Есеп комитеті сумен жабдықтау жүйелерін салу мен жаңартуға қатысты 3,2 млрд. теңгенің заң бұзушылықтарын анықтады

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңартуға бөлінген республикалық бюджет қаражаты мен Халықаралық қайта құру және даму банкі берген қарыздарды пайдалану кезінде жалпы сомасы 3,2 млрд. тенгенің заң бұзушылықтарына жол берілген.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады. «Іздестіру жұмыстарының сапасы төмен болғандықтан сумен жабдықтау нысандары құрылысының сметалық құжаттамасына бірнеше рет түзету енгізілгені анықталды. Бұл құрылыс-монтаж жұмыстары құнының қымбаттауына әкеп соққан. Осы ретте жобалау ұйымдарына жобалардың сапасыздығына байланысты талап қою жұмыстары жүргізілмеген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 32 сумен жабдықтау нысаны бойынша жобалар қайта жетілдірілген. Осы орайда құрылыстың сметалық құны 742,2 млн. теңгеге өскен. Бұған қоса, құрылыс барысында сметалық құнды түзетіп, қайта есептеудің салдарынан жаңа смета бойынша қаржыландыру сомасы жетпей қалған. Сол себептен сумен жабдықтау нысандары мерзімінде пайдалануға берілмеген. Мәселен, қайта есептеу жүргізілгеннен кейін Қызылорда облысы Шиелі ауданының 11 елді мекеніндегі ішкі су құбырлары құрылысын аяқтау үшін қосымша 386,2 млн. теңге қажет болып шықты. Алайда бұл сома 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылмаған», делінген баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында магистральды су құбырларының құрылысы мерзімінде аяқталмағандықтан 58 мың адам ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Осыған орай, Есеп комитеті Үкіметке ауыз су қорын нақтылау үшін іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңарту бойынша орындалған жұмыстарға толық түгендеу жүргізу ұсынылады. Есеп комитеті конкурстарды өткізу кезінде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуге қойылатын біліктілік талаптарына жобалау ұйымдарының сай болу қажеттігін атап өтті.