08:12, 10 Сәуір 2009
Ертіс полицейлері суға батып бара жатқан балықшыны құтқарып қалды - Павлодар облысы
ПАВЛОДАР. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысы Ертіс ауданының полицейлері суға батып бара жатқан балықшыны құтқару кезінде көрсеткен ерліктері үшін наградамен марапатталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Полиция аға сержанты Александр Нұрмағамбетов «Ішкі істер министрлігіндегі үздік қызметі үшін» төсбелгісіне лайықты деп табылса, полиция капитаны Сергей Есипов пен полиция капитаны Ренат Рахматуллинге Ішкі істер департаментінің құрмет грамоталары табыс етілді. Сәуір айының басында таңғы сағат 9-дарда « Өзенде адам суға батып бара жатыр» деген хабар алған Ертіс аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобы оқиға орнына аттанады. Олар судағы ойықта әл-дәрмені кетіп, әрең мұзға ілініп тұрған адамды көреді. Тәртіп сақшылары көктемгі жұқа мұздың жарылып кету ықтималдығына қарамастап, тәуекелге бел буып, әлгі азаматты құтқарады. Бір сағат бойы аман қалу үшін мұзды суда арпалысқан балықшы аудандық ауруханаға жеткізіледі. 55 жастағы азамат қазір аман-есен, жұмысына кірісіп те кетті.