Ешқашан соғыс болмасын - отставкадағы полковник В. Денисюк

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс талай халықтың тағдырын тәлкек етіп, талан-таражға ұшыратты. Сондықтан да фашизммен соғыс - бүкілхалықтық күреске айналды.

Сол үшін де 9 мамыр - халықтар жүрегінде Ұлы Жеңіс күні болып қала бермек. Ал бұл күн Владимир Михайлович Денисюктің өмірінде ерекше орын алады. Ол 4 жасында анасынан айырылып, 8 жасына дейін немістің жас балаларға арналған лагерінде 4 жыл тұтқындықтың азабын тартқан жан. Сол күндер Владимир Михайловичтің әлі де көз алдында...

- Владимир Михайлович! Сізді Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бұл сіз үшін ерекше күн ғой! Әрине, балалық шағыңызды еске алудың ауыр екендігін түсінемін, сонда да болса оқырмандарымыз үшін қысқаша әңгімелеп берсеңіз. Сіз үшін соғыс қалай басталды?

- Соғыс басталғанда әкем Украинаның Ровно дейтін қаласында қызмет істейтін. Үшінші рангалы әскери техник. Біз осы қалада тұрдық. Әкем іссапармен Владимир-Волынскіге кеткен болатын. Сонымен, соғыс басталып кетті.

- Сіздер ол кезде әскери қалашықта тұратын ба едіңіздер?

- Иә. Жау тықсырып келе жатқан соң, қызыләскерлер (ол кезде қызыләскер дейтін) бізді апыл-ғұпыл эшалонға отырғызып, Мәскеуге қарай жөнелтті. Жол бойы жау ұшақтары бізді бомбылаумен болды. Біз сол кәдімгі кинофильмдерде көрсететіндей, бомбылау кезінде пойыздан түсе салып жан-жаққа бытырай қашып, бас сауғалап сай-салаға, ағаштардың түбіне екпеттей жата кететінбіз. Содан кейін ұшақ кеткен соң үсті-басымызды қағынып пойызға қайта мінеміз. Сөйтіп жүріп Смоленскіге жеттік. Мен, анам және інім Гена. Бұл жерге мұздай қаруланған немістер де басып кірді. Қолға түстік. Немістер бірден әй-шайға қарамай өз тәртіптерін орната бастады. Полицайлар тағайындады. Қораларға: «Коммунистер, еврейлер, қызыл командирлердің әйелдері тез арада комендатураға келіп тіркеуге тұрыңыздар» деген хабарламалар ілінді. Бірақ менің анам тіркелуден бас тартты. Өзінің қызыл командирдің әйелі екенін жасырды. Осылайша көппен бірге 1942 жылға дейін тұрып жаттық. Күндердің бір күнінде, қас қылғандай біз тұрған үйге көрші болып Юзек деген полицай келіп тұрды, әйелімен және бір баласымен. Ол менің әкемнің бала кезіндегі және бозбала шағындағы досы болатын! Сол бір күні: «Валя тіркеуге тұрып па едің?» - деп сұрады. Анам ойында ештеңе жоқ: «Жоқ, тұрғаным жоқ»,- деді. Юзек болса: «Жарайды, Валя еш қам жеме, бәрін өзім жайғастырам», - деп жөніне кетті. Содан не керек, көп ұзамай 1942 жылы 2 тамыз күні гестапо біз тұрған үйге баса-көктеп кіріп келді. Мен бұл күнді өле-өлгенше ұмытпаймын. Амал бар ма, біреу жеткізген болса керек. Анам бірден менен бас тартты. Гестапоға: «Бұл менің балам емес», - деп жауап берді. Мен, анамның сол сөзінің арқасында тірі қалған жанмын. Анам еш мойындамай қойды. Содан гестапо анамды алдарына салып алып кетті. Гена анамның қолында кетті. Мен анамды содан қайтып көрген емеспін.

- Соғыстан кейін, есейген шағыңызда анаңызды іздеген боларсыз?

- Әрине, балам. Мен кезінде Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне де жаздым. Жазбаған, іздемеген жерім жоқ. Тіпті мына кейінгі жылдары «Жди меня» бағдарламасына да анам Валентина Николаевна Денисюк жайында талай рет жазғанмын. Кейін осы Алматыда сол бағдарламаның бөлімі ашылды. Оларға да келіп жағдайымды айттым.Бірақ амал қанша, нәтиже жоқ. Үміт оты өшпейді ғой. Көзім жұмылғанша анамды, інімді іздеумен өтемін. Соардың тағдырының қалай болғандығын білсем деймін.

- Анаңызды гестапо алып кеткенде неше жаста едіңіз?

- Бес жасқа қараған шағым.

- Әрі қарай тағдырыңыз қалай болды?

- Смоленскіде Денисюктердің әулеті үлкен еді ғой. Атам, әжем, немере ағаларым, әпкелерім, әкемнің қарындастары барлығы алты адамды немістер жаяу Белоруссияның Орша қаласына айдады. Әкеліп, жан-жағы тікен сымдармен қоршалған жерге әкеп тоғытты. Содан әлі жаз ба, күз бе білмеймін, сол жерден пойызға тиеп Германия жаққа жөнелтті. Есімде, жолда екі рет эшалон минаға түсіп жарылды. Партизандар ғой.

- Содан қай жерге келдіңіздер?

- Біз алдымен жол-жөнекей іріктеу пункттерінен өттік. Немістер енді фашист болса да, өз еліне қандай да бір індеттің тарауынан қорықты ғой. Сондықтан бізді тексерумен, тазалаумен, жуындырумен болды.

- Қалай тамақтандырды?

- Әрине, адам жиіркенетіндей. Сылдыр су мен картоптың бір-екі қабығы. Бар болғаны осы. Содан бізді Германияның Дрезден қаласына алып келді. Осы жерде бізді отрядтарға бөле бастады. Мен туыстарымнан көз жазып қалдым. Мен түскен топ Лейпциг қаласына жөнелтілді. Мұнда авиациялық зауыт болатын. Соның маңына жайғастық. Бұл зауыт әлі де бар. Сонда бір байқағаным, неге екені белгісіз, ұшақтар бомбылағанда зауытты емес үнемі біздің баракты бомбылап кететін. Бірақ көрер күндерім бар екен, сол бомбылаулардан да аман қалдым ғой.

- Лейпцигтегі лагерде қанша бала болды? Сіздер қандай жұмыстарды атқардыңыздар?

- Біздің кішігірім лагерімізде 20 шақты бала болды. Барлығымыз бір жерде, бір баракта тұрдық. Бізді күн сайын барактың алдына шығарып сапқа тұрғызып қойып, немістің тәртібіне үйрететін. «Сендер енді Германияның болашағысыңдар. Ұлы Германияға қызмет етуге тиіссіңдер. Ұлы Германия үшін өмірлеріңді қиюға дайын болыңдар», - деген секілді әңгімелер айтады олар. Қолымызға күрек, қайла, сыпырғы ұстатып аулаларды, алаңдарды, көшелерді, одан қала берді зауыттың аумағын тазарттырады. Неміс тіліне үйретті. Тіпті бізді неміс тіліне үйрететін кішігірім мектеп те ұйымдастырылғаны есімде. 1945 жылға дейін осылай өмір сүрдік. Тамақ өте нашар. Әбден аш құрсақ болып жадап-жүдеп кеткенбіз. Сұйықшалма бір көжелер ғана берілетін.

- Ал Кеңес әскерлерінің Берлинді алғандарын, Жеңіске жеткенімізді қалай естідіңіз?

- Есімде, дәл 2 мамыр күні лагерімізге бір антифашист келді. Шал кісі. Сол: «Жолдас орыстар, бүгін екінші мамыр күні капитуляцияға қол қойылды. Соғыс аяқталды. Сіздер азат етілдіңіздер!» - деді. Осылайша мен, алғашқылардың бірі болып, соғыстың аяқталғандығын естідім.

- Әрі қарай не болды?

- Көп ұзамай бізге кеңестік офицер келді. Погон таққан кеңестік офицерді бірінші рет көруіміз. Ол барлығымыздың жағдайларымызды, қайдан, қалай келгенімізді тәптіштеп сұрады. Содан кейін бізді тамақтандырды. Төрт жыл ішінде қарным тойып тамақ жегенім осы болды. Ал бірер күннен кейін америкалықтар өз көліктерімен біздерді КСРО-ның, дәлірек Польшаның шекарасына жеткізіп салды. Одердегі Франкфурд қаласына келдік. Одан әрі Нейбуздорг дейтін елді мекенге жеттік. Сол жерден отандық «ЗИС-5»дейтін әскери машинамен Ресейға қарай тарттық. Қарт жүргізуші қолыма кішігірім қызыл жалау ұстатып қойды. Мен сол жалауды ұстаған күйі машинаның кабинасында 1400 шақырым жүрдім. Қуанышымда шек жоқ. Содан өзімнің Смоленскіме келдім. Машинадан түсіп, шаршап-шалдығып, қирап кеткен вокзалдың маңында бір топ адам отыр едік, бір уақытта жанымыздан екі қыз жүгіріп өтсе бола ма!? Мына тағдыр дегенді қойсаңшы. Анықтап қарасам, менің немере әпкелеріммен бір мектепте оқыған қыздар. Олар да мені тани кетті. Содан жөн сұраса бастадық. Солардың арқасында нағашы әпкемді тауып алдым. Мені сол кісі асырап алды.

- Әкеңіз ше? Ол кісінің тағдыры қалай болды?

- Әкем соғыстан аман оралды. Ауыр жарақат алған. «Отан соғысы» орденінің иегері. Ол соғыстан кейін Челябідегі танк зауытында танк қабылдап алушы әскери өкіл болып жұмыс істеп жүріпті. Сол арада нағашы әпкем сұрау салып, әкемді табады. Әкем ести сала, 1945 жылдың күзі болса керек, мені іздеп Смоленскіге келді. Үйде шеттей бала шаға. Тоғыз бала құртақандай бір бөлмеде жатамыз. Мен пештің үстінде жатамын. Жасым сегізде. Сол кезде әкемнің бөлмеге кіріп келгені әлі есімде. Әкемді бірінші мен таныдым. Жүрегім жарыла «Әкешім» деп жанұшыра ұмтылғаным, өксігімді баса алмай, әкемді қапсыра құшақтап ұзақ уақыт жылағаным есімде. Бұл сәтті еске алу мен үшін өте ауыр...

- Төрт жыл көрмей, зарығып көрісу, әрине кімнің де болса жанын егілтеді. Әкеңіз сізді кейін өзіне алып кетті ме?

- Иә. Мәскеу арқылы өзіне, Челябіге алып келді. Өгей шешем қарсы алды.

- Өгей шешем?

- Енді 1943 жылы Смоленск қаласы жаудан азат етілген соң әкем отбасын іздейді ғой. Бірақ Мәскеу арқылы оған отбасын немістердің атып тастағаны жөнінде хабар келеді. Әкем қатты қайғырады. Бірақ енді тірі адам тіршілігін қылады ғой. 1944 жылы бір жас қызға үйленіпті. Бірақ енді ол маған қайдан туған анамдай болсын!? Мен оны көп уақыт мама деп айта алмай жүрдім. Айтқым-ақ келеді. Бірақ айта алмаймын. Ешкім көндіре алған жоқ. Содан бір күні көршілерім маған мынадай қулық жасады. Ойымда ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз сабағымды оқып отырғанмын. Бір кезде көрші апай бөлмеге жүгіріп келіп: «Вова! Жүгір тез мамаң шақырып жатыр!» - десе бола ма!? Шайлығып қалған жүрегім дүрсілдеп кетті. Ас бөлмеге жүгіріп кіріп: «Мама, мама! Не болып қалды?» - деппін! Мама деген сөз жүрегімен атылып шықты. Содан... басталды да кетті. Содан бастап өгей анамды мама дейтін болдым. Туған анамдай болып кетті.

- Алматыға қалай келдіңіз?

- Барнауыл қаласында тұратынбыз. Әкем танк дивизиясында рота командирінің техника жағынан орынбасары. Бір күні: «Вова, Алматыға барғың келе ме?» - деп сұрады. Мен: Әрине, алмаға тоятын болдым ғой, - деп қуандым. Содан 1954 жылы Алматыға көшіп келдік. Шагабудинова көшесінде тұрдық. Бірінші қабатта біз, екінші қабатта майор Бондаренконың отбасы тұрды. Оның қызын сонау Барнауыл қаласында пионер лагерінде көргенмін. Кейін қызы Алматыға оқуға түсуге келді. Мен Ташкент танк училищесіне түстім. Ол Қазақ ұлттық университетіне түсті. Содан не керек, 1957 жылы заңды некеге тұрдық. 1958 жылы екеуміз де оқуымызды бітірдк. Содан, менің әскери сығандық өмірім басталды!

- Владимир Михайлович! Осы Ұлы мерекеге орай тілегіңізді білдірсеңіз!

- .....Ешқашанда соғыс болмасын!...(Владимир Михайлович бұдан әрі көзіне жас алып, үнсіз қалды)

- Владимир Михайлович! Уақытыңызды бөліп, өміріңіз туралы әңгімелеп бергеніңізге рахмет! Деніңіз сау болсын!