Биыл Ертіс өзенінің жайылмалары тіршілік нәріне қаныққанымен, жазғы аптап ыстықтан еліміздегі ең ұзын өзен – Ертістің жағалау тұстары таязданып, балдыр басып бара жатқанын байқауға болады. Ағысы арынды өзенге әдетте мұндай көрініс тән емес. Алайда кеме жүрмейтін өзен қалтарыстары батпақтанып, балдырдан көрінбей тұр.
Тұрғындар мұның соңы экологиялық апатқа әкеле ме деп үрейленеді. Гидролог маман Антон Чашин бұл табиғи процесс екенін, одан ешбір қауіп жоқтығын айтып отыр.
- Бұл биологиялық процесті Ертіс өзенінің тіршілігінен бөліп қарау мүмкін емес. Себебі өзендегі су жануарлары әлемі мен өсімдіктер фаунасы бір-бірімен тығыз байланысты. Рас, биыл өзен жағалауларының таяздана түскенін байқадық. Су өсімдіктері негізінен судың таяз жерлерінде өсіп шығатыны белгілі. Балдырлы өсімдіктер негізінен Ертістің таяз тұстарында, кішкентай сағаларында, қалтарыстарда пайда болған. Бұған негізгі себеп – Ертіс арнасының түбін тереңдету жұмыстарының жүргізілмейтіндігі. Су жолдары кәсіпорнына өзен түбінің тереңдігін қамтамасыз ету міндеті кірмейді. Әлгіндей жұмыстар уақтылы жүргізілмеген соң өзен түбі қайраңданып, ағыспен келетін қалдықтар, топырақ жыныстары таяз тұстардағы шөгінділерді одан сайын биіктете түседі, - деп түсіндірді гидролог.
Балдырдың көбеюі өзен тіршілігіне ешбір қауіп төндірмейді. Тек одан жағымсыз иіс шығып, айналаға тарауы мүмкін. Екінші тұрғыдан, шағын қайықтардың жүзуіне кедергі келтіреді. Балдырлар олардың жүзу құралдарына оралып, қиындық тудырады.
- Егер Ертістің түбін тереңдету жұмыстары тұрақты жүргізілсе, бұл жағымсыз көрініс жойылатыны анық. Ал өзен суының тартылып бара жатқаны туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Ертісте су жеткілікті, - дейді маман.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, Павлодар облысы аумағынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзындығы 720 шақырым. Арнаның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі каскадтармен бөгелген. Өзен бойында технологиясы соған тәуелді ондаған үлкен кәсіпорын, электр стансалары орналасқан.
Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Ертіс өзенінің Павлодар облысындағы деңгейі төмендеп, кейбір тұстағы арнасы тарылып қалғаны байқалған еді. Кейін мамандар өзен деңгейі не себепті төмендегенін түсіндірді.