Есіңе мені алғайсың - Мәдина Ералиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ өнерінің ән әлеміне өзіндік үн қосып, тыңдаушысын тамсандырған, кәусар бұлақтай таза да сыңғыр үніне сырнайдың сырлы дыбысын қосып, алқалы топқа шығып бұлбұлдай сайраған аяулы қызымыз - Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева болатын.

Кешегі Сарыарқаны ән-думанға бөлеген Майра Уәлиқызының әншілік дәстүрін жалғастырған Мәдина Қызылорда облысы Қазалы өңірінің төл перзенті. Бала кезінен көмейіне бұлбұл құс ұя салған әнші қыз осы бір киелі өнердің жолына түсуге әркез құштар-тын.

Әкесі Сармалай мен анасы Дариға Мәдина ән салғанда іштей қуанып отыратын. Мәдина Қызылордадағы педучилищеде оқып жүргенде анасы дүние салады, одан біраз уақыт бұрын әкесінен де көз жазып қалған. Анасының соңғы өсиеті: «Соңыңа ерген жалғыз бауырың Сағираға қамқор, бас-көз бол» деген бірауыз сөзі еді. Тумысынан еті тірі ол тағдырдың салғанына көніп, ерте есейді. Кішкентай Сағираны ертіп, Алматыдағы Жұбанов атындағы өнер мектебіне түсіруге әкелген, жолы болмай сіңлісі оқуға түсе алмады. Сонда Мәдина небары он алты-ақ жаста екен.

Мәдина осы сапарында Алматыда өткен көркемөнерпаздардың өнер бәйгесіне қатысып, Бексұлтан Байкенжиевтің «Ақбаян» әнін айтқан. Содан жүлделі орынға ие болып, ауылға олжалы қайтқан.

Міне, жас әншінің алғашқы қадамы сәтті басталған. Педучилище бітірген соң Мәдина Алматыдағы Қазақтың Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсті. Қызығы мол студенттік шақта Мәдина жас болып елеңдемей, түннің бір уағына дейін институттағы дайындық бөлмесінде көп ізденіп, күйсандықта берілген тапсырма бойынша шығармаларды қайталайтын. Соның нәтижесі болар, зиялы қауым бас қосқан Жазушылар Одағында, Мұхтар Әуезов атындағы мәжіліс залында , сондай-ақ үлкен сахналарда сырнайға қосылып ән салғанда көпшілікті бірден баурап алатын.

1978 жылы Мәдина тұңғыш рет Қазақ теледидарында өткен «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасына қатысып, Бексұлтан Байкенжиевтің «Ақбаян» әнін тамылжыта орындаған. Осындай бас қосқан жиында үлбіреген ақсары қыз жүрек лүпіліне дауыс сыңғырын қосқан шақта тыңдаушы ерекше күйге түсіп, тағы да айтуын өтінетін.

Мәдина бірден өнер жолына түсе қойған жоқ. Ғылым Академиясында ғылыми қызметкер бола жүріп ол зерттеу жұмыстарымен айналысты. Бір күні белгілі жазушы «Мәдениет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы Зәкір Асабаев: «Мәдина, ғылыммен айналысқаның жақсы, бірақ сенің негізгі бағытың әншілік, бәрібір сол жолға түспей көңілің көншімейді» дегені бар. Шындығында да ағамыздың сөзінің жаны бар еді.

Мәдина 1980 жылы алғаш Манап Көкенов қатысқан Республикалық айтыста «Дедімай- ау» әнін айтқанда көпшілік ұзақ қол соғып сахнадан жібермей қойған. Мәдинаның өнерін мойындап, ағалық қамқорлық жасаған ағаларының бірі, өнер иесі Әнуар Бекжанов еді. Ол кісі әншіні Қырғыз жерінде болған ән байқауларына апарып, өзі баянмен сүйемелдеп жас әншінің жолын ашты.

Ал сол кездегі Мәдениет министрі, белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың Мәдинаға деген қамқорлығы ерекше болды. Ол кісі Мәдинаны облыстық филармонияға қабылдап, арнайы «Адырна» ансамблін құрып, сахналық костюмдерінің эскиздеріне дейін өзі қадағалады. Дарынға әрдайым қамқорлық керек. Әншінің репертуар таңдауын әркез қадағалап, халықтың «Толқыма», «Ақбаян», «Айқаракөз», Жамбылдың «Угай-ай», қарақалпақтың «Бибігүл», «Қыз Жібек» операсынан «Толқыма» , Садық Кәрімбаевтың «Жетісу» және тағы басқа әндерді айтуын өтінген де Өзбекәлі ағамыз еді.

Міне, көптен күткен гастрольдік сапарлар басталды. Гүлдей жайнап, бұлбұлдай сайрап Мәдина ел-жұртының алдына шықты, қошемет көрді. Өзінің өнерін дамытты. Алғаш өзін бақытты сезінген сәттері де осы кез еді.

Мәдина: Мысалға, «Айқаракөзді» өзіңіз білесіз. Менен бұрын Торғайдың «Шертер» ансамблі орындаған. Басқа әншілер де орындап жүр. Бірақ олар әнді шебер орындап тыңдаушысына жеткізді ме?!...»- деп ойын аяқтамаған еді тілшіге берген бір сұхбатында.

Жалпы, әншілер қауымына өзінің дауыс мүмкіндігіне қарай ән айтқан дұрыс. Оның ішінде әннің мәтінін таза, сауатты айтса, оған жан-жүрегін қосса тыңдаушысын тәнті етеді. Сөйтіп, Мәдинаның сахнаға шыққан сайын дауысы ашыла түсті. Оның әсем әніне көз тартар әдемілігі қосылғанда ажары ерекше нұрланып кететін.

Мәдина туған-туысқанға, бауырға ерекше қамқорлықпен қарайтын. Әсіресе соңынан ерген жалғыз сіңлісі Сағираға ықыласы ерекше еді.

Өмірден өткен жан жайлы еске алып, сөз қозғау оңай емес. Сонда да болса апайы Мәдина жайлы көзіне ала отырып сіңлісі сөз бастады:

Сағира: Мәдинаның өмірден өткеніне біраз жыл болды. Бірақ маған кеше ғана үйден шығып кеткен сияқты. Көшеде көрген адамдар сұрап жатады, «теледидардан көрсетпей кетті, қашан көрсетер екен?- деп. Мәдина болғанда мен ешкімді іздемеппін. Енді туған-туысқандарды іздеп, жалғызсырағанда сырласып, араласып тұрамын.

Мәдинаның маған жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Үлкен шығармашылық кеші болып, содан түскен ақшаға маған үш бөлмелі үй алып берді. Мәдинаның арқасында Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, одан кейін КазПИ-ді, кейін «Сымбат» сән академиясын бітірдім. Бәріне өзі жетелеп түсіріп аса қамқор, анамдай болып еді, марқұм..»

Мәдина өте балажан еді. Тұла бойы тұңғышы Әрсенді еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Оның жақсы азамат болып өсуіне күш-жігерін жұмсады. Ендігі сөз кезегі Мәдинаның ұлы Әрсенде:

Әрсен: Менің мамам өте еңбекқор, істеген істі аяғына дейін жеткізетін адам болған. Көп нәрсені үйретіп кетті ғой. Маған мамамның айтқан өсиеті «әр іске жауапкершілікпен қара» дейтін. Елден бірінші компьютер алып берді. Мамам мені еркелеткенмен сабақ үйретпейтін. Ол Сағира тәтеме сенетін. Сол кісі үйрететін. Мамам мамандық таңдауды да өз еркіме берді.

Мамам қайтыс болған соң еске алу кешін ұйымдастырдық. СД-і дискіде үнтаспаларын, кітабын шығардық. Біраз жыл бұрын туған жерінде Мәдениет Сарайы ашылды. Соның ішінде «Ақбаян» деген мұражай ашты».

Енді Мәдина жайлы құрбысы журналист Айсұлу Иманбекованың көзі тірісінде айтқан бірер ауыз сыры бар еді:

Айсұлу: Мәдина қай уақытта да өзі қандай әдемі болса, өмірде де сондай әдемі өтті. Мен Мәдинаның көп концертін теледидарға түсірдім. Сонда Мәдина түні бойы монтажға қатысатын. «Самалдан» үш бөлмелі үй алғанда Мәдина ваннадағы кафельді өзі жасап жатыр екен, біз осындай нәзік жанның ерлер атқаратын істі өзі жасап жатқанына қайран қалдық. Ол он саусағынан өнер тамған еңбекқор жан еді.

Адам мәңгілік емес қой, бірақ Мәдина өмірден өтерін біліп жүрді ме, маған: «Сен мен туралы «Сағынып жүрмін» деген мақала жазшы», - деді.

- Жақсы, - дедім. Сөйтіп, «Жас алашқа» мақала бергем. Бір адам жақсы өмір сүрдім десе, Мәдинадай болсын! Ол өзінің өнерімен ел есінде қалды»-деп еді.

Мәдинаның туғанына 60 жыл толуына орай «Евразия» телеарнасынан берілген «Кешкі кездесу» хабарының 2-тамыз күнгі саны дарынды әншінің өмірі мен өнеріне арналды. Жүрек толқытар бұл кеште бала кезден бірге оқыған құрбылары мен өнердегі достар, сонымен қатар ұлы Әрсен мен келіні Жанна ұлдарымен қатысып, жан тебірентер сырларымен бөлісті.

Менің Қазақ радиосында еңбек еткеніме биыл жиырма төрт жыл болыпты. Осы уақыт аралығында Мәдина сынды небір әнші-күйшілерді әуе толқынынан насихаттап, өнерін тыңдармандарға паш еттім.

Мәдина музыка редакциясына жиі келіп тұратын, әркез жарқылдап жүрер оның бізге келгені той десек те болғандай еді. Әңгімеге байытып, әркез көңіл-күйі жоғары болып жүретін қоңырау үнді әншімен талай дыбыс студияларында, сахна сыртында көрісіп, сырласып жүруші едік. Ол маған «сенің дауысың жақсы, неге сахнада көрінбейсің?» деп кездескен сайын сұрап қоятын. Бір күні көкбазарда кездесіп қалып, сол маңдағы бір кафеге отырып ұзақ сырласқанымыз бар. Ол кезде Мәдинаның жастау кезі еді. Әнімен, сәнімен өзіне баурай білетін асыл құрбымыз 1977-1979 жылдар аралығында Қазақ телеарнасынан ұйымдастырған «Алтыбақан» ойын-сауық отауында жиі көрінетін, менің де ән салып бірге алтыбақан тепкен кездерім бар.Мәдинаның сырлас құрбысы Зәурехан Құмарбекова әркез әншінің өнеріне қызығушылықпен қарайтын, соңғы кезде эстрадалық әндерді орындап жүр. Енді дос көңілден шыққан Зәуреханның естелігіне кезек берсек:

Зәурехан: Осы жақында ғана бір апай тойда «мен саған қарап отырып Мәдинаны көргендей болдым. Жүріс-тұрысың, әндерің ұқсайды екен» -дегені...

- Апай, Мәдина аппақ еліктің лағындай еді ғой, -деп едім, ол:

- Аппақ болса аппақ шығар, бірақ ұқсастықтарың көп- дегені...

- Біз бір үйдің баласындай өте тату дос болдық. Мен Мәдинаның сырлас құрбысы болғанымды мақтан тұтамын. Сағынамын, әрине...» - деп көзіне жас алды.

Өмірдің ащы-тұщысын көріп, толған айдай толысып, енді қанатын жайып еркін самғаймын дегенде мезгілсіз дүниеден өткен Мәдинаның қасіреті исі қазақты қатты тебірентіп кетті.

Қазақтың Мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясында қоштасуға келген адамда шек болған жоқ. Ағыл-тегіл жылаған халық легі төрт сағатқа созылды.

Ән еркесі Ақбаянды ақтық сапарға аттандырар шақта қыстың алғашқы ақ ұлпалары аямай себелеп тұрған. Ақ дүниенің алтын күні де нұрын төгіп, аяулы қызбен қоштасып тұрғандай еді....

Күрең күзбен қоштасқан Мұқағали барған Кеңсай қорымына Мәдина Ералиевамен қоштасқан қаралы көш үнсіз жылжыды. Халқымыздың сүйікті әншісі жарық дүниемен қоштасты.

Артында өнеріне тәнті халқы, асқақтаған сазды да назды әні, Сағирасы, Әрсені қалды. Енді, міне, көктемгі шыққан жауқазындай жаңа өмір басталды. Мәдинаның Әрсені үйленіп, Жанна есімді келін ақ босағаны аттады. Көп ұзамай немерелер де көбейе бастады. Орны бар оңалар деген осы да.

Халықтың сүйікті әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның торқалы тойы республика көлемінде тойланатыны сөзсіз.

Алтын Иманбаева,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі