Бұл туралы бүгін Қарағандыда өткен отандық тауар өндірушілердің республикалық форумында сөйлеген сөзінде ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев айтты.
«Ертең Үкімет отырысында біз бұл құжаттарды қарауға ұсынамыз», - деді ведомство басшысы. Форумда министр Тұжырымдаманың шағын бөлігін таныстырды.
«Қазақстандық тауарлар үлесін дамыту - мемлекеттің индустриялық саясаты басымдықтарының бірі болып келді және солай қала бермек. Бірқатар себептерге орай ұзақ уақыт біз қазақстандық тауарлар үлесін арттыра алмай келгеніміз жасырын емес. Бүгінде жағдай өзгеріп отыр. Елбасы тапсырмасының арқасында Үкімет бұл орайда үлкен жұмыстар атқарды», - деп атап көрсетті Ә.Исекешев.
Министр бірқатар нақты деректер келтірді: тұтастай алғанда елде отандық тауар өндірушілер ұлттық компаниялармен және жүйе құраушы кәсіпорындармен 680 млрд.-тан астам теңгеге 8 700-ден астам келісім-шарттарға қол қойды. Бұл мемлекеттік келісім-шарттардың басым бөлігі негізінен «Самұрық-Қазына» тарапынан жасалып отыр», - деп түсіндірді. Ә.Исекешев.
«Тұтастай алғанда, бұл үлкен жұмыстың басы ғана деп санаймыз. Жүйелік мәселелерді шешуге тиіспіз, - деді ҚР Индустрия және сауда министрі. - Сондықтан да біз қазақстандық тауарлар үлесін одан әрі арттыру тұжырымдамасын жасадық және оның заңнамалық тәртібі мәселелері пысықталды». Үкіметтің қолға алып отырған іс-қимылдарын үйлестіру үшін барлық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алулар төрт бағытқа бөлінді - олар сатып алуларды жүргізетін мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және жүйе құрушы кәсіпорындар, - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Бұл мәселеге жүйелі тұрғыдан келу үшін тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті есептеудің бірыңғай әдістемесі жасалды, деді Исекешев. «Тұтастай алғанда, біз қазақстандық үлес бірте-бірте ұлғайып отырғанын көріп отырмыз. Алайда отандық тауар өндірушілерден сатып алулардың ең көп үлесі пайдалану, коммуникациялық қызметтер, құрылыс-монтаж жұмыстары болып отыр. Ал қалған топтар бойынша бұл көрсеткіш жоғары емес. Бұл негізінен тауарлар мен қызметтер нарығында қажетті өнімдердің болмауынан, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілігі төмен болуынан болып отыр», - деп атап өтті Индустрия және сауда министрі.
Осыған байланысты, оның айтуынша, Тұжырымдаманың бөлек блогы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдауды мақсатты түрде күшейту мәселелеріне арналды. «Даму» қоры мен «Қазақстанның даму банкі, сондай-ақ лизингілік бағдарламалар арқылы негізгі қорларды жаңартуға және жаңа технологиялар сатып алуға жеңілдікті несиелер көзделген. «Бұдан басқа, инновациялық гранттар енгізіледі - бұл шағын және орта бизнес кәсіпорындарына озат технологияларды игеруге мүмкіндік беретін мемлекет тарапынан жаңа құрал», - деп хабардар етті форум қатысушыларын Ә.Исекешев.
Индустрия және сауда министрі бұл бағдарламалар келес жылдың өзінде жұмыс жасай бастайды деген сенімін білдірді. «Қаржаттар жөнінде әзірге айту ерте. Дегенмен әңгіме келесі жылға осы мақсатқа 100 млрд. теңгедей қаржы бөлу жөнінде болып отыр. Бұл көрсеткіш жыл аяғына қарай белгілі болады», - деді ведомство басшысы, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.