында жасаған ерліктері туралы 1975 - 2003 жылдар аралығында облыстық, аудандық баспасөз беттерінде облыстық әскери комиссар, Кеңес Одағының Батыры И.Коняхин («Орал өңірі» газеті, 12.04.1975ж., «Қарулас жерлестер» мақаласы; «Приуралье» газеті, 22.05.1984 ж. «Однополчане» мақаласы), журналистер Қ.Хасанов, И.Сердалин, Д.Айтжанов және тағы басқалары жазған бірнеше мақалалар жарық көрген болатын. Кенжеғали Жәңгіров БАҚ өкілдеріне (Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газеті №18, 02.03.1994 жыл.) берген бір сұхбатында былай дейді: «Ерекше рота дегеніміздің өзі айып ротасы ғой, ол рота бұрын сотталған, болмаса соғыс кезінде әр түрлі қылмыс жасаған адамдардан жасақталады. Оларға Отан алдындағы айыптарын жуып-шаю үшін айып ротасына жіберіп, мүмкіндік жасайды. Осылай дей тұрсақ та, олардың көбі нақақтан жазаланып, Отанға қауіп төнген қиын-қыстау кезеңде өздері майданға сұранып келген әр ұлттың патриоттары еді. Олардың арасында Отанға опасыздық жасағандары өте аз болды. Мұны мен өз тәжірибемнен біліп айтып отырмын. Айып ротасы майданның ең ауыр жеріне жіберіледі. Оларға шегінуге рұқсат жоқ. Не болғанда да алға ұмтылып, жан беріп, жан алысатын ұрыста жеңіп шығуың қажет. Олай болмаған жағдайда олардан опасыздық таңбасы алынбайды. Міне, осындай ротаға командир болып, бас қолбасшылықтың бірнеше тапсырмаларын орындауға тура келді. Бір жақсысы, ротаның кіші командирлері өзім сияқты қан майданға пісіп шыққан азаматтар екен. Ротада қанша адам болса, соның әрқайсысының тағдырымен жеке-жеке взводтарда сөйлесіп, танысуға тура келді. Көбі жетім қалып, ұрлық жасаған жастар екен, ішінде ақыл тоқтатқан, сауаттылары да, жоғары білімді «саясилар да» болды. Бәрі де соғыс өнеріне жан сала кірісті. Бәрінің де арманы майданға кіріп, өздеріне таңылған жексұрындық атақтан құтылу еді. Даярлық кезінде бізді таңдандырғаны олардың көпшілігінің аса зерек, алғырлығы болды. Соғыс өнерін тез меңгерді десем, артық айтқандығым емес».
Капитан Жәңгіров басшылық жасаған ерекше ротаның бұдан бұрын да немістің төрт танкісінің күлін көкке ұшырғаны бар болатын. Енді бірде ерекше рота сарбаздарына дұшпаннан "тіл" әкелу тапсырылады. Командир 16 жауынгерді қасына ертіп алып, дұшпанның бекінісін үш күн бойына торыды. Әккі болған дұшпан да оңай алдырсын ба? Ақыры оның да сәтін салды. Жаудың бір полковнигін қолға түсіреді. Жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны үшін рота командирі екінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз және кейіннен бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Орден-медальдардан тыс Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен бірнеше рет алғыстар жарияланған.
Осы майдан даласындағы батысқазақстандық жерлес үш жауынгердің, қаратөбелік Кенжеғали Жәңгіров, сырымдық Сатан Арыстанов және тасқалалық Хайрош Едгиннің кездесулері өте қызық оқиға болды.
Бірде Жлобин қаласының солтүстігіндегі қорғаныс шебінде ротаның окоптарын аралап жүріп, Жәңгіров рота позицияларының арт жағында орналасқан минометчиктерді көреді.Дереу сонда барып, «Командирлеріңді шақырыңдар!» дейді. Жер кепеден сұңғақ бойлы, қара торы, омырауында бірінші дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендері жарқыраған капитан жүгіре шығып, «1343-атқыштар полкінің құрамындағы миномет ротасының командирі капитан Арыстанов!» деп рапорт береді. Сенерін де, сенбесін де білмей, аң-таң болып қалған Кенжеғали «Сатан, сенбісің, әй?» деп жолдасын құшақтай кетті. Тағы бір есте қаларлық кездесу, 1944 жылы маусымның бас кезінде капитан Жәңгіровтің ротасының бақылау пунктіне артиллерия әскерлерінің погонын таққан жас офицер келіп, «76 миллиметрлік зеңбіректер взводының командирі, аға лейтенант Едгин. Сіздің ротаны қолдауға келіп тұрмыз» деп баяндайды. Капитан Кенжеғали Жәңгіровке қазақ жігіті таныс көрінді. Бірақ ол аты-жөнін есіне түсіре алмай, "Қай жерденсің?" деп сұрады. «Батыс Қазақстан облысынанмын, жолдас капитан!» деп жауап берді Х.Едгин. Екеуі шүйіркелесіп әңгімелесе кетті. Сол жерде ол Сатан Арыстановтың да осы батальонда миномет ротасының командирі болып қызмет істейтінін айтып, оны дереу бақылау пунктіне шақыртты.
Сөйтіп, үш қарулас жерлестер майдан шебінде осылай табысты. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанға дейін олар жұбын жазбай, бір полкте жауға қарсы соғысты. Жерлестер Бобруйск, Слуцк, Белосток, Барановичи, Млава қалаларын азат етуге, Кенигсбергте жаудың мықты қорғанын бұзуға қатысты. Туған жерге жеңіспен оралған үш майдандас офицердің достық байланыстары бейбіт өмірде де жалғасын тапты.
К.Жәңгіровтің 1917 жылы туған інісі Мұқан Нұғманов та Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге жеңіспен оралған адам. Мұқан майданға Алматы зооветеринариялық институтын малдәрігерлік мамандығы бойынша аяқтап, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүрген жерінен 1941 жылдың аяғында аттанған. Ол Украина, Молдавия, Белоруссия, Чехословакиядағы майдан жорықтарына қатысып, Румыния, Венгрия елдерін азат ету ұрыстарында болған, бірінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендері, бірнеше медальдармен марапатталған.
Жастайынан алғыр, дене бітімі де шымыр, қайратты болып өскен Кенжеғали Ұлы Отан соғысы аяқталғанда 33 жаста болатын. Соғыстан бейбіт еңбекке оралған К.Жәңгіров Жымпиты, Шыңғырлау аудандарында партия, шаруашылық қызметінде болды. Туған халқының өнерін жоғары ұстаған ол көп жыл Жымпиты, Қаратөбе аудандарында мәдениет саласының жетекшілік қызметінде болып, көптеген өнер адамдарын тәрбиеледі, өзінің бойына біткен дарынын туған халқына арнады.
78 жылдық ғұмырында Кенжақаң ешуақытта төске ұрып, мен батырмын, маған жағдай жасаңдар деп көрген емес. Қан майданда асқан ерлік көрсетсе де, қарапайым еді. Жалғыз ұлы Марат пен өмірлік жұбайы Мәмила әжемізден қатар айырылған қария тағдырдың басқа салғанына мойымай, еңсесін тік ұстай білді.
Ардагер 1989 жылы шілде айында бауыры Мұқанның шаңырағынан бақилыққа аттанды. Марқұмның тума-туысқандарына Мәскеу қаласында орналасқан 48-армия 399-атқыштар дивизиясы ардагерлері кеңесінен келген көңіл айту хатында былай деп айтылған:
«Здравствуй дорогой фронтовик Мукан! Получил твое печальное письмо о смерти нашего однополчанина Кенжегали Нугмановича. Совет ветеранов нашей дивизии выражает Вам, и всем родным, наши сердечные соболезнования по поводу безвременной кончины нашего фронтового товарища командира роты, капитана Жангирова Кенжегали Нугмановича одного из самых смелых командиров 1343 СП 399 СД 48 армии. Пусть земля будет ему пухом. Память о нем останется в наших сердцах. Доброго Вам здоровья. От имени Совета ветеранов Годасс В.О. 10.08.1989 г. г.Москва.»
2012 жылдың 15 наурызында ардагердің туғанына 100 жыл толды. Қаратөбе ауданының орталығында Кенжеғали Жәңгіров атындағы көше бар. Жерлестері оның жасаған жақсы істері мен адамгершілік келбетін жас ұрпаққа үлгі ете бермек.