ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі сатумен айналысқан қос тұрғынды айыпты деп таныды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 23 және 27 жасар екі жігіт баю мақсатында алдын ала сөз байласып, есірткі сатқан. Оны сіріңке қораптарына салып, сақтаған. Тергеу органдары олардың үш рет марихуана сатқанын анықтаған. Барлығы 364 грамм марихуана өткізгені белгілі болды.
Сот оларды ҚР ҚК 259-бабы 3-бөлімі бойынша айыпты деп танып, әрқайсысын мүлкін тәркілеумен бірге қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеуге 10 жылға соттады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).