Ертіс-Баян фермерлері жеміс дақылдарының бактериялық күйігінен зардап шегіп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Шаруалардың егіс алқаптарында жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен, қызанақ көбелегінен келген шығын 50 мың гектарға дейін жетеді. Қоңыр мәрмәр қандала және т.б. жаңадан пайда болған зиянкестер зор қауіп тудырады.

Фото: Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы

Аграрлық сектордың дамуы және жемістер мен көкөністерге сұраныстың артуы жағдайында зиянкестермен күресу үшін химиялық пестицидтерді интенсивті және бақылаусыз қолдану барған сайын артып келеді. Сонымен қатар жаһандық жылынумен бірге зиянды организмдердің түрлік құрамы да өзгеріп, жаңа аурулар пайда болып жатыр. Павлодар облысының диқандары да осындай мәселелерге тап болып отыр. Жергілікті шаруалар жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен (шығын 50 мың гектарға жетеді), қызанақ көбелегінен, қызанақ жемістерінің мыжылуынан егін шығындарына ұшырауда. Қоңыр мәрмәр қандала және т.б. жаңадан пайда болған зиянкестер қауіп тудырады.

Фото: Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы

Осыған орай, ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мамандары Павлодар облысының фермерлеріне өсімдік ауруымен күресудің заманауи әдістерін қолдануды үйрете бастады. Бұл қауіпті препараттарды қолдануды 60%-ға дейін азайтуға, оларды қауіптілігі төмен заттарға ауыстыруға, ал кейбір кезеңде тыңайтқыштардан толық бас тартуға мүмкіндік береді.

Павлодарда ФАО, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ГЭФ-тің «Орталық Азия мен Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және құрамында ТОЛ бар пестицидтерді жою» жобасы аясында ұйымдастырылған тренинг өткізіліп жатыр. Оған Павлодар облысының фермерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық және облыстық, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдерін қосқанда 30-ға жуық адам қатысуда.

Фото: Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы

Сарапшылар өсімдіктерді кешенді қорғау (IPM) туралы кеңінен баяндады. Бұл қауіпті және карантиндік зиянкестердің таралуын бақылауда ұстауға, экологиялық таза және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және пестицидтерді тұтынуды азайтуға көмектесетін ФАО-ның бірегей құралы. IPM әдістері көптеген елдерде таза топырақты сақтау, биоәртүрлілікті және халықтың денсаулығын қорғау үшін кеңінен қолданылады. IPM тиімділігін көрсету үшін ФАО 2023 жылы Қазақстанда алма бақтарында, қызанақ пен қырыққабатта сынақтар өткізген. Тәжірибе көрсеткендей, пестицидтерді қолданудың айтарлықтай азайғанына қарамастан, пестицидтер ескі әдіспен қолданылған орындармен салыстырғанда жақсы нәтижелерге жеткізген. Сонымен қатар шығындарды көбейтудің қажеті жоқ еді.

Мысалы, кәдімгі тәжірибе бір маусымда 20-дан астам пестицид қолдануды қажет етсе, ал IPM-де - тек 6, яғни экономикалық тиімділігі 80% -дан астам болды. Бұл орайда токсикологиялық бағалау топырақта да, жемістерде де химиялық заттардың іздерінің жоқтығын көрсетті, бұл өскен өнімнің «тазалығын» көрсетеді.

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институты өсімдіктер карантині бөлімінің меңгерушісі Жанна Исинаның сөзінше, әлемнің көптеген елдері өсімдіктерді қорғаудың экологиялық таза технологияларына белсенді түрде көшіп жатқанда, қазіргі уақытта Қазақстанда өсімдіктерді зиянкестерден қорғау тек жоғары улы пестицидтермен өңдеу керек деген стереотип қалыптасқан.

«Бірақ бұл мүлдем қате көзқарас. Топырағымыз бен экологиямызды сақтау, қауіпсіз ауыл шаруашылығын дамыту үшін тыңайтқыштардың мөлшері мен өңдеу мерзімін оңтайландыру қажет. Ерекше қауіпті пестицидтерге балама таңдау да маңызды жайт, бұл қауіптілік класы 3-4 пестицидтерді, биофунгицидтер мен биоинсектицидтерді қолдануды қажет етеді», - дейді ол.

Мамандар пестицидтердің бос контейнерлерін пайдалану мәселесі де аса өзекті дейді. Өкінішке қарай, Қазақстанның көптеген өңірлерінде мұндай қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесі әлі де жоқ. Нәтижесінде пестицидтерге арналған контейнерлер полигондарға түсіп, өртеніп кетеді. Пестицидтердің қалдықтары төгіліп, топырақ пен су қоймаларына сіңіп, қоршаған ортаны ластайды. Шаруалар контейнерлерді күнделікті өмірде, әсіресе азық-түлік мақсатында пайдаланса, одан да қауіпті.

Еске сала кетейік, павлодарлық фермерлер Ресей астығын Қазақстандікі деп Иран мен Ауғанстанға өткізіп келген