БҚО-да өткен есірткімен күреске бағытталған жиыннан соң 50-ден астам тергеп-тексеру басталды

АСТАНА. KAZINFORM – БҚО-да өткен есірткімен күреске бағытталған Үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін елімізде 50-ден астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 4 фитолаборатория анықталды.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Жиын барысында құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшыларына нақты нұсқаулар берілді, олар бүгіннің өзінде оң нәтиже көрсетуде.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен 1 желтоқсанда Алматы облысында орналасқан есірткі зертханасы анықталды. Есірткі заттары мен оларды өндіруге арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.

23 қарашада Қостанай облысынан есірткі сатуға келген тұлғалар ұсталды.

Ақтөбе облысында есірткі саудасының арнасы тоқтатылды.

- «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында 350-ден астам есірткі жарнамасы жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және күнделікті бақылауда – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 қазанда Батыс Қазақстан облысының прокуратурасымен есірткіге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Осыған дейін жазғанымыздай, Жетісу облысында жыл басынан бері 692 келі есірткі тәркіленген.