Ақылы жолдың ашылуына орай бүгін Астанадан шығар тұста орнатылған ақылы жүйенің таныстырылымы болды. Комитет төрағасы З. Сағынов атап көрсеткендей, елордадан Бурабайға дейінгі жол үшін жеңіл автокөлік иелері 200 теңге, яғни 1 шақырымға 1 теңгеден төлейтін болады.
Автобустар орындардың саны қарай 5-10 теңге, ад жүк машиналары салмағына орай 5-20 теңгеге дейін ақы төлейтін болады. Мотоциклдер үшін жол ақысыз болады. Сондай-ақ, құтқару қызметі, жедел жәрдем, құқық қорғау және жол жөндеу техникалары үшін ақы төлеу қарастырылмаған. Елді мекендерде тіркелген автомобильдер 50 пайыздық жеңілдікпен жүре алады.
Астана - Бурабай автобанында ақы төлеудің аралас жүйесі енгізілген. Автокөлік иелері терминал арқылы қолма-қол ақша, банк карталары немесе арнайы транспондерлер арқылы ақы төлей алады. Терминалдардан қайтарым ақшаны беретін арнайы кассеталар бар.
«Жалпы Астана - Бурабай автобаны іске қосылғаннан бері жол-көлік апаттарының саны 4,5 есеге азайды. Ал, адам өлімі 22 есеге қысқарды», - деді З. Сағынов.